Маңғыстаулық 64 жастағы Рәббір Борашев Ақтаудан Парижге дейін велосипедпен барды. Жұбайымен бірге қызық сапарға шыққан оны Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің өкілдері күтіп алып, құрмет көрсетті деп хабарлайды Alash.KZ.
Париждегі Триумф арка алдында салтанатты кездесу өтіп, Қазақстаннан жолға шыққан жиһанкез отбасын арнайы күтіп алу рәсімі өткен. Борашев өзінің бұл саяхатын мамыр айында бастап, 25 шілде күні Олимпиада ойындары қарсаңында Парижге жетіп үлгерді.
Бұл кездесуге Францияда тұратын қазақтар, Қазақстаннан келген туристер мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Рәсім барысында Қазақстанның Франциядағы төтенше және өкілетті Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова мен Парижде жүрген туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев қарсы алу шарасына арнайы қатысқан.
Өз кезегінде зейнеткер 5 мың шақырымды бағындырған. Ол теңіз арқылы Бакуге жетіп, одан әрі Тбилиси-Анкара-София-Белград-Будапешт-Вена-Мюнхен-Париж арқылы жүріп өтті.
Рәббім Борашев қазақстандық спортшыларды қолдау мақсатында халықаралық спорттық іс-шара кезінде Парижге бару туралы өзінің көптен бергі арманын орындағанын айтады.
Айта кететін жайт, Маңғыстау облысының тұрғыны 2021 жылы Бейнеу ауданынан Астанаға дейін велосипедпен барған болатын.