Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Ақтоғай менің жүрегімде" - Ә.Бөкейханның немересі Евгенийдің туған жерге деген сағынышы...

21:15, 03 наурыз 2024 1510

Ұлт көсемінің рухын арқалаған Евгений Бөкейханов 1992 жылы тарихи отанына аяқ басқанда:

«Мен Ақтоғай деген елді, жерді бұрын естіген де, көрген де емеспін. Атамның әруағының арқасында қадірлі мекеннің суын ішіп, дәмін таттым. Ақтоғайға келіп бүкіл қазақ халқының қонақжайлылығын, ұлылығын, еңбекшілдігін, ұйымшылдығын көрдім. Менің де бойымда қазақтың қаны бар. Сол арқылы Ақтоғай менің жүрегімде мәңгілік орнығып қалатын болды», - деп тебірене сөйлепті (С.Аққұлұлы). Мәскеуге қайтып оралған соң да көп уақыт бойы алай-дүлей сезім құшағындағы ой аясында болады: «Көрген, сезген жайлар көз алдымнан кетпей қойды. Оны дос-жораларға ауызша айтып та жүрдім. Бәрібір, көкірегімді бір тәтті сағыныш, шырын сезім қытықтай берді. Даңғайыр дала, дархан туыстарым жайында ақыр соңында өлең жазуға отырдым. Бұл өлеңдерде әлгі көргенім мен сезгенім, бабалар мекені, менің ұлы атамның тағдыр-талайы, ғасырлар қойнауынан бүгінге жеткен үн, менің ағайын-туыстарымның бүгінгі тіршілік-харекеті... болса дедім. Жергілікті халық менің атам Әлихан туған аймақты Сарыарқа деп атайды екен. Осы атаудың өзінде де ғажайып сыр, ғаламат әуен бар сияқты», - деп толғаныпты.

Иә, қаракөктің тұқымының өзегіне далаға деген ұлы сағыныш ыстық аптап болып басылыпты. Ұлы атасының рухына, ата мекеніне, туыс-бауырларына арналған мына өлең ұрпақ сағынышын да жеткізеді:

ҚЫРДАҒЫ КЕЗДЕСУ

Апай төс қар жамылған,

Баурайында - ауылдар.

Сол бір таудың ар жағында,

Ағайын бар, бауыр бар.

Бұл даламен Батый өткен,

Шыңғыс та өткен айбарлы.

Ақын өткен, батыр өткен,

Ақиықты, айбарлы.

Шексіз дала қасиетті,

Ғасырлардың көшінде.

Ұлы баба өсиеті -

Ұрпағының есінде.

Ата-баба атырабын,

Қалай көрмей шыдармын!

Мен де бір тал жапырағы,

Дала деген шынардың.

Қолын бұлғап бозаң қырда,

Түсіме енді қаншама ол.

Бүгін менің көз алдымда -

Сол бір дала аңсаған.

Арқалаған заман жүгін,

Тағдыр жолы - тарамыс.

Мына адамдар маған бүгін,

Әрі жақын, әрі алыс.

Тілім менің күрмеледі,

Дірілдейді үнім де.

Айтпақ болсам бірдеңені,

Кешегіден бүгінге.

Гүлі оралып балағыма,

Лүп-лүп соғып жүрегі.

Жүрген сайын дала мына,

Құшағыма кіреді.

Көркіне оның тіл жетер ме,

Кім болжайды өлшемін?!

Бар ғой, бар ғой бұл мекенде,

Менің де бір бөлшегім!

                              Мәскеу, тамыз, 1992 жыл. (Аударған И.Сапарбай).

Иә, ол да - Евгений Бөкейханов та ұлы даланың ұлы бөлшегінің бірі! Әлихан Бөкейхановтың рухына арналған мұндай махаббат пен сағынышқа толы толғауды ол туралы кітапқа енгізбеу де қиянат. Өйткені бұл оның ұрпағының, туған немересінің оның белгісіз қабіріне салған бір уыс топырағы.

Дереккөз: Тұрсын Жұртбай, "Ұраным - Алаш!..." Бірінші кітап.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар