Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Астанада тегін донер алу үшін 4000-нан астам адам жиналып, салдарынан қала көшелеріндегі қозғалыс бұзылды

14:08, 26 қыркүйек 2024 687

Астанада блогер Олжасхан (Олжас Қайрат) кафенің ашылуына орай «1000 донер тегін таратылады» деген жарнама жасаған. Нәтижесінде тегін дүниеден тарту алмақ болған   адам саны 4 мыңнан асып кеткен деп хабарлайды  Alash.kz ұлттық порталы.

Azattyq Rýhy порталының жазуынша, ашылуға адам көп жиналғандықтан, оқиғаны реттеуге тәртіп сақшылары барған.

Себебі, жиналған жұрттың көптігіне байланысты, 4 көшедегі қозғалыс шектелген. Блогердің жарнамасына жиналған адамдарға донер емес, талон таратылған. Кейін блогердің өзі оқырманын кешірім сұрады.

«Осылай болып кетеді деп ойламадық. Бұл жоспардан тыс болды. Мен үшін келгендіктен, барлығына шығып суретке түскім келді. Алайда, маған рұқсат бермеді. Кешірім сұраймын», - деді Олжас Қайрат.

Болған жағдайға қатысты полиция департаменті де түсініктеме берді.

«25 қыркүйекте мекеменің ашылуы мен донерге жеңілдікпен талон тарату кезінде көп адам жиналды. Есіл ауданының полициясы мен әкімдік қызметкерлері жағдайды реттеу және қысымның алдын алу үшін тиісті шаралар қабылдады. Полиция қызметкерлері ұйымдастырушылардың тұлғасын анықтап, жеке кәсіп иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлады Астана қаласының полиция департаменті.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?