Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Бектенов: Қоқысты таудай қылып үйіп қою үйреншікті жағдайға айналды

11:38, 12 наурыз 2024 448

Бүгін Үкімет отырысында Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеуді айтарлықтай арттырудың маңызы талқыланды.

ҚР Экология министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, осы кезге дейін 1 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар сұрыпталды және қайта өңделді.

«2023 жылы елімізде 4,1 млн тоннаға жуық коммуналдық қалдықтар түзілген. Оның 1 млн тоннасы сұрыпталып, қайта өңделді. Қоқысты шығару қызметімен еліміздің 80%-ға жуық халқы тұратын қалалар мен ірі елді мекендер қамтамасыз етілген. Коммуналдық қалдықтардың морфологиялық құрамы шамамен 70% пайдалы фракциялардан тұрады, атап айтқанда 16% пластик, 11% макулатура, 9% шыны, 37% органикалық қалдықтар, 27% тағы басқалары», – деді Экология министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды жеңілдетілген қаржыландыруға 200 млрд теңге бөлінген.

«Үкімет қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру тетігін бекітті. Оның ішінде қоқыс шығаратын көліктерді, сұрыптау желілерін және қайта өңдеу қуаттарын сатып алу бар. Қаржыландыру Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 3 жылдан 15 жылға дейінгі қарыз беру мерзімін және 3%-дық сыйақы мөлшерлемесін қарастырады. Бөлінетін қаражаттың жалпы мөлшері 3 жылға шамамен 200 млрд теңгені құрайды», – деді экология және табиғи ресурстар министрі Е.Нысанбаев.

ҚР Экология министрлігінің басшысы қалдықтарды қайта өңдеу жобаларына тоқталды.

«Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жанынан құрылған жобалық топ 232,2 млрд теңгені құрайтын 94 жобаны іріктеп алды. Жобаларды жүзеге асыру жол төсемдері, люктер, қоқыс жәшіктері, шыны ыдыстар, стрейч пленкалар, көлік бамперлері және басқа да халық тұтынатын тауарлар сияқты дайын өнімдерді шығаруды жолға қояды. Өңірлермен қуаттылығы жылына 3 млн тоннадан астам сұрыптау желілерін салу және жаңғырту бойынша 49,2 млрд теңгеден астам 21 жоба әзірленді, оның 10 млрд теңгеге жуығы жеке инвестициялар», – деді ЭТРМ басшысы.

Олжас Бектенов Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеуді айтарлықтай арттырудың маңызын айтты.

«Осындай жобаларды іске асыру кезінде кәсіпорындарды экономикалық жағынан ынталандырудың тиімді тетіктері енгізілуі қажет. Оның үстіне, коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу мен сұрыптау жобалары 15 жылға 3% жеңілдікті мөлшерлемемен Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы қаржыландырылатын болады», – деді Премьер-Министр.

 ҚР Премьер-Министрі коммуналдық қалдықтарды басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыру қажеттігі туралы баяндады.

«Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, дамыған елдер тұрмыстық қалдықтарды қайтадан өңдеп, барынша кәдеге жаратуда. Ал, бізде қарапайым сөзбен айтқанда, жиналған қоқысты жерге көме салу, тіпті, болмаса таудай қылып үйіп қою үйреншікті жағдайға айналды. Бұл елді-мекендердің көркін бұзумен қатар, ешқандай санитариялық, экологиялық нормаларға сай келмейді», – деді Олжас Бектенов.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар