Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Белгілі бір спортшылар ғана барады": Сәрсекбаев бокстағы кемшіліктерді жайып салды

19:35, 23 тамыз 2024 607

2008 жылы Бейжің олимпиадасында 69 келіде атой салған Бақыт Сәрсекбаев отандық бокстағы бірқатар түйткілдерді көтеріп жүргеніне біраз болды, деп хабарлайды Alash.KZ.

Дегенмен сол мәселелердің шешілмеуі бокстың құлдырауына әсер еткен секілді.

Ол «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында өңірлерлерде де бұл жекпе-жек түрінің дамығанына ешкім мүдделі емес, себебі көпшіліктің көңілі қалған. Оның айтуынша, өзара бәсекелестіктің төмендеуіне де осы жайт әсер етіп отыр.

«Федерация тарапынан дұрыс жұмыс жүргізілмейді. Қалыптасқан жақсы бір жүйе, ортақ мақсат жоқ. Ұлттық құраманың бапкерлер құрамы нашар. Облыстық ұйымдар қол қусырып отыр. Ешкім ешнәрсеге бас қатырғысы келмейді. Бұл саланың бұрынғы басшылығы тұсында әр өңірдің федерациясы бір-бірімен жарыса жұмыс істеп, нәтиже шығаруға талпынатын еді. Әрқайсының өз демеушілері болатын. Жаттықтырушылар лайықты жалақы алып, боксшыларды ынталандыру жағы да назардан тыс қалмайтын. Қазіргі жағдай мүлдем басқа. Көптеген облыстан тегеурінді былғары қолғап шеберлері шықпай жатыр. Кейбір жерлердегі жағдай тіптен мүшкіл. Жергілікті федерациялардың да көп нәрседен көңілдері қалғанға ұқсайды. Себебі ұлттық командада бәсекелестік жоқ. Өздеріңіз байқасаңыздар, байрақты бәсе­келерге үнемі белгілі бір спортшылар ғана барады. Сол санаулы ғана боксшыны әр жарысқа тықпалай береміз. Оның қажеті бар ма, жоқ па, оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Ал шынайы бәсекелестік болмаған жағдайда көрсеткіштің де құлдырайтыны белгілі», - деді ол.

Танымал боксшы әбден құлдыраған деңгейді көтеру үшін енді бірнеше олимпиадалық цикл керек деп отыр. Бірақ ол үшін бокс өнеріне шын жаны ашитын адамдар қажет екенін алға тартады.

«Қазақ боксына түбегейлі реформа қажет. Бұған дейінгі бапкерлер тарапынан кеткен олқылықтың орнын толтырып, қайта қалпына келтіру үшін кемінде екі олимпиадалық цикл керек-ау. Бірінші кезекте бізге қарақан басының ғана қамын ойлайтындар емес, осы өнерге шын жаны ашитын патриоттар, өз ісінің нағыз білгірлері мен кәсіби мамандар қажет. Сонда ғана қазақ боксының екінші тынысы ашылып, ол әлемдегі үздік командалардың қатарына қайта қосылады. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін біраз уақыт керек», - дейді Бақыт Сәрсекбаев.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар