Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Берікбол Кәрібаевтың артында кім тұр?": Журналист әкесінің жоғалған 100 жылқысының ізін тапқан, бірақ...

18:53, 12 тамыз 2024 1067

Белгілі ақын, журналист Танакөз Толқынқызы әкесінің жоғалған 100 жылқысын іздеп әлеуметтік желіде көпшіліктен көмек сұрады, деп хабарлайды Alash.KZ.

Ақын қыз ұрыларды тауып, заң бойынша жазалау үшін, проблеманы шешу үшін барлық телеарналардағы, газет-журналдардағы, сайттардағы және басқа да  ақпарат көздерін ұстап отырған немесе жұмыс істеп жүрген журналист әріптестерімнен көмек сұрайды. Бұл жайында ол әлеуметтік желіде ашық жазды.

Аса ірі көлемде жасалған «ғасыр» қылмысын әшкерелеуге жәрдем беріңіздер!, - деді Танакөз Толқынқызы.

БЕРІКБОЛ КӘРІБАЕВ ДЕГЕН КІМ?

Ол Берікбол Кәрібаев деген азаматтың 100 жылқының жоғалуына қатысы болуы мүмкін екенін айтады.

100 жылқыны асай салған Берікбол Кәрібаев аса ірі көлемдегі мал санын жоқ қыларда кімге сенді, кімге арқа сүйеді?-деген сұрақ туады, - деді ол осы адамды нұсқап.

Сонымен бірге, ол тәуелсіз журналист ретінде тағы мына нәрсеге назар аударып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, жұтта қырылып қалды деген жылқылардың он шақтысы ауыл адамдарының қорасынан шыққан. Кімнің үйінен табылғанының тізімі бар. Бес үйден табылған.

Кеше алтыншы үйден тағы екі жылқы табылған. Шүленбай жайлауында алты жылқының да жайылып жүргенін ауыл адамдары көрген. Бірақ тергеушілер соларды іздеп барып, акт толтырып, тексеру жұмыстарын жасауға бармай қойған.

Осы жерде ол тергеушілердің жоғалған малды тексеруден бас тартып отырғанын, қылмысты ашудан қашқақтап жатқан құқық органы ұызметкерінің аты-жөнін жақсы білетінін айтты.

ПОЛИЦИЯМЕН АУЫЗ ЖАЛАСЫП АЛҒАН

Содан кейін ол жоғалған жылқыларға қатысты тағы мынадай мәлімет берді, деп жазды Ulysmedia.kz. Оның айтуынша, біріншіден, ауыл адамдары Берікбол Кәрібаев пен ауылдың бұрынғы полиция қызметкерінен жоғалған жылқыларды сатып алған.

Екіншіден, малды сатып алған бес адамның біреуі қазір Жаңаарқа ауданында сотта істейді. Ол әкесінің таңбаларын жақсы біледі. Ауылда шырылдап жоғалған 100 жылқысын іздеп жүргенін де біліп отыр. Бірақ үндемей сатып алдық деп, ол жылқыларды қорасында ұстап отырған. Оның да аты-жөні белгілі.

Үшіншіден, Кәрібаев Берікболдың әйелі Ғалияның апайының күйеуі осы істі тексеріп жатқан Жаңаарқа ауданының аға тергеушісі.

ӘКЕМНІҢ МАЛЫН ҚОРАСЫНДА ҰСТАП ОТЫР

Осы ретте журналист қылмыстың артында ұйымдасқан үлкен қылмыстық топ жатқан жоқ па деген сауал қояды.

Біздің істің ақ-қарасын тексереді деп жүрген сотымыздың бірі әкемнің жылқысын қорасында ұстап отыр. Бірі аға тергеушінің рөлінде бажасының ұрлығын өте «әділетті» және «қара қылды қақ жарып» тексерген болып жүр.

Тергеу амалдарын аса ірі көлемдегі қылмыстық істің «ұрлады», «алаяқтық жасады» деген күдікпен жауапқа тартылған жылқышының туысқаны жүргізгені қаншалықты әділетті және шынайы болады?, – деді ол.

ТЕРГЕУШІ ІСТІ ЖҮРГІЗУДЕН БАС ТАРТЫП ЖҮР

Тергеушілер ауылдан табылған тағы 8 жылқыға акт толтыруға, тіркеуге, видео-сурет айғақтарын жасауға бармай қойған. Бірақ Астанада отырған мені, яғни тәуелсіз журналист Танакөз Толқынқызын тергегісі келетін көрінеді.

Меніңше, аса ірі көлемдегі қылмыс мәселесін көтеріп, қоғамға ақпарат таратып, кәсіби мамандығымен айналысып жатқан журналисті емес ұрлық жасаған қылмыскер мен біздің малымызды қорасы мен жайлауында ұстап отырған адамдарды тергеуі, тексеруі керек деп есептеймін, - деді журналист.

Ол сөз соңында 100 млн теңгеге бағаланған 100 жылқыны қылғыта салған Берікбол Кәрібаевтың әлі қамауға да алынбағанын айтты.

Берікбол Кәрібаевтың артында кім тұр? 100 жылқыны ол біреумен бөлісті ме?

Біреуге қылмысын жасырып-жаптыру үшін «ауызбастырық» берді ме? Жоқ енді бере ме?

Осының бәрін анықтау, қоғамға нақты және объективті ақпарат беру сіздердің еншілеріңізде, құрметті журналистер мен БАҚ өкілдері, - деп осы істің ақ-қарасын ашып алу үшін БАҚ өкілдерінен көмек сұрайтынын жасырмады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар