Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Біз Бөкейхановпен еркін сөйлесе алмаймыз. Оның мысы басып тұрады»

21:56, 08 наурыз 2024 391

Алаштанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай Әлихан Бөкейханның тергеудегі жауабы туралы былай дейді:

Әлихан Бөкейхановтың жауабы қысқа да нұсқа. Ойын шымырлата қорытып: «Маған «Алашорданы» білесіз бе, - деп сұрақ қойма. Мен - «Алаш» партиясы мен «Алашорда» кеңесінің төрағасымын, «Алашорда» үкіметінің төрағасымын. Сондықтан да оның іс-әрекетіне толық жауап беремін. Ал «Алашорда» Кеңес өкіметін мойындап, оның бұрынғы іс-әрекеті үшін ешкім де, ешқашанда жауапқа тартылмайтыны туралы Ленин қол қойған келісімнен кейін, ол үкімет тарихтан кетті. Егер де Лениннің қолы оның өзі өлген соң жүрмей қалса, онда үшінші адам болып Сталин қол қойған. Ол келісім күшін жойған жоқ. Жойса, келісім бойынша, маған хабарлар еді. Мен Сталиннен ондай хат алғам жоқ. Әлде сендер оны мойындамайсыңдар ма? Онда маған жазбаша жазып беріңдер. Ал жазбасаңдар, демек, ол келісім күшінде, одан да келесі сұрағыңа көш»,- деген мазмұнда жауап берген.

Бұл кісінің мысы қашанда басым тұратынын көрген жанның бәрі (Әлкей Марғұлан, Қалижан Бекхожин, Ғалым Ахмедов, Мариям Мұқанова, Валентина Николаевна Әуезова) айтып еді. Тіпті тұтқындауға келген «жандыаларлар» да оны басына алмапты. Бұған Лиза Әлиханқызы Бөкейханованың: «Әкемді ұстауға сауылдап кіріп келген тергеушілерді көргенде саспастан: «Лиза, шай қой. Қонақтар келді. Мәдениетті кісілер дәстүр аттамайды»,- деді. Олар үндей алмай қалды. Сол паузаны пайдаланып: «Кешіріңіздер, телефон шалуға бола ма?» деді. Олар рұқсат берді. Көршісі, аса белгілі кеңес ғалымы трубканы алғанда: «Вася! Мен ұзақ командировкаға кетіп барамын. Лизаны саған тапсырдым. Аманат» деді де маған қарап: «Лиза! Сен анда-мұнда жүгірме. Одан ештеңе шықпайды. Бұл «барса - келместің» командировкасы» деді сабырмен. Тергеушілер мұның бәрін үнсіз тыңдап тұрды, үндеуге бата алмады. Мен соған таңғалдым» деп Кеңес тұсында Алаш тарихынан жабық тақырыпта докторлық диссертация қорғаған тарихшы Жақсалиевке айтып берген осы оқиға толық дәлел. Жауап алынған жетпіс адамның бәрі де: «Біз Бөкейхановпен еркін сөйлесе алмаймыз. Оның мысы басып тұрады және астарлап сөйлейді» деп жауап берген. Ал өзі: «Мен тек Байтұрсыновпен, Дулатовпен ғана ұлт туралы ашық сөйлесе аламын» деп жазыпты.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ


Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар