Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Болашақтың 28 мың долларын үстіндегі 10 пайыз айыппұлымен бірге қайтардым - Н.Байырбек

12:16, 06 қыркүйек 2023 148
180 адам. Бұл 30 жыл тарихы бар «Болашақ» бағдарламасынан кол үзген стипендиаттар саны.  Халықаралық бағдарлама орталығының мәліметінше, қазіргі таңда стипендиадан айырылғандар жұмсалған қаражатты өтеу процесінде. Бағдарлама аясында бір студентке орта есеппен 10 млн теңге жұмсалатынын ескерсек, бүгінде стипендиаттардың мемлекетке қарызы 1,8 млрд теңге. Біраз уақытын сарп етіп, шәкіртақы иегері атанғандардың бағдарламадан бас тартуына не түрткі болған? Себептің салдарын білу үшін АҚШ-та білім алып жатқан Назира Байырбекпен тілдестік. Белгілі журналист қазіргі таңда бағдарлама стипендиясынан бас тартып, мемлекетке қарызын өтеп, өз қаражатымен білім алып жатыр. 

– Назира ханым, 2019 жылы «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-қа білім алуға жолдама алғаныңызды білеміз. Бағдарламамен оқуға түскенде қандай мәселелер туындады?

– «Болашақпен» оқуға тапсырған кезде екі нәрсеге алаңдадым. Оның біреуі – 2002 жылдары оппозициялық газеттерде жұмыс істегенім, одан бөлек барлық кезде газет журналисі ретінде, билікті болсын, жалпы сын мақалалар жазғаным болды. Мені «бағдарлама қабылдамай қоя ма», «мемлекеттік комиссия кедергі бола ма» деп ойладым. Осындай қорқыныш болды. Себебі осыдан бұрын да өзімнің мамандығыма байланысты мемлекеттік қызметке жақсы мүмкіндіктер болған кезде, бұрын оппозициялық газеттерде жұмыс істегенімді айтып, талқылап, алдыма кедергі болған адамдар болды. Екінші алаңдаған нәрсем – «Болашақпен» оқуға түскен кез келген стипендиат өзінің баратын еліндегі бағдарламаның бағасына сәйкес бір үйді, баспананы кепілге қою керек. Немесе гарант болатын адам табу қажет. Сол кезде мен Алматыдағы үйді кепілге қойдым. Алайда оның ақшасы менің оқуыма кететін қаражатты жаппайтын болғандықтан, маған 3 адам гарант болды. Осылай мәселе оңынан шешілді. Оқуға түскеннен кейін біраз мәселе туындады. Мысалы, «Болашақпен» оқып жүргенде Нью-Йоркке келіп, енді тіл оқып бастағанда 3 айдан кейін карантин басталып, оқуымыз тоқтап, онлайнға көштік. Сол кезде бағдарлама дайын болмай қалды. Сабақ дұрыс өтілмей, ағылшын тілінде сөйлеу тәжірибеміз болмады деген сияқты біраз қиындықтар болды. Дәл сол сәтте «Болашақ» бізге беретін стипендияны қысқартты. Одан басқа мәселе туындаған жоқ.

– «Шет елге оқуға барған студентке жасалатын жағдай әртүрлі» деп естідік. Сіз барған жақта қандай қиындықтар болды?

– Стипендия студенттің қай қалада білім алуына, сол қаланың нарықтағы бағасына байланысты белгіленеді. Мысалы, Нью-Йорк қаласында оқитындардың стипендиясы – 2000 доллар, Чикагода – 1800 доллар. Шетелде пәтер бағасы қымбат болғанымен, азық-түлік, киім-кешек бағасы Қазақстанмен бірдей. Ал жалақы біздің елден 10 есе артық деуге болады. Сондықтан «Болашақтың» беріп жатқан стипендиясы бір адамға толық жетеді. Ал біз оқуға 5 баламен келдік. Бізден кейін де 4-5 баламен оқуға келіп жатқан отбасылар бар. Олардың анасы немесе әкесі оқуға келген кезде, сол елде балалары да пісіп-жетіледі. Балалар да тіл үйренеді, дамиды. Дәл осы «Болашақпен» балалары бар отбасылар көбірек оқыса, бұл мемлекетіміз үшін де жақсы болар еді. Сондықтан балалы отбасыларға артығырақ көмек көрсетілсе екен деп ойлаймын. Осы жағына мән беру керек. Айта кететін жағдай, бағдарламамен шет елге оқуға келіп, жұмыс істеп, елдегі отбасына көмектесіп жүрген жастар бар. Бұл – негізі заңсыз. Себебі «F» визасымен келген адамдарға шет елде жұмыс істеуге болмайды. Америка оны біліп қойса, елге қайта кіргізбей қояды.

– Жастар туралы әңгіме қозғап қалдыңыз. Бағдарламамен оқуға барып жатқан жастардың үміттері ақталып жатыр ма? Ал мемлекеттің ше?

 «Болашақпен» оқып келіп жатқан студенттердің ешқайсысы жаман болып жатқан жоқ. Шетелді көріп, дүниетанымы кеңейіп, басқа елдердегі жаңа мүмкіндіктерді көріп келгеннен кейін, жеке кәсіп бастап, көтеріліп, қызметте де өсіп жатқандары бар. Енді, ол таңдауға байланысты. Кім өзінің орнын қай жерден көргісі келеді, соған жетіп жатыр деп ойламын. Біз бұрын «болашақпен» оқып келіп, ауылға мұғалім болып жүргендер бар», – деп дабыл қағып жазғанбыз. Меніңше, ол қалыпты құбылыс. Себебі «Болашақпен» оқып келгеннен кейін, келісімшарт бойынша, мысалы Астанада, Алматыда жұмыс істейтін болса – 5 жыл, облыс орталықтарында –  4 жыл, ал аудан орталығы, ауылдарда – 3 жыл жұмыс істеп, мемлекетке қарызын қайтарады. Сол мүддемен де көбісі ауылға баруы мүмкін. Ал «Болашақпен» жастарды оқытқаннан мемлекет не ұтып жатыр дегенге келетін болсақ, олар шетелден жаңа білім, жаңаша ойлау жүйесін алып келіп жатыр. Қазақ жастарының ағылшын тілін үйренуі де санамыздың отарсыздануына үлес қосуда. Себебі Қазақстанда орыс тілінде сөйлейтіндер қазақ тілінде сөйлейтіндерден өзін бір саты жоғары санайды. Кез келген редакцияда қазақ және орыс бөлімі болса, орыс редакциясы қашан да жоғары тұратын. Оның себебі, қазақ редакциясы екі есе артық жұмыс істейді. Біз мемлекеттен, үкіметтен орыс тілінде келген ақпаратты қазақшаға аударамыз. Одан кейін мақала жазамыз. Біз екі жұмыс істейміз, бірақ сол бір айлықты аламыз. Бұл – әлеуметтік теңсіздікке апаратын нәрсе. Ал шетелде оқитын жастардың саны артқан сайын, ағылшын тілін білетіндер көбейіп жатыр. Бұл – әлемдегі білім, ғылымның кілті, жетістікке апаратын жол. Бұл бізге сананы отарсыздандыруға ықпалын тигізіп жатыр. Бірақ осы тұста айта кететін мәселе бар. Мен оқып жатқан оқу орнында қазақ жастары көп. Бір қызығы басым көпшілігі бір топта білім алады. Мәселен, «Болашақ» бағдарламасымен түскен «әкімшілік басқару саласы» бойынша оқитындар қазақ жастарының саны басым. Олар бір топта оқиды. Осы жағдайлар мені сын көзбен қарауға итермеледі. Себебі олардың білім алуында айтарлықтай керемет бір мүмкіндік болады деп ойламаймын.

– Әңгімеміз тіл туралы өрбіп жатыр ғой. Редакциямызға «Болашақ» бағдарламасының қызметкерлері тек орыс тілінде қызмет көрсетеді» деген хаттар келіп түсті. Сіз осындай жағдайларға тап болдыңыз ба?

– Болашақпен оқып, шетелге кеткен жастардың бәрі қазақ тілінен емтихан тапсырып, мемлекеттік тілді білетінін дәлелдеуі керек. Бірақ шынын айтқанда, олар мемлекеттік тілге ешқандай да үлес қосып жатқан жоқ. Себебі олардың чаттарының 90 пайызы орыс тілінде. Бұл туралы өзім де талай сынап жазғанмын. Олардың арасында наразылық білдіргендері көп болды. Кейін елге қайтып оралғанда да мемлекеттік қызметке барған, «Болашақты» бітірген жастарды қарасақ көбі мемлекеттік тілде емес, орыс тілінде қызмет жүргізеді. Болашақ орталығында қызмет ететіндер кеңес алуға барғанда орыс тілінде қызмет беретіні айтылып жүр. Жастар да, орталық қызметкерлер де мемлекеттік тіл алдында үлкен жауапкершілігі бар екенін ескеруі керек. Тіл жағынан талаптарды күшейту керек. Мысалы, мен өзім де құжаттарды жасаған кезде орталықтан ақпараттар үнемі орыс тілінде келетін. Мен көп жағдайда жаман атты болсам да «қазақша жазыңыз» деп талап ететінмін. Оларда жоқ болса үлгісін жасап беріп жүрдім. Бұл жағдай одан әрі жалғаспау керек. Орталық қызметкерлерінің қазақ тілін 100 пайыз білуін қадағалау қажет.

– Сіздің «Болашақтан» бас тартып, мемлекетке қарызыңызды толық өтегеніңізді естіп жатырмыз. Осы жағдайдың анық-қанығын өзіңізден білсек деп едік. Бағдарламадан қол үзуге не себеп болды?

– Мен, жалпы, ағылшын тілін оқып бастаған кезде біраз дүниеге көзім ашылғандай болды. Бізге керекті көптеген материалдарға қолым жете бастады. Тілді дамытқан сайын тілден аларым көп екенін түсіндім. Америкадағы ақылы, тегін сайттардан бірнеше курс алып, профессорлардың лекцияларын тыңдап бастағалы, өзімнің үйренетін нәрсем көп екенін түсіндім. Менің түскен оқу орным – Оңтүстік Калифорния университеті. Магистратура бағдарламасы бойынша таңдаған мамандығым – мамандандырылған журналистика. Бірақ ол 1 жылға арналған бағдарлама еді. Сондықтан магистратураны бітіргеннен кейін докторантураны оқығым келді. Себебі ғылыми, академиялық зерттеумен айналысу – арманым еді. Сол арманыма жол ашылып тұрғанын түсіндім. Сол кезде бірден «Болашаққа» хабарласып, «магистратурадан кейін докторантурамды оқып, кейін елге барып, қызмет істесем бола ма?» – деп сұрадым. Олар: «болмайды, бірден қайтуыңыз керек», – деді. Сол күннен бастап, «Болашақтан» бас тарттым. Тіл оқығанға кеткен 28,5 мың долларды үстіндегі 10 пайыз айыппұлымен бірге қайтардым. Ары қарай магистратураны өзімнің қаражатыммен оқыдым. Бас тартуыма тағы бір себеп – ерімнің де оқуға деген ниеті. Бүкіл қаражатымды құйсам да, «Болашақтан» бас тартқаныма өкінбеймін. Қазіргі таңда Пенсильвания штатындағы университетке докторантурға қабылдандым. Осы айдың аяғында оқуымды жалғастырғалы отырмын. Зерттеу жұмысым – әлеуметтік желідегі деколонизация жолындағы күрес. Қазақстанда болсам қаншалықты деңгейде зерттей алатынымды, қаншалықты еркіндік, мүмкіндік берілетінін білмеймін. Сондықтан «Болашақтан» бас тартып, өз жолымды дербес таңдағаныма қуанамын. «Болашақтан» бас тартуыма тағы бір себеп – әлі менің күйеуім де оқуы керек. Ол – киносценарист, жазушы Мұрат Алмасбекұлы. Қазірше менің оқуымды қолдап, өз армандарын құрбан етіп жүр. Бірақ таяуда кино саласына қайта оралады. Сондықтан бізде әлі көп мақсат бар.

– Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан – Шыңғыс АТАЙ, zhasalash.kz

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?