Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Б.Назарбаев пен Қ.Шәріпбаевқа қатысы бар заңсыз майнинг фермалары жұмысын тоқтатты

06:09, 15 наурыз 2022 247
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев пен күйеу баласы Қайрат Шәріпбаевқа қатысы бар заңсыз майнинг фермалары табылған. Бұл хабарды Қаржы мониторингі агенттігі таратты.



Агенттік хабарына қарағанда, заңсыз майнинг ферма құрғандар арасында белгілі бизнесмендер мен бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктердің аты-жөні бар. Павлодар облысында Болат Назарбаев пен Александр Клебановқа (парламент мәжілісінің үш шақырылымына депутат болған Дарья Клебанованың күйеуі - ред.), Ақтөбе облысында Қайрат Шәріпбаевқа, Қарағанды облысында Ерлан Нығматулинге (парламент мәжілісінің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің бауыры - ред.) қатысы бар заңсыз майнинг фермалар анықталған.

- Тексеріс барысында 55 майнинг ферма жұмысын өз еркімен толық тоқтатып, құрал-жабдықтарын алып тастады. Оның қайтадан іске қосуға жол берілмейді. 51 компания заңсыз жұмыс істеген. Олар электр қуатына заңсыз қосылған, арнайы экономикалық аймақтарға заңсыз орналасқан және салық пен кеден алымынан жалтарған. Олардың бәрі электр қуатынан ажыратылды,- дейді Қаржы мониторингі агенттігі.

Агенттік мәліметінше, Қарағанды облысындағы майнинг компания "Сарыарқа" арнаулы экономикалық аймағына орналасқан. Павлодар облысында жылыжаймен айналысатын екі компания өзіне тиесілі электр қуатын үшінші тұлғаға лицензиясыз сатқан.

"Заңсыз майнинг фермалардың біріне Forbes.kz тізімі бойынша Қазақстанда байлығы жөнінен 17-орында тұрған Қайрат Итемгеновтің қатысы бар. Ішкі істер министрлігі департаментінің бұрынғы төрағасы Тілеген Маткеновпен байланысы бар компаниялар да заңсыз майнингпен шұғылданған",- дейді Қаржы монитоингі агенттігі.

Агенттік мәліметіне қарағанда, майнинг құрал-жабдықтары Оңтүстік Корея, Түркия, Грузия, Сингапур, Қытайдан әкелінген. Кейбірі контрабандамен жеткізілген. Алматыдағы майнинг фермаларға 2,8 миллиард теңге тұратын мыңнан астам майнинг жабдығы Қытайдан заңсыз жолмен кіргізілген.

Агенттік мәліметінше, осы істерге байланысты 25 қылмыстық іс қозғалып, құны 100 миллиард теңгеден асатын құрал-жабдық тәркіленген. Заңсыз майнингпен айналысатын фермаларды тексеру нәтижесінде Қазақстан тәулік бойы тұтынатын элект қуаты сағатына 600 Мегаваттқа түскен.

Қазақстанда кейінгі кездері электр қуатының тапшылығы туралы жиі сөз бола бастаған еді. Осыған байланысты атом электр станциясын салу жөнінде бастамалар көтерілген.

Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы құқығынан айырылған соң жақын туыстары ірі қызметтерден шеттетілген.

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 13 наурызда "Қазақтелеком" АҚ қомақты қаржысын жымқырды және қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деген күдікпен Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының қамауға алынғанын хабарлаған.



[ad_2]

Дереккөз
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар