Оның айтуынша, 2021 жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен жастардың жасампаз жобаларын жүзеге асыруға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» арнайы гранты тағайындалған. Осыған орай, алдағы уақытта өңір жастарына грант тағайындалмақ. Жобаның негізгі мақсаты - дарынды жастардың жаңа, батыл, серпінді ғылыми және шығармашылық бастамаларына қолдау көрсету. Жобаны Батыс Қазақстан облысының қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігі жүзеге асырады.
-Жыл сайын бұл грант республикалық деңгейде өткізіліп келеді. Биыл алғаш рет Батыс Қазақстан облысында өңірлік деңгейде жүзеге асырылмақ. Грант аясында 5 бағыт таңдалып алынған. Атап айтсақ, мәдениет, ғылым, бизнес, медиа және IT (ақпараттық технологиялар). Осы бағыттар бойынша облыста тұрғылықты мекен-жайы бар, 14 пен 35 жас аралығындағы жастардың барлығынан өтінімдер күтеміз. Өтінімдерді қабылдау 10 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында жүзеге асырылады. Сондай-ақ, осы мерзімге дейін біз кеңес беріп, қолдау көрсететінімізді атап айтқым келеді. Кез-келген өтінім беруші өзінің жобасын даярлау барысында жергілікті жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтан кеңес алуға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар бірыңғай колл орталық та жұмыс жасайды, - деді Қ.Теміров.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру бойынша арнайы конкурстық комиссия құрылатын болады. Конкурстық комиссияның құрамына облыстық әкімдіктің басқармалары мен азаматтық қоғамның өкілдері, ғалымдар және грант бағыттары бойынша мамандар мен сарапшылар енгізіледі. Үміткерлердің конкурстық өтінімдері мемлекеттік және орыс тілдерінде электронды нұсқада қабылданады. Конкурстың ережесі мен өтінім беру нұсқаулығы Батыс Қазақстан облысының қоғамдық даму басқармасының сайтында және әлеуметтік желілерде жарияланады. Жеңімпаз атанған жобалар өңіріміздегі өзекті мәселелерді шешуге, мемлекеттік жастар саясатын жемісті жүзеге асыруға серпін беретін жасампаз істердің бастауы болмақ.
Гранттар жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін конкурстық негізде мынадай бағыттар бойынша беріледі:
"Ғылым" – ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған;
"Мәдениет" – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған;
"Ақпараттық технологиялар" – жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іскеасыруға және әзірлеуге арналған;
"Бизнес" – экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған;
"Медиа" – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған.
Конкурстық комиссияның қорытындысына сәйкес 10 жоба жеңімпаз аталып, 500 мың теңге көлеміндегі сыйақыға ие болады. Үміткерлердің конкурстық өтінімдері ағымдағы жылдың 10 қыркүйегіне дейін қағаз нұсқада мына мекенжай бойынша қабылданады: Орал қаласы, Назарбаев даңғылы 215,4 қабат, 411 кабинет.