Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Бұл жағдай бәріміздің басымызға келуі мүмкін" - белсенді. Журналист 9 жылға сотталды

06:16, 06 ақпан 2023 265



"БҰЛ ЖАҒДАЙ БӘРІМІЗДІҢ БАСЫМЫЗҒА КЕЛУІ МҮМКІН"

"… Жеңілдеу жазаны қатаң жазаға сіңіру жолымен Әбжан тоғыз жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілсін, оның әрекеттері қауіпті қылмыс рецидиві деп танылсын. Жазасын өтеуге қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі қатаң мекемесіне жіберілсін" деді үкімді оқыған судья Айжан Көлбаева.

Үкім оқылғаннан кейін залға жиналғандар судьяға "Масқара!" деп айқайлады. Судья залдан шығып кетті. Сотқа қатысушылар судья үкімді толық оқып, шешімін түсіндіруге келмегенін айтты.

Махамбет Әбжанды сот залынан қолына кісен салып алып кетті. Жақындары үкімді естіп жылап қалды.

– Енді күніміз не болады? Махамбеттің жайы не болады? – деді журналистің әпкесі Тоғжан Әбжанова.

Анасы Сәлия Әбжанова соңына дейін күресуге бекініп отыр.

– Басқа ештеңе қалмады! Үндемеген сайын, басқа шығып барады, – деді Сәлия Әбжанова.

Айыпталушының туыстары аппеляциялық шағым беретінін айтты.



Махамбет Әбжанды қолдауға келген жұрт үкімнен соң "Масқара!" деп айқайлады. Астана, 3 ақпан, 2023 жыл.


Махамбет Әбжанды қолдауға келген жұрт үкімнен соң "Масқара!" деп айқайлады. Астана, 3 ақпан, 2023 жыл.


Сот залына Қазақстан туын алып келген бірнеше адам "Бостандық!" деп ұрандады. Белсенді Асқар Сембай "Махамбетті қазірден бастап қорғау керек. Бұл жағдай бәріміздің басымызға келуі мүмкін" деді.

Әбжанның әйелі Гүлзира Дүйсембаева күйеуінің түрмедегі қауіпсіздігіне алаңдап отырғанын жеткізді. Қауіпсіздігі қатаң мекемеде ауыр қылмыс жасаған, кісі өлтірген адамдар жазасын өтейді.

– Өмірі мен денсаулығына алаңдап отымын. Бастысы, жаман ештеңе болмаса екен, – деді ол көз жасын сүртіп.

ЖУРНАЛИСКЕ ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛЫП ЕДІ?

Іс материалдарына сәйкес, Әбжанға Қылмыстық кодекстің 274-бабының 2-бөлігі, 1, 2, 3-тармағы ("көрінеу жалған ақпарат тарату"), 194-баптың 2-бөлігі, 4-тармағы ("ақша бопсалау") бойынша айып тағылған.

Әртүрлі қазақстандық ақпарат құралдарында жұмыс істеген журналист әрі блогер былтыр 3 шілдеде ұсталған. 5 шілдеде тұтқындалып, содан бері тергеу изоляторында отырған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі журналист “ар-ожданына нұқсан келтіретін ақпарат жариялаймын” деп, кәсіпкерлерден аса ірі көлемде ақша бопсалады деген күдікке ілінгенін мәлімдеді. Ведомство дерегінше, жемқорлықпен күрес қызметінің өкілдері Әбжанды "жергілікті кәсіпкерден 50 миллион теңге алып жатқан жерінен" ұстаған.

Әбжан адвокаты арқылы өзіне тағылған айыптарды мойындаудан бас тартты.

Журналист ұсталардан бұрын шілдеде Telegram-дағы арнасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың немере інісі Қаныш Ізбастиннің ықтимал активтері туралы жазба жариялаған. Бұл жазбаларда криптовалюта майнингімен айналысатын фермалар туралы айтылған.

Сот процесі 6 қаңтарда басталды. Отырыстар жабық өтті. Судья блогердің Telegram-арнасындағы оқырмандар саны (11,5 мың) жәбірленушіге қауіп төндіруі мүмкін деп, сотты ашық өткізуге қарсы болды. Жәбірленуші - 46 жастағы кәсіпкер Рашит Махат. Ақпарат құралдарының дерегінше, ол өзін жеке инвестор деп таныстырады, криптовалютаға қаржы салады.

Қазақстандық "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қоры өкілдерінің айтуынша, судья оқырмандар саны жәбірленушіге қандай қауіп төндіруі мүмкін екенін түсіндірмеген.

"Соттың логикасына қарасақ, журналистер мен танымал тұлғаларға қарсы сот процестерінің бәрі жабық режимде өтуі керек. Өйткені кез келген журналистің үлкен аудиториясы, ол жұмыс істейтін ақпарат құралының көрермендері, тыңдармандары мен оқырмандары бар" деді "Әділ сөз" қорының басшысы Қарлығаш Жаманқұлова.

Қор өкілдері ашық сот отырысы қоғамға әділдік барын көрсетеді, ал танымал тұлғаларға қатысты жабық процестер айыптаудың негіздемесіне, процестің әділдігі мен объективтігіне қатысты күмән туғызады деп есептейді.

Сот отырыстарының бірінде Әбжанның қорғаушысы сот айыптау тарабына жақтасып отыр деп, судья Көлбаеваны ауыстыруды сұрады. Бұлай ойлауға судьяның жәбірленушіден жауап алудан бас тартуы себеп болған. Қорғаушының бұл өтініші "негізсіз" деп кері қайтарылған.

Осыған дейін алдын ала тыңду кезінде айыпталушы мен оның адвокаты қысым көргенін айтқан. Олар Әбжанды сот залына жеткізген күзет бастығы "рұқсат етілмеген" әдістер қолданғанына шағынған.

Журналист жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің өкілдері әйелі мен туыстарына қоқан-лоқы көрсетіп жатқанын айтқан. Сот прокуратураға тексеріс жүргізуді тапсырды. Тексеру нәтижесі туралы ештеңе айтылған жоқ.



Махамбет Әбжанның әйелі Гүлзира Дүйсембаева сот үкімінен кейін күйеуінің түрмедегі қауіпсіздігіне алаңдап жылады. Астана, 3 ақпан, 2023 жыл.


Махамбет Әбжанның әйелі Гүлзира Дүйсембаева сот үкімінен кейін күйеуінің түрмедегі қауіпсіздігіне алаңдап жылады. Астана, 3 ақпан, 2023 жыл.


Әбжанның әйелі Гүлзира Дүйсембаева үкім оқылғаннан кейін өзіне шынымен қысым көрсетілгенін растады.

– Мені де, [Махамбеттің] анасын да, ағасын да осы іс бойынша жауапқа тартамыз деп қоқан-лоқы көрсетті, – деді Дүйсембаева.

ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ҚЫСЫМ

2017 жылы Махамбет Әбжан "ірі көлемдегі алаяқтық" бабы бойынша 3,5 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол 2019 жылы мерзімінен бұрын босап шыққан.

2022 жылы ұсталғаннан кейін халықаралық “Журналистерді қорғау комитеті” үкіметтік емес ұйымы бұл мәселеге алаңдап, "сыни тақырыпта пікір білдіріп жүрген тілші" бұрын да "қызметіне байланысты қылмыстық қудалауға ұшырағанын" еске салды.



Журналист Махамбет Әбжан сот залында. Астана, 2017 жыл.


Журналист Махамбет Әбжан сот залында. Астана, 2017 жыл.


3 ақпандағы жарыссөзде прокурор Қожахметова журналиске 11 жыл түрме жазасын беруді сұрады.

Журналистер құқығын қорғаушылардың пікірінше, тоғыз жылға бас бостандығынан айырудың өзі өте ауыр жазаға жатады.

"Құқықтық медиаорталық" қоғамдық қорының директоры Диана Окремова бұл іс пен үкім журналистер арасында қорқыныш туғызады деді.

– Төбемізден жай түскендей болды, өйткені тым үлкен жаза берді. Мәселе журналиске қатысты болғаны тіпті қорқыныш ұялатады. Қоғам не болып жатқанын түсініп, баға бере алуы үшін мұндай істер ашық қаралуы керек, – дейді Окремова.

Бұл – 2019 жылдан бері Қазақстанда журналисті бостандығынан айырумен аяқталған бірінші сот процесі. Төрт жыл бұрын "Сарыағаш-Инфо" газетінің бас редакторы Амангелді Батырбеков "жала жабу" және "қорлау" айыбымен 27 айға бас бостандығынан айырылды. 2020 жылы қаңтарда журналист ақталып, кешірім сұрап, сот залынан босады. Кейінірек оны жала жапты деп айыптаған шенеуніктің өзі тергеуге ілінді.

Қазақстандық журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дуванов мұндай үкім болатыны белгілі еді, өйткені билік бұл журналисті ұнатпайтын дейді.

"Бұл – кейінгі 30 жылда жиі қолданылып келе жатқан тәжірибе. Журналистер саяси себеппен сотқа тартылады. Қатаң жаза берілген жердің бәрінде саясат бар. Мұнда жаңа ештеңе жоқ. Әдістері де ескі" деді Сергей Дуванов.

  • Кейінгі жарты жылда Қазақстанда журналистерге шабуыл мен қылмыстық қудалау жиілеген. Махамбет Әбжаннан бөлек, журналист Михаил Козачков пен блогер Тоқберген Әбиев қамауға алынған.

  • 14 қаңтарға қараған түні алматылық журналист Динара Егеубаеваның көлігіне белгісіз біреулер кірпіш лақтырып, от қойған. Журналист мұны жеке басына қастандық жасауға талпыныс деп бағалады. Көп ұзамай Алматы полициясы кәмелет жасына толмаған бес жасөспірімді ұстады. Олар 15, 16 және 17 жаста.

  • Полиция 10 қаңтарда Elmedia басылымына жасалған шабуылға да (әлдекім басылым кеңсе жалдап отырған ғимараттың әйнегін сындырған, журналистің айтуынша, бұл жағдай бесінші рет қайталанып отыр: осыған дейін белгісіз адамдар полицияға хабарласып, Elmedia басшысы Гүлжан Ерғалиеваның пәтері мен көлігіне бомба қойылғанын айтқан, редакцияға молаға қойылатын гүлдесте жіберген) осы жасөспірімдер кінәлі деп көрсеткен.

  • Биыл қаңтарда Ulysmedia.kz жаңалықтар сайтының бас редакторы Самал Ибраева белгісіз адамдар сайтты бұзып, өзі мен отбасының жеке деректерін жариялағанын хабарлады. Ол бұл жағдайды жеке өміріне қол сұғу деп бағалады.

  • Белгісіз біреулер алматылық журналист Вадим Борейконың подъезінің есігін бояп, пәтерінің сыртына желім жағып кеткен.

  • Orda басылымының бас редакторы Гүлнәр Бажкенова қазанда белгісіз бір адамдар редакцияға шошқаның басын, желтоқсанда өзінің суреті қашалып, 2023 жыл көрсетілген көктас жібергенін хабарлады. Редактордың сөзінше, 2022 жылғы шілдеден бастап басылымның веб-сайты күнделікті DDoS-шабуылға ұшырап отырған.

  • Халықаралық ұйымдар Қазақстанды сөз бостандығы шектелген елдер қатарына жатқызады. Қазақстан “Шекарасыз тілшілер” дайындаған баспасөз бостандығы индексінде 180 мемлекеттің ішінде 122-орында тұр.



Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар