Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

CNPC-ден "су" шықты. Қытайлар пара алған

08:09, 13 қаңтар 2024 215


Қытайда осы аптада Қытай ұлттық мұнай корпорациясы (CNPC) бас директорының бұрынғы орынбасары Сюй Вэньжуннің пара алды деген күдікпен ұсталғаны белгілі болды. Бір қарағанда, қазақстандықтар үшін бұл жаңалықтың маңызы шамалы, өйткені біз қайда, қытай қайда? Оның үстіне өзіміздегі жемқорлық дау-дамайлары да бір басымызға жетіп артылады.



Бірақ бұлай пайымдау өте үстірт болар, өйткені қытайлық CNPC компаниясы бүгінде елімізде төрт ірі мұнай-газ жобасын жүзеге асыруда және осы саладағы ең маңызды шетелдік инвесторлардың бірі болып саналады. Ұлыс медия қытайлық мұнай-газ компаниясы топ-менеджерінің пара дауымен шаталуы оның қазақстандық сектордағы инвестициялық жобаларына кері әсер ете ме деп жазыпты. 




 

Жанжалдар, интригалар, тергеулер

ТАСС агенттігі бұл туралы Ляонин провинциясының (ҚХР) прокуратурасына сілтеме жасап, басқа БАҚ-тар арасында бірінші болып хабарлады.
          - Қытай Халық Республикасының Жоғарғы Халық Прокуратурасының тапсырмасы бойынша Ляонин провинциясының халықтық прокуратурасы Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы бас директорының бұрынғы орынбасары Сюй Вэньжунды пара алды деген күдікпен қамауға алу туралы бұйрық шығарды. CNPC бұрынғы топ-менеджерінің ісін прокуратураға өткізгенге дейін Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік қадағалау комитеті тексерген.

Айтпақшы, бұл CNPC топ-менеджерлерін темір торға тоғытудың жалғыз фактісі емес. 2015 жылдың қазан айында Қытайдың ірі мұнай-газ компаниясының бұрынғы басшысы Цзян Цзэминь сыбайлас жемқорлық үшін 16 жылға сотталған. Осы қызметті жеті жыл атқарып, кейін Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесі жанындағы Мемлекеттік мүлікті бақылау және басқару комитетінің басшысы лауазымын алған CNPC-тің бұрынғы басшысына жемқорлық және билікті асыра пайдаланды деген айып тағылды.

Ол кезде CNPC бар ресурстарын қосып,  Қазақстанның жер қойнауынан мұнай мен газды «сорып» жатқан болатын. Қытайлық компания Қазақстанға 1997 жылы келді. Осы жылдың 4 маусымында Алматыдағы президент резиденциясында Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Мемлекеттік кеңесі вице-премьері Ли Ланьциннің қатысуымен үлкен жиын өтіп, сол кезде «Ақтөбемұнайгаз акцияларын сатып алу-сату туралы келісімге» қол қойылған.

Ал сол жылдың 26 ​​қыркүйегінде шетелдік инвестор мен еліміздің үкіметі арасында «Ақтөбе облысындағы Жаңажол, Кеңқияқ (екі бірдей кен орны) кен орындарында көмірсутек өндіруге қатысты келісім-шартқа қол қойылды. Осылайша Қытай ұлттық мұнай корпорациясы Қазақстан Республикасының үкіметіне жобаны дамытуға 20 жыл ішінде кемінде 4 миллиард доллар инвестиция жасауға жазбаша түрде уәде беріп, өзіне міндеттеме алды.

Қазақстан Қытай алпауытына не үшін қажет?

Қытай ұлттық мұнай корпорациясының (CNPC) Қазақстанның жер қойнауына қызығушылық танытуы кездейсоқ емес еді. CNPC – халықаралық деңгейде жұмыс істейтін алпауыт энергетикалық компания және Қытайдағы мұнай мен газдың ірі өндірушісі әрі жеткізушісі. Бұл компания әлемдегі ең ірі 50 мұнай компаниясының ішінде үшінші, ал 500 ірі жаһандық компаниялар рейтингінде бесінші орында тұр. CNPC 37 елде мұнай-газды инвестициялау операцияларын жүргізеді және 63 елдегі мұнай-газ нысандарында инженерлік-техникалық қызметтер көрсетеді.

Соңғы 25 жылда компания 155 миллион тоннадан астам мұнай мен 89 миллиард текше метр ілеспе мұнай және табиғи газ өндірді. Корпорация жұмыс істеген 20 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстанның мұнай-газ саласына 45,7 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция салған. Қазақстан қазынасына шамамен 47,1 млрд АҚШ доллары көлемінде салық төлеген, 373 млн АҚШ доллары көлемінде әлеуметтік жобаларға қаржы бөлген. 2019 жылдың мамыр айындағы жағдай бойынша Қазақстандағы CNPC кәсіпорындарында 30 мыңнан астам жұмысшы мен инженерлік-техникалық қызметкер еңбек етеді, олардың 98,3% жергілікті азаматтар, яғни қазақстандықтар.

Қазақстандағы CNPC активтері

Қазақстанда CNPC жеті мұнай өндіру жобасында жұмыс істейді, ол екі мұнай құбырына, екі газ құбырына, мұнай өңдеу зауытына және үлкен диаметрлі болат құбырлар зауытына Қазақстанмен бірдей үлесте иелік етеді.

Қазақстандағы CNPC-дің еншілес компанияларының саны жыл санап өсіп келеді. Алғашқысы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ болды, оның акцияларының 89,17%-ы қытайлықтарға тиесілі. Сонымен қатар Жаңажол, Кеңқияқ, Солтүстік Трува (Жаңажол кен орнынан 30 шақырым жерде. – Авт.) кен орындарын игеруге және Каспий маңы ойпаты Орталық блогының шығыс бөлігінің, бұдан бөлек «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ кен орындарын барлауға лицензиялары мен келісім-шарттары бар.

2003 жылдан бері қытайлық компания Buzachi Operating Ltd жобасына қатысады. Солтүстік Бозашы кен орнын игеруші оператордың 50% үлесіне иелік етеді.

2004 жылдан бері Қытай ұлттық мұнай корпорациясы Қызылорда облысындағы екі мұнай кен орнын игеріп жатқан «ҚуатАмлонМұнай» СП серіктестігінің 25% үлесіне ие, сонымен қатар кен орындарын барлаумен, мұнай мен мұнай өнімдерін сатумен және Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарына шикізат жеткізумен айналысады.

2004 жылдың шілдесінде Қазмұнайгазбен бірлескен «Қазақстан-Қытай құбыры» компаниясы құрылды. Мұнай құбырының құрылысы қазақстандық мұнайды экспортқа тасымалдауды әртараптандыру мәселесін шешті.

Қытай ұлттық мұнай корпорациясы 2005 жылдың қазан айында «ПетроҚазақстанның» 100% акциясын сатып алды. Көп ұзамай 33 пайыз акцияны «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қайта сатты.

«ПетроҚазақстан» геологиялық барлаумен, кен орындарын игерумен, мұнай және газ өндірумен, сондай-ақ мұнай өнімдерін өңдеумен және өткізумен айналысады. Компанияның негізгі активтеріне мыналар жатады: «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз», «Қазгермұнай», «Торғай Петролеум», сонымен қатар Қызылорда облысында орналасқан кен орындары.

2005 жылы қытайлықтар Қызылорда облысындағы Арыс және Блиновское кен орындарынан көмірсутектерді барлау мен өндіруге маманданған «СНПС-АйданМұнай» АҚ компаниясының 100% акциясын сатып алды.

2009 жылы CNPC және Қазмұнайгаз тізе қосып, «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ тең үлестік негізде сатып алды. Көмірсуларды игеретін және өндіретін негізгі өндірістік нысандары: Маңғыстау облысындағы Қаламқас, Жетібай және басқа 13 кен орыны, Батыс Қазақстан облысындағы 8 кен орны және Атырау облысындағы Каспий теңізіндегі екі барлау блогы бар.

2013 жылы CNPC NCOC (North Caspian Operating Company) B.V. жобасына қосылды, Жобадағы үлесі – 8,33%.

Қытайлық компания «ҚазМұнайГазбен» бірлесіп, қуаттылығы жылына 6 млн тонна мұнай өңдеуге қауқарлы «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» зауытына, «МұнайТас» Солтүстік-Батыс құбыр желісі компаниясына, «Азия газ құбыры» (AGP) ЖШС-не, «Бейнеу- Шымкент» газ құбырына, Алматы қаласындағы «Азия болат құбыр зауыты» ЖШС-не иелік етеді.

Біздегі жағдай қандай?

Былтыр мамыр айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға ресми сапары кезінде

қол қойылған көптеген құжаттардың ішінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен Қытайдың CNPC ұлттық мұнай-газ корпорациясы арасындағы келісімшарт та бар. Келісімшартта Қазақстанның мұнай-газ саласын бірлесіп дамыту туралы жазылған.

Тараптар араға ай салып, 6 маусымда Астанада кездесті. «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов пен CNPC президенті Хоу Чицзюнь бірқатар жобаларды бірлесіп жүзеге асыру туралы келісті. Соның ішінде:

Кеңқияқ-Атырау, Кеңқияқ-Құмкөл магистральдық мұнай құбырларының өткізу қабілетін арттыру;

Шымкент мұнай өңдеу зауытында өндіріс көлемін арттыру;

Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбырының екінші желісін салуға қатысу;

Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытының құрылысы және т.б.

Еліміздің мұнай-газ секторындағы қытайлық капиталдың артуы, әрине, қазақстандықтарды алаңдатпай қоймайды. Бұл ретте Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясының Қазақстанда қалуы қоғамдық көңіл-күйге де теріс әсер етпей қоймады.

2016 жылдың қарашасында CNPC-AMG компаниясының Ақтөбедегі кеңсесінде жанжал шықты. Онда басшылық және инженерлік қызметтерге тек Қытай азаматтары тағайындалған. Бұл, әрине, Қазақстан заңнамасына қайшы әрі азаматтарымыздың құқығын өрескел бұзу болып табылады.

Айта кетерлігі, жергілікті билік Қытай тарапына біздің жергілікті мамандарды басшылық қызметке қойған дұрыс дегенді бір емес, бірнеше рет меңзеген. Олар сыпайы түрде бас изеп, келіскен сыңай танытқанымен, кадр саясатын өз қалауынша жүргізе берді. Шыдамы таусылған жергілікті билік (бұл кезде Ақтөбе облысын марқұм Бердібек Сапарбаев басқарды. – Авт.) шетелдік инвесторларға сабақ болатындай әрекет етті.

Билік CNPC-Ақтөбемұнайгаз компаниясының шетелдік топ-менеджерлерін Қазақстаннан қуып жіберді. Ал олардың босаған орнына қазақстандық азаматтарды қойды.

Бүгінде CNPC басқару құрылымының жоғары эшелонында болып жатқан оқиғалар қазақстандық нарыққа кері әсер етпесе екен деп тақым қысып отырған жайымыз бар. Кім біледі...

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар