Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ақберен Елгезек: Тілі кесілген ұлт - құлға айналып, қожайыны не айтса, мыңқылдап соны істейді

14:00, 24 қараша 2024 88

Ақын, жазушы Ақберен Елгезек ана тілінің тағдырына алаңдаушылық білдіріп, жазба жариялады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.

«Әр ұлтқа ана тілін Құдай береді. Өз тілінен қашып, өзгенің тіліне құмар болған адам Жаратқанның сыйынан бас тартып, абыройсыздыққа ұшырамай ма?! Өз ата-бабасының салтынан, тілінен, дүниетанымынан қашқан адамды өзге ұлттың баласы емірене бауырына баса қояр ма екен?! Жоқ, керісінше өзге ұлттың адамы оған өз ұлтын сатқан бейшара  ретінде қарап тұрады. Бәрімізді Құдай әртүрлі ұлт қып жаратқан, сондықтан бір ұлттың өкілі келесі бір ұлттың өкіліне я сыйлап, я сыйламай қарап тұруы заңдылық. Тіл арқылы ғана біз өзгеден дара ұлт боп ерекшеленіміз. Ұлтты ұлт қып, мемлекетті мемлекет қып тұрған түр емес – Тіл. Өз тіліңді біл, сақта, аяла, өркендет, қажет болып жатса, өзге тілді де меңгер, сосын барып адамзатқа көшелі сөз айт. Сонда сен толыққанды адам боласың. Ал өз тілін менсінбей, оны қорлап, басқаға жығып берген адам жалпыадамзаттық құндылықтар туралы әңгіме айтуға да хақысыз. Өйткені оның өзінің Ана тілі сол жалпыадамзаттық құндылықтардың бірі. Жалпы туған тілін білмейтін адам ғана Космополиттік бейненің артына тығылады. “Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп” деген сөз - “біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос” деген ұғымнан басталу керек. Біздің тіл – ұлттың ғана емес, біздің рухымыздың да тілі. Азат рухтың дауысы сол тілден ғана шығады. Тілі кесілген ұлт - құлға айналып, қожайыны не айтса, мыңқылдап соны істейді. 70 жылдағы тілді өлтіру зұлматынан аман шығып, Тәуелсіздік алғанымызға 33 толғанда не істеп жатырмыз, өзі?!»,- деп жазды Ақберен Елгезек.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар