Аурухананың бұрынғы қызметкері Әйгерім Талғатқызының жұмыстан шығуына онкологиялық аурухананың әкімшілігі тарапынан қысым көрсетуі себеп болған.
Өйткені Әйгерім бөлім меңгерушісі Араповаға қарсы айғақтары барын айтқаннан кейін аурухана директоры, керісінше, оған жала жапқан. Содан кейін жағдайды видеоға түсіруге тырысқан оны директор көпшілік алдында қорлап, агрессивті түрде телефонын тартып алған көрінеді.
Артынша Әйгерімнің жеке мәліметтерін қарап, соңында жұмыстан шығарған.
"Мен оның сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің куәсі болдым және бұл туралы онкология директоры Өмірбаев М.А. мен директордың орынбасары Дәуран Тұрсынқұлұлына айттым. Бірақ олар, керісінше, мені айыптап, бөлім меңгерушісі Меруерт Арапованы жақтап, қолдау көрсете бастады", – деді бұрынғы дәрігер.
Бұдан қалды бөлім меңгерушісі науқастарға диагнозға сай емес дәрі-дәрмектерді сатып алуға мәжбүрлепті.
Сонымен қатар бұл мәселе тек Араповаға емес, басқа да дәрігерлерге қатысты екенін атап өтті. Ол пациенттерді мұндай дәрігерлерден қорғау үшін видео жариялаған. Видеода бөлім меңгерушісінің Әйгерімнің құрбысына WhatsApp желісінде жіберген аудиожазбасы шыққан. Алайда жазбада Арапованың айтуынша, оған қызметкердің ішкі алауыздығы бар екен.
"Оған жұмыстан шығу туралы емес, түсініктеме жазыңдар деп айттым. Қалауларың болса, шыға беріңдер дедім. Жарайды, ол жындымен жынды боламын ба? Пара аласың дегеніне ашуым келіп тұр. Параны дәрігерлер өмір бойы алған, ала береді. Сенің құрбың, Әйгерім... Іші жарылайын деп жүр ғой. Маған елдер "пара" береді. Соны көре алмай жүр. Өзіне пара бермейді. Содан кейін іші тарылып жүр. Ешкімнен ақша сұрамаймын. Сұраса ала беремін. Соны түсіндірші құрбыңа. Жаңа ғана Жакибаевтың әйелі маған келіп, қалтама салды. Тура сол кезде оның көзі жанып, шарасынан шығып кете жаздады. Ол мені қызғанады", – деді бөлім меңгерушісі видеода.
Әйгерім өзінің жарияланымынан кейін аурухана директоры Арапова М.Н-ның жұмыстан шығарылуын талқылайтын тәртіптік кеңес шақырғанын айтты. Ол прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдарды аурухана әкімшілігіне қарсы шара қолдануға шақырады. Әйгерімнің құқық қорғау органдарына қойған талаптары – жемқорлық пен қысым көрсетуде кінәлі деп есептейтіндерді жауапқа тарту.
Редакция Талдықорғандағы облыстық онкологиялық орталықтан жағдайдың егжей-тегжейін сұрап көрді.
"Инстаграмдағы "krisp.tdk" әлеуметтік желісінде жарияланған ақпаратқа қатысты облыстық көпсалалы емхана былай деп хабарлайды. Бұл іс бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Нәтижесі кейінірек белгілі болады", – делінген жауапта.