Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Дүние-ғұмыр күнде құбылған, неше түрлі заман. Қазақ жұрт болып қатардан қалмайтын болса, оқу, өнер жолына түсу мақсат

01:04, 15 мамыр 2024 456

Алдымызда осы қыс Петерборда мұғалімдердің бас қосуы - сиезі болады. Бұл сиездің басында неше білгіш ғылымды профессорлар болады. Орыс патшалығының жан-жағынан жиылған мұғалімдеріне Петербор білгіштері неше түрлі оқу жолынан үлгі көрсетіп, білім жолын ашып, сабақ береді.

Петербордағы оқу қазынасын, белгісін жиған музейлерді жиылған мұғалімдерді аралатып, не аспап, қай жерде оқу оқытқанда керегін көрсетіп береді. Оқуды жақсылап оқытатын Жапон, Америка, Норвегия сияқты жұрттардың қалай бала оқытып отырған үлгісін жиылған мұғалімдерге көрсетеді. 

Талапкер, орыс тілін білетін біздің қазақ мұғалімі бұл сиезге бармаса болмайды. Біздің қазақ баласын оқытатын мұғалімге осы сиезге барып жол, өрнек, үлгі-өнер үйрету мақсат. Біздің сорлы қазақтың мұғалімі нашар, кедей. Бұл Петербор сиезіне барып қайту, алыс-жақын жолына қарай 250-400 сом болады. Бұл ақшаны шығаратын қазақта мұғалім бар ма? Бұл шығын қалтасынан табылатын қазақта мұғалім бола ма?

Атадан келе жатқан мұра деп үй жиып, аяқ-табақ жиып, біреу түйе, біреу ат, біреу қой, біреу қозы, біреу лақ беріп, біреу аяқ, біреу табақ беріп, ата баласы жақсыға ас беретін қазақ рәсімі.

Дүние-ғұмыр күнде құбылған, неше түрлі заман. Қазақ жұрт болып қатардан қалмайтын болса, оқу, өнер жолына түсу мақсат. Орыс жұртының жақсы мақаласы бар: "жұрттан жиған жіп-жалаңашқа көйлек" деген.

Халық болып, көп-аз демей қазына жиып, талапкер қазақ баласын оқытатын мұғалімдерді Петербор сиезіне жіберу үлкен мақсат.

Еуропада мұндай жұрт қызметіне пұлды қазынасын өз жұрты үшін ұстайтын бай адамдар береді. Осындай халық пайдасына құрбан қылатын - ақшаны жұртқа жаңараққа шашуды шығарған жұрттың надандық - кемшілік белгісі. Осы сиезге баратын мұғалім шығыны - ақшаны бай талапкер жігіттер бере алмаса, бұл біздің қазаққа бір ұпай, жоққа не шара. Бірақ бұл ақшаны қара шығын қылып кедейге шашып шашылу керек емес.

Осы мұғалімдерді Петербор сиезіне жіберетін ақша қазақтан табылмаса, міне жұрттан қалғанның белгісі.

Бір жылда біздің он облыс қазақтан қажыға 2500 (екі мың бес жүз) кісі барады. Осы қажылар кісі басы 500 сом ақша ұстаса, осы 500-дің он сомын бала оқыту жолына деп құдайы берсе, осы он сомнан бір жылда 25 мың сом оқу үшін қызаны жиылар еді.

Қажылар бұл құдайыны не бере қойсын, бұл бір шөлдеп жүріп сарқыраған бұлақ көрген түс қой!

Үмітсіз шайтан, осы сиезге баратын мұғалімге ақшасы табыла қалса, жақыным, танысым, құда-тамырым демей, халыққа мәшһүр мұғалімді сиезге жіберу мақсат.

Міне алдымызда тәмәм қазақтың қаласында алым салатын, дау-жанжал бітіретін жиылыс. Осы бас қосылып тұрғанда осы сөзді қолға алмасын ба. Сіздер, оқушылар қазына жиғанда, біз мұнда халыққа, мәшһүр жұртқа қызмет қылатын мұғалімдерді шырақ алып іздемес біз бе?!

Қиналып тапқан ақылды, толғатып сөзге аудардым. Енді бұл сөзді іс қылмақ, оқушы жұртым, қазақ өз мойнында!

Қыр баласы.

"Мұғалімдер жиылысы" мақаласынан

"Қазақ" газеті, 1913 жыл, №40. Орынбор.

Дереккөз: Бөкейхан Ә. Шығармалары. VIII том.-Астана, 2018

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар