Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жарқын бейнесі жаңғырған қаламгер. Бүгін жазушы Еркінбай Әкімқұловтың тұрған шаңырағында ескерткіш-тақта ашылды

14:55, 14 қараша 2024 273

Қазақ руханият кеңістігінде шығармашыл, қайраткер тұлғалардың даралығын дәріптеп, Шәмші сынды қалың қазақтың мақтанышына айналған сазгердің көркем бейнесін жасаған қаламгер Еркінбай Әкімқұлов есімі әдебиетсүйер оқырманға жақсы таныс. Өз туындыларына жастардың өмірін, мөлдір махаббат пен пәк сезімді арқау еткен жазушының тұрған шаңырағында бүгін ескерткіш-тақта ашылды. Ұлт руханияты жолындағы ұлағатты іс-шара жайлы  Alash.kz ұлттық порталы арнайы жазды. 

Көрбілте қар бүркеген қарашаның қысыр суығына қарамастан Алматының тұрғындары, мәңгілік жас жаны әдебиеттен жұбаныш жазған оқырман қауым мен ел ағалары Еркінбай Әкімқұлов тұрған үйдің алдына жиналды. Құрметті қонақтар қатарында Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, ақын, этнограф Қасымхан Бегманов, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, «Өнер» баспасының директоры Әшірбек Көпіш сынды зиялылар мен қаламгердің ұрпақтары төбе көрсетті. 

Тарихи күннің тізгінін тұтқан ақын Қасымхан Бегманов қаламгердің шығармашылығы жайында сөз қозғап, ұлт мақтанышына айналған сазгер Шәмші Қалдаяқов екеуінің арасындағы достығы, бір-біріне деген іңкәр ықласы жайында тебірене сөйледі. 

- Қаламгер 83 жыл өмір сүрді. Соңында 20-дан аса шығармалары қалды. Белгілі жазушы бірнеше жанрда қалам тербеді. Шәмші Қалдаяқов, Өзбекәлі Жәнібеков жайлы жазған туындылары халықтың жүрегінен орын алды деп есептеймін, - деді ақын.

Кейіннен Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов сөз алып, қаламгер шығармашылығының ерекшеліктерін талдады. Сонымен қатар, Еркінбай Әкімқұловтың адами болмысына айрықша баға берді.

Екі ортада біз де жазушының ұрпақтарымен тілдесіп үлгердік. Балалары қазақша сөйлеуге қымсынса да, жанары отты, сөзі зерлі азамат, қаламгердің немере-інісі Архад Молдахмет бізге атасының шығармашылығы хақында түсінік айтып, ерекше тебіренісін білдірді. 

- Атамыз қазақтың аңыз-әңгімелерін, жыр-дастандарын кең көлемде шығармаға айналдырып, жарыққа шығарған. Елге танылған үлкен жазушылардың бірі. Ол кісінің адами қыры бір бөлек, жазушылық қыры бір бөлек, - деді ол.

Орайы келгенде айта кетейік, Еркінбай Әкімқұлов 1937 жылы 4 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Балтакөл ауылында туған. 1959 жылы Қазақ Мемлекеттік университетін бітірген соң, республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, Алматы қалалық партия комитетінде нұсқаушы, «Жазушы» баспасында редакция меңгерушісі, Қазақ радиосында аға редактор, «Жалын» баспасы бас редакторының орынбасары, «Рауан» баспасында редакция меңгерушісі, редактор, «Кітап жаршысы» («Друг читателя») басылымында Бас редактор болып істеген. 

Қаламгердің әріптесі әрі інісі «Өнер» баспасының директоры Әшірбек Көпіш шығармашылық тұлғаның жаратылысы, рухани биіктігі мен өнер әлеміндегі даралығы жайлы паш етіп, келген оқырман қауымды ой құшағына қымтап тастады. 

Қарашаның ызғарлы күнінде еңселі ғимараттың іргесінде тәу етер таңба, ұлылық есімін ұлықтар тақта ашылды. Бедері жарқыраған мөрлі ескерткіш тарих хроникасының тағы бір парағын толықтырды. 

Қазір енді ұлылар тұрған ұлы үйде қаламгер, аудармашы, журналист Еркінбай Әкімқұлов, биология ғылымдарының докторы, Қазақстан ғылым академиясының академигі Аймақ Жанғалиевтің,  геолог, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының корресспондет мүшесі,  Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Георгий Цараевич Медоевтің құрметіне орнатылған ескерткіш-тақталар жарқырап тұр. 

Дастан Қастай

 Alash.kz ұлттық порталы

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар