Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Депутат Нартай Аралбайұлы Мақатаев пен Нәжімеденов өлеңдерінің авторлық құқығын қаншаға сатып алды?

18:16, 14 қараша 2024 542
 

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде "Креативті индустрияны дамыту" тақырыбында талқылау өтті. Отырыс барысында Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы баяндама жасап, авторлық құқық мәселесін көтерді, - деп хабарлайды Alash.KZ Dalanews.kz сайтына сілтеп.

Депутаттың айтуынша, елімізде 15-16 авторлық қоғам бар.

"Олардың жұмысына қатысты көптеген сын бар, авторлық қоғамға шығармашылық адамдардың шығармашылығын тұтынғаны үшін түсетін ақшаның 70 пайызын қоғам өзі алып қалады. 30 пайызын авторға береді", - деді ол.

Нартай Аралбайұлы 2010 жылы зерттеу жүргізіп, авторлық қоғамға барып, 20 мың теңге төлеп, Жұмекен Нәжімеденов пен Мұқағали Мақатаевтың бір-бір өлеңіне автор атанғанын да айтты.

"Кассаға төлеңіз, авторлық құқық береміз" деді. Ешкім тексеріп жатқан жоқ. Мұқағали мен Жұмекенді тексермегенде басқа авторларды тексереді деу қате шығар", - деді ол.

Депутат авторлық қоғамдар Шәмшінің шығармашылығы үшін ұрпағына мардымсыз ақы төлеп отырғанын мәлімдеді.

"Авторлық қоғамдар авторлардың құқығын қорғамайтынының тағы бір дәлелі: осы жерде куәгерлері отыр. Шәмші Қалдаяқовтай ұлы тұлғамыздың шығармаларын орындағаны үшін ұрпағына бір маусымда, яғни үш айда 18 мың теңге ғана төлеген. Шәмшінің әнінсіз өткен кеш бар ма бұл қазақта?!" - дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін комитет отырысында танымал басгер Ресейге салынған санкцияның қазақ баспагерлері үшін қандай зияны барын айтты.

Бақытжан Бұқарбайдың сөзіне сенсек, Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғалы санкция мәселесі Ресейдегі кітап саласын айналып өтпеген.

"Ресей баспагерлері санкцияға ұшырап, олар қазір көп кітап басып, аударып-шығаруға рұқсат ала алмайды. Сондықтан заңды компанияларды еліміздің аумағында тіркеді. Басында заңды мекен жай үшін тіркеді ме деп ойласақ, олар мына жерге келіп те, нарықта бар тапсырыстарды алу үшін әрекет етіп жатыр. Әрине, біз ашық нарықпыз. Ешкімге тыйым сала алмаймыз. Бірақ буыны қатпаған қазақ баспагерлері үшін миллиондаған бюджеті бар ресейліктермен бәсекелестікке түсу - қиын проблема", - деді ол. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар