Сот күдіктіні қамауға алуға санкция берген. Бұған дейін Нұрлан Мәсімовке іздеу жарияланған.
24 маусымда жарияланған хабарландыруда Нұрлан Мәсімовтің қайда екені жайлы ақпарат берген адамға 12 миллион теңге сыйақы тағайындалғаны тағы да айтылды.
Жемқорлықпен күрес қызметі күдікті туралы хабар жеткізген адамның аты-жөні құпия қалады деп уәде беріп отыр.
Жемқорлықпен күрес қызметі бұған дейін, маусымның басында, Нұрлан Мәсімовті ұстауға көмектесетін хабар жеткізген адамға "400 айлық есептік көрсеткішке дейін" (12,7 миллион теңгеге жуық, немесе шамамен 30 мың доллар) сыйақы төленетінін хабарлаған.
Нұрлан Мәсімов 2019 жылдың қарашасынан биылғы қаңтарға дейін Павлодар облыстық полиция департаментін басқарды. 22 сәуірде "аса ірі көлемде пара алу" қылмысына күдікті ретінде оған іздеу жарияланды.
Нұрлан Мәсімов – Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің немере інісі. Кәрім Мәсімов Қаңтар оқиғасынан кейін "мемлекетке опасыздық жасау", "төңкеріс жасауға талпыну" және жемқорлық қылмыстарына күдікті ретінде қамауға алынған. Елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көп жыл бойғы "сенімді серігі" болған Кәрім Мәсімовтің үстінен қозғалған іс "өте құпия" саналады.
14 наурызда Қазақстан парламенті мәжілісінде баяндама жасаған бас прокурор Берік Асылов ҰҚК экс-төрағасы Мәсімов пен оның бұрынғы үш орынбасарының үстінен қозғалған істерді қоса есептегенде, "мемлекетке опасыздық жасау", "билікті басып алуға оқталу" және "аса ірі көлемде пара алу" қылмыстары бойынша барлығы 15 іс бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлаған. Бұған қоса ҰҚК үш департаменті мен екі полиция департаментінің бұрынғы басшылары да қамауға алынған. Олар Қаңтар оқиғасы кезінде қызмет орнын тастап кеткен деген күдікке ілінген.
20 маусымдағы ресми ақпаратқа сәйкес, Қаңтар оқиғасына байланысты барлық қылмыстық іс бойынша 514 күдікті қамауда отыр, 392 іс сотқа жіберілген, сот 433 адамға түрлі жаза тағайындап, үкім шығарған.
Қаңтар оқиғасынан кейін құқық қорғау органдары қызметкерлерінің күдіктілерді азаптап, тыйым салынған тергеу әдістерін қолданғаны туралы азаматтардан жүздеген шағым-арыз түскен. Қазірге дейін қоғамда резонанс тудырған сегіз оқиға бойынша арнаулы қызмет пен құқық қорғау органдарының 15 қызметкері күдікті деп танылған. Олардың тоғызы қамауда отыр.