Митингіге 100-ге жуық журналистер мен құқық қорғаушылар және белсенділер жиналды. Orda.kz сайтының бас редакторы Гүлнар Бажкенова, "Әділ сөз" баспасөзді қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева, "Сарыағаш-Инфо" сайтының бас редакторы Амангелді Батырбеков, журналист Гүлжан Ерғалиева, Ардақ Бөкеева және қоғам белсендісі Инга Иманбай мен саясаткер Болат Әбілев, Мұхтар Тайжан сөйледі.
Жиынға келгендер "Сөз бостандығы – өз бостандығың", "Тілші – қоғамның үні мен ары", "Цензураға жол жоқ" деген жазуы бар плакат ұстап тұрды. Митингіні сырттай полиция бақылады.
"Біреулер журналистер де митингіге шыға ма деп сұрайды. Иә, журналистер де митингіге шығуға тиіс. Бізде билік журналистер күнін түрлі сый-сияпат, марапатпен атап өтеді. Меніңше, журналистер бұл күні, кемі жылына бір рет митингке шығып, сөз бостандығын талап етуге құқылы"- деді Orda.kz сайтының бас редакторы Гүлнар Бажкенова.
Қазақстанда 28 мамыр - БАҚ қызметкерлері күні болып белгіленген. Мереке қарсаңында билік өзіне тәуелді БАҚ-тар мен журналистерді марапаттауды көбейтетіні байқалған.
Orda.kz сайты бұған дейін ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровтың журналистер митингісі жайлы пікірін жариялаған. Асқар Омаров Қазақстандағы сөз еркіндігі 5 балл шкаламен есептегенде 5 деп бағалайтынын айтқан.
Бұған дейін Orda.kz сайты редакциясы митингіге шақыру себебін түсіндіретін үндеу жариялаған еді. Үндеуде "Қаңтар оқиғасы көп нәрсені өзгертті. Бірақ журналистерге сөз еркіндігі берілді ме? Жоқ. Біздің зерттеуіміз, әсіресе мемлекеттік БАҚ- тарда сөз еркіндігі жоқ екенін көрсетіп отыр" деген болатын.
Шымкенттік журналист Амангелді Батырбеков Қылмыстық кодекстің "Жала жабу" деген 130-бабы журналистерге жиі қолданылатынына назар аударды.
- 30 жылда осы баппен мені 4 рет соттамақ болды. Бірақ журналист, әрі заңгермен. Сондықтан төртеуінде де ақталып шықтым. Билік ауызымды жаба алмайтынымды түсінген соң өзімді және отбасымды өлтіруге "тапсырыс" берді. Құдай сақтап, аман қалдық. Бірақ мен бұл жолдан қайтпадым. Барлық журналист табанды болса, сөз бостандығы орнайды",- деді ол.
Жиында сөйлеген қоғам белсендісі Инга Иманбай саясаткер Жанболат Мамайдың журналист, редактор ретінде бұған дейін де бірнеше рет жауапқа тартылғанын, Қаңтар оқиғасынан кейін де түрмеде отырғанын алға тартты.
Журналист Глжан Ерғалиева журналистерді өз құқығын қорғай білуге шақырды.
- Өздеріңізді қорлап, кемсітуге, қысым көрсетіп, медиаларыңызды жабуға жол бермеңіздер. Бұған дейін журналистер қауымында бірлік болмады. Бұл - билікке сөз еркіндігін одан сайын шектей түсуге мүмкіндік берді",- деді ол.
Биыл мамыр айының бас кезінде "Шекарасыз тілшілер" халықаралық құқық қорғау ұйымы жыл сайынғы Дүниежүзілік баспасөз индексін жариялады. Қазақстан былтырғымен салыстырғанда 33 сатыға жоғарылап, 122-орын алған. Бірақ бұл міндетті түрде елдегі ахуал жақсарды дегенді білдірмейді дейді зерттеушілер биылғы индекстің бағалау жүйесі өзгергенін ескертіп.
"Онлайн жаңалықтардың сапасы жақсарғанымен, репрессия да күшейіп келеді. Тәуелсіз баспасөз сөз еркіндігіне қол жеткізе алатын жалғыз алаң – интернетті бақылау күшейіп отыр" дейді ұйым Қазақстандағы баспасөз еркіндігіне баға бере отырып.
Қазақстан биылғы индексте едәуір жоғарылаған. Алдыңғы жылы 155-орында, арғы жылы 158-орында болған.
Академиялық және медиа саладан іріктелген жеті сарапшы "Шекарасыз тілшілер" ұйымының жиырмасыншы дәстүрлі индексінде жаңа әдістеме қолданған.
Зерттеушілер Қазақстан билігінің 1997 жылдан бергі "репрессиялық реформаларының" салдарынан елді үкіметті мадақтайтын пропаганда құралдарының жайлағанын, санаулы ғана тәуелсіз баспасөз қалғанын айтады.