Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Нұрсұлтан Назарбаевтың, туыстарының, жора-жолдастарының қазақ халқының алдында үлкен қарызы бар!" - Е.Сайыров

07:43, 20 қараша 2023 149

"Назарбаев інісінің асында саяси мәлімдеме жасады". Мәжіліс депутаты экс-Президенттің сөзі жайлы өз ойын білдірді.


18 қарашада Астананың Бас мешітінде өткен Болат Назарбаевтың асына Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров назар аударып, экс-Президенттің сөзі жайлы ойын білдірді, хабарлайды alash.kz.




«Кеше мемлекеттің бұрынғы басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жора-жолдастарын, туыстарын жиып, туған інісі Болат Назарбаевқа ас берді. Аста Нұрсұлтан Назарбаев саяси мәлімдеме жасады. «Мен өмірдегі барлық парызымды орындадым. Содан кейін биліктен кеттім» деді. Ал шын мәнінде, Нұрсұлтан Назарбаевтың, оның туыстарының, жора-жолдастарының қазақ халқының алдында үлкен қарызы бар! Ол – 30 жыл ішінде жұлым-жұлым болған қазақтың бүкіл байлығын қайтадан елге қайтарып беруі керек», – дейді Сайыров әлеуметтік желідегі парақшасында.

Депутат Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ халқына еңбегі зор екенін, оны жақсы білетінін, оның ең негізгісі шекараны шегендеу екенін атап өтті.
«Бірақ шекараны шегендедім екен деп, бүкіл байлықтың бәрін туыстарына, өзіне таратып беру саяси тұрғыда әділеттілікке жатпайды. Мемлекетті басқарған азаматтардың бір-ақ капиталы болады. Ол – халықтың сый-құрметі. Сондықтан бүгінгі таңдағы ең негізгі қарыз – бүкіл байлықтың бәрін халыққа қайтарып беру», – деп түйіндеді Ерлан Сайыров.

Еске сала кетейік, 18 қарашада Астанада Нұрсұлтан Назарбаев қайтыс болған інісі Болат Назарбаевқа арнап ас берді. Асқа «Ескі Қазақстан» атанған бұрынғы шенеуніктер жиналды. Асқа бұрынғы Сенат төрағасы, Мәжілістің бұрынғы депутаты Дариға Назарбаева, бұрынғы облыс әкімдері Гүлшара Әбдіқалықова мен Даниал Ахметов, экс-Президенттің күйеу балалары Тимур Құлыбаев пен Қайрат Шәріпбаев, Әнипа Назарбаева, белгілі адамдардан Қырымбек Көшербаев, Қайрат Мәми, Ерлан Тұрғымбаев, Қалмұханбет Қасымов, Нұртай Әбіқаев, Қайрат Қожамжаров, Ермұхамет Ертісбаев, Байбек Қыдырғали, Ахметжан Есімов, Өмірзақ Шөкеев, Мырзатай Жолдасбеков, Бүркіт Аяған қатысқан.





Бұл мақала туралы не ойлайсыз?