Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Ол өте алмайды. Өтпейді де». Назарбаев Нұрқаділовты мәжіліс төрағалығына неге өткізбей қойды?

20:03, 30 наурыз 2024 412

Назарбаев пен Нұрқаділовтың текетіресі ертерек басталған. Бұл жөнінде Қазақстанның тәуелсіздік жылдары мәжіліс депутаты болған Оразалы Сәбденов Назарбаев Нұрқаділовті Мәжіліс төрағасы болдырмай қойған уақыты туралы айтты. 

Бұл туралы ол журналист Асылхан Мамашұлына берген сұхбатында айтты. Ең алдымен журналист елдегі Мәжіліс төрағасын сайлау тарихы туралы әңгімелеп берген.

«1991 жылы 1 желтоқсанда Назарбаев Қазақстан президенті болып сайланды. Сонда Жоғары кеңес төрағасы Ерік Асанбаев вице-президент болып сайланып, орны босап қалады. 12 желтоқсанда депутаттар жоғарғы кеңес төрағасын сайлады».

Сол кезде Жоғарғы кеңес төрағасы міндетін атқарып отырған Серікболсын Әбілдин былай деп еске алған:

«Президент сайлауы өтіп 10 желтоқсан түстен кейін инаугурациясын жасадық. Назарбаев риза болды. Оңаша сөйлесіп отырғанда «ертең жоғарғы кеңес төрағасын сайлағанда сізді қолдаймын, сіз болмағанда кім болады?» деп айтқан».

Асылхан Мамашұлы келтірген деректерінде келесі күні Жоғарғы кеңестің жиыны болғанын айтады. Депутаттар 3-4 кандидатураны ұсынған. Ішінде жоғарғы кеңес төрағасы міндетін атқарып отырған Серікболсын Әбілдин де бар. Сол кезде бір депутат шығып «Әбілдиннің кандидатурасына қарсымын» дейді.

«Әбілдин болады деп сеніп отырған біраз депутат аңтарылып қалған. Біразы Әбілдинге қарсы шыққан. Қып-қызыл даудан кейін Әбілдн дауысқа салынып, сайланып, төраға болады. Оған қарсы шыққан депутатты Назарбаев қолдаған болып шыққан».

Бұл туралы Назарбаев жақында шыққан мемуарында да айтқан екен. Кітабында экс-президент Әбілдинмен жұмыс істегім келмеді деп еске алған.

«Ақыры бұл жоғарғы кеңесті 1993 жылы желтоқсанда Заманбек Нұрқаділовтің көмегімен Назарбаев тарқатып жіберген. Сөйтіп 1994 жылы наурызда жоғарғы кеңесті қайтадан сайлайды. Төраға кім болады деген мәселе тағы шығады. Назарбаев Әбіш Кекілбаевтың кандидатурасын қолдайды. Оған басқа депутаттар көне салмай Ғазиз Алдамжаровты ұсынады. Қуаныш Сұлтанов пен Сұлтан Сартаев та кандидатурасын ұсынады. Төраға сайлау қызып, мәселе екінші турда бірақ шешіледі.

Бірінші турда Алдамжаров Кекілбаевтан бір дауыс кем түседі. Екінші турда Назарбаев қолдап отырған Кекілбаев жеңіп, төраға болады. Жоғарғы кеңестің құқығы атқарушы биліктен кем болмаған. Депутаттар президенттің өзін шақырып, сұрақ қоя алады.

Бірақ Назарбаевқа бұл ұнамай, ол Жоғарғы кеңесті тарқатып жібереді. Артынша Сенат пен Мәжіліс пайда болады. Мәжіліс төрағасы болып Марат Оспанов сайланады. Бірақ оның өзі оңай болмаған. Оспанов қалай сайланғанын сол кездегі жоғарғы кеңестің де, мәжілістің де депутаты болған Оразалы Сәбденов Асылхан Мамашұлына әңгімелеп береді.

«Жарты сағаттан кейін президент шақырды. Ол Ресейдің Қорғаныс министрін қабылдап отыр екен. Оны шығарып салып, мені шақырды. Мен кірдім. «Мен сені құттықтаймын. Сені министр етіп қояйын деп едім. Бірақ сен бұл жерде көп отырмайсың. Премьердің орынбасары боласың» деді. «Мен ұлы жүзбін, сен де ұлы жүзсің. Бәрін алып алған болмайды ғой, мен Мәжіліс төрағасы Оспанов болсын деп отырмын. Комитет төрағасы болып отыра бересің. Бірақ түспей-ақ қойшы (сайлауға)» деді. Бір уақыттан кейін кетерде «сен түс (сйлауға)» дейді. «Сенің алдыңда Заманбекті шақырдым. Келіп, «мен түсемін,  мен өтемін» деп мені тыңдамай, айқайлап кетті. Ол өте алмайды. Өтпейді де» деді. «Марат Оспановқа дауыс береміз, сөйтіп кандидатураңды ал» деді. Маған бұл ұнамады. Арқамнан қағып, шығарып салды.

Кешке маған Марат Оспанов хабарласып, «саған президент айтты ғой» деді. «Марат, не айтып отырсың? Мен емес, депутаттар сайлайды ғой сені» дедім. Келесі күні сайлау басталды, төрағалыққа ұсыныс жасалды. Ертеңіне Заманбекті, Оспановты ұсынды, Жолдасбековті ұсынды. Жолдасбековті Назарбаев шақырып келісіп қойған екен. Ол келісіп, комитет төрағасы боламын депті. Сөйтіп ол кандидатурасын алып, сайлауға түспеймін деді. Бір уақыттан кейін мені ұсынып жіберді. Мен сайлауға түспеймін деп келдім ғой. Солтүстік Қазақстанның бір орысы мені ұсыныпты. Өз атымды естігенде таңғалдым. Сөйтсем президент біреу мені ұсынып жіберетінін алдын ала білген екен ғой. Президентке берген сөзім бар ғой, кандидатурамды аламын дедім. Екі адам ғана – Нұрқаділов пен Оспанов қалды ғой. Нұрқаділов өтпей қалды", - дейді Оразалы Сәбденов.

Артынан бірнеше депутат Оразалы Сәбденовтің кабинетіне келіп, неге кандидатурасын алып тастағанын сұрай бастаған. Тіпті Заманбек Нұрқаділов те келіп, Сәбденов кандидатурасын алып тастағанына наразы болған.

«Ты дурак. Жарайды, мен өтпеймін, сен өтер едің ғой, үндемей отырсайшы» деді.  Мен сөз бердім дедім», - дейді Оразалы Сәбденов.

Осылайша Парламент сайлауына да, оның төрағасын сайлауға да Назарбаевтың араласып жүргенін көреміз дейді журналист Асылхан Мамашұлы.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар