Орыс баласы оқудан босаса, футбол, доп, жарыс, неше түрлі дене тәрбиесі, қазақ баласы оқудан шықса көше қыдыру, таныс жағалау, жоқ жерден пайда қыла қою...
Орыс баласы бос болса құс атады, қайыққа мінеді, музыка тартады, кітап, әдебиет қарайды. Қазақ баласы қолы босаса, түтін аңдиды, өсек аңдиды...
Бұ қалай? Орыс баласы істеген өнер қазақ баласының қолынан келмей ме? Әбден келеді. Бірақ мойны түскір жар бермейді. Неге? Көргені, үлгісі жаман.
Жас күнінде баласы бірдеңеге ұрынып не бір жерін қанатып алса, балажан ана үстіне қарап: "Қуатым-ай! Ауырып қалды ма? Үрлейінші, сүйейінші" деп, ауырған жерін одан жаман ауыртады. Аяған сайын баласы одан сайын бажылдап жылайды.
Бұл неге үйретеді? Жылауықтыққа, өтірік байбаламға, сары-уайымға,әйеңкестікке үйретеді.
Ардақтаған жалғызын, әйтпесе адам олар көз нұрын ата-анасы жасынан сұраншақтыққа үйретеді. "Ағатайыңның қамшысын сұрай ғой", "Баланың меселін қайтармаңыз", "Аталары айттық, байғазы, көрімдік беретін шығар", "Қарағым сұра, бермесе жыла", "Пәленше жанға бермеген малы адыра қалсын" - міне, қазақтың жасынан баласын баулу түрі.
Өскен соң бұл бала сімтік болмай, сұраншақ болмай, жалынғыш, жағыншақ, жарамсақ болмай тұра ма?
Сұраншақтық қазақтың өзіне мін емес көрінеді. "Жыламаған балаға емшек бермейді", "Бермейтін сараң болмайды, сұрауы жетпейді", "Берген перне бұзады" - міне сұрау қолдаған даналығы.
...Заман өткен жоқ. Жаман әдеттен құтылам деген адам қырыққа келсе де, құтылуға болады. Әдетке қарсы әдетті шоқпар қыла білу керек. Жылауық, байбалам, жалыншақ, сұраншақ, жағыншақ, жарамасақ елдің жаны құл болады.
Құлдықтан босанғанды жастардың мінезі дәлелдейді. Жоқ болсаң да ірі көңіл, сұңқар мінезді бол. Ондай Қартқожалар бізде жоқ емес, бар. Солардан үлгі алыңдар, бауырлар!
Жүсіпбек Аймауытұлы, «Бұл әдеттен арылу керек» мақаласынан