Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Орталық Азия ренессансы: Дамудың жаңа тарихи кезеңіндеміз

11:44, 08 тамыз 2024 380

Көшпелі және отырықшы өмір салтының үн­дестігі мұндағы шаруашылық жүйенің негізі болып қана қоймай, аймақтың өзіндік саяси-құқық­тық мәдениетін және кез келген өзгеріске бейімдігі­мен, төзімділігімен ерекшеленетін құндылықтар жиын­тығын қалыптастыруға ықпал етті. 

Орталық Азия кеңістігі сан алуан империяның құрылғаны­на, ыдырағанына, саяси және экономикалық модельдердің табиғи жолмен дамығанына куә болды, бірақ өзіне тән бірегейлігін сақтап қалды. Халықтарымыз ежелден түрлі өркениетпен тіл табысып, қарым-қатынас орната білді. Соның арқасында бұл аймақ өзінің этномәдени және рухани ерекшелігін сақтай отырып, Ұлы Жібек жолының және тұтастай алғанда үлкен Еуразияның тарихында шешуші рөл атқарды.

Дамудың жаңа тарихи кезеңінде елдеріміз көптеген сынақ пен қиындықты бастан өткерді. Дегенмен Орталық Азия республикалары «қалып­таспаған мемлекеттердің» қатарына немесе failed states деп аталатын топқа қосылады деген пес­симистік болжам расталған жоқ. Аймақтағы елдер өздерінің қалыптасқан дербес мемлекет екенін дәлелдеп, халықаралық қауымдастықтағы лайықты орнын алды. Халықтарымыздың бірлігі мен даналығының арқасында біз өзіміздің аумақтық тұтастығымызды, еркіндігіміз бен егемендігімізді нығайттық.

Бүгінде өңірдегі әрбір елдің мемлекеттік құрылыс, нарықтық экономиканы дамыту, мәдени мұрасын қалпына келтіру, ұлттық бірегейлігін қалыптастыру ісінде өзіндік тәжірибесі бар десек, артық айтқандық емес.

Қоғамдық және мемлекеттік инс­титуттар жаңғыртылды. Дамыған инфра­құрылым мен өнеркәсіп желі­сі құрылды, мыңдаған шақырым жаңа теміржол мен автокөлік жолы салынды, маңызды әлеуметтік нысандар бой көтерді. Біздің ашықтық пен жаңару жолындағы бағытымыз ұлттық эко­но­микаларымыздың дәйек­ті түр­де өсуін және олардың әлем­дік эко­но­ми­калық қатынастарға ықпал­да­суын қамтамасыз етті. Білім беру, ден­­саулық сақтау және зейнетақы жүйелерінің жоспарлы дамуы ха­лық­­тың әлеуметтік-экономикалық жағ­дайының айтарлықтай жақса­руына септігін тигізді.

df

Өңірдегі мемлекетаралық қаты­настар да түбегейлі өзгеріске ұшыра­ды. Елдеріміздің арасында барлық деңгейде сындарлы екіжақты және көпжақты диалог жолға қойылды, өза­ра тиімді ынтымақтастық дамып келеді. Осыған дейін аймақта­ғы қа­рым-қатынасты жан-жақты дамы­туға кедергі келтіріп, қайшылық ту­ғызған мәселелерді шешу жолындағы жетістіктеріміздің мән-маңызы зор.

Су-энергетика саласында өзара тиім­ді шешім табуға қатысты табыс­тарымызды жоғары бағалауға болады. Мемлекеттік шекараларды дели­митациялауға, шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмысын жетілдіруге, көлік қатынасын кеңейтуге, жаңа бағыттарды іске қосуға және азамат­тардың барыс-келісін жеңілдетуге қатысты мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге қолайлы жағдай жасалып отыр. Өңірдің ұзақмерзімді қауіп­сіздігін және өркендеуін қамтамасыз ету үшін күш біріктіру жолындағы іс-қимылдар да тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттан айнымасымыз анық.

Бүгінгі таңда бес мемлекет ара­сындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынас­тар нақты мазмұнға ие болып, те­рең стратегиялық әріптестік пен одақ­тастық деңгейге көтерілді. Орталық Азия мемлекеттері сыртқы саяси қарым-қатынаста өзінің салиқалы стратегиясын жасай алды. Бұл қадам еларалық және өңіраралық мүдделер тепе-теңдігін сақтап, елдеріміздің жаһандық үдерістерге толыққанды қатысуына жол ашты.

Орталық Азия елдері ТМД, ШЫҰ, АӨСШК, ЭЫҰ, ЕАЭО, ТМҰ және басқа да табысты әрі ықпалды ұйымдардың құрылтайшысы ретінде бейбітшілікті жақтайтын мемлекеттер екенін дәлелдей отырып, өзінің идеялары мен жобаларын көпжақ­ты құрылымдарда белсенді түрде ілгерілетіп келеді. Міне, осының бәрі «Орталық Азия бестігін» Еуразия құрлығының төрінде тұрақты дамып келе жатқан бақуатты елдер деп сеніммен айтуға мүмкіндік береді.

Ортақ тарихымыз, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достығымыз бен тату көршілік дәстүріміз бауыр­лас халықтарды бұрынғыдан да жа­қын­дастыра түсетін мызғымас тұғыр болып қала беретіні анық.

 

II. ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНДЕГІ АЙМАҚТЫҢ РӨЛІ

Орталық Азия мемлекеттері мен халықтары географиялық орнына байланысты ғасырлар бойы бірін-бірі мәдени жағынан байытуға және құрлықта өркениетаралық диалог орнатуға ықпал етті, бейбітшілік пен өзара түсіністікті сақтау ісіне қомақты үлес қосты. Орталық Азия қазір де осы ізгі әрі жауапты миссия­сын табысты жалғастырып келеді.

Біздің мемлекеттеріміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының маңызды қарарларының тең авторлары атана отырып, жаһандық орнықты даму, жалпыға бірдей қауіпсіздік пен тұ­рақтылықты қамтамасыз ету, өңір­лік және халықаралық құрылымдар аясында бір-біріне қолдау көрсету сияқты мәселелер бойынша ортақ ұстанымнан айныған емес.

«ОА плюс» форматындағы жаңа диалог орындарының пайда болуы Орталық Азияның халықаралық саясат субъектісі ретіндегі саяси салмағы арта түскенін аңғартады. Осыған дейін мұндай форматта 9 саммит және жоғары деңгейдегі кездесу өтті. Кейінгі екі жылда «ОА – РФ» (Астана), «ОА – ҚХР» (Сиань), «ОА – АҚШ» (Нью-Йорк), «ОА – ГФР» (Берлин) бірінші саммиттері, ОА және Еуропалық Одақ мемлекеттері басшыларының екі кездесуі (Астана, Шолпан-Ата), «ОА – ПШАМЫК» (Жидда) бірінші саммиті, сондай-ақ «ОА – Үндістан» саммиті (онлайн форматта) өткізілді. Биыл Астанада алғаш рет «ОА – Жапония» саммиті өтеді.

Осы форматтағы өзара ықпалдас­тыққа басқа да елдер, халықаралық ұйым­дар қызығушылық танытып отыр­ғанын атап өткен жөн. Осылай­ша, өңірдің әлемдік арена субъектісі ретіндегі орнын бекітуге маңызды қадам жасалып жатыр.

Жаңғыртуға және озық білімге ұмтылумен қатар, дәстүрлі құнды­лық­тарды ұстану жолы – Орталық Азияның даму бағдары. Сөйтіп, біздің аймақ жаңарып жатқан ха­лық­аралық жүйенің дербес әрі ық­пал­ды мүшесіне айналып келеді. Бү­гінде біз халықаралық геосаяси және геоэкономикалық өзгерістердің Еуразиядағы орталығы ретіндегі рө­лі­мізді нығайтуды көздеп отырмыз.

Өңірдің экономикалық салма­ғы­ның арта түсуі, инновациялар үшін ашық болуы және зияткерлік әлеуеті оның қазіргі заманғы әлем­дік құрылымның негізгі қозғау­шы күштерінің біріне айналуына мүмкіндік беретін алғышарттарды қалыптастырады. Біздің мемлекет­теріміздің бұған қажетті барлық ресурсы мен мүмкіндігі бар.

Сыртқы әріптестерімізбен бір­лесіп жүргізетін өңірлік жобалар аясындағы ортақ ұстанымдарымызды диалог алаңдарында жан-жақты ілге­рілету үшін күш біріктіру мәселесі ерекше назар аударуға лайық.

Орталық Азияны Еуропа мен Азияның арасындағы көпір ретінде ғана емес, халықаралық қатынастар саласында жаһандық деңгейдегі жаңа орталыққа айналуға қабілетті жеке ойыншы ретінде танытатын уақыт келгеніне сенімдімін.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар