Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Өзбекәлінің қызметке келуі қазақтың бағын көтерді, арыстарын ақтады

22:02, 12 наурыз 2024 370

Ең соңында Міржақып Дулатовтың ісі қаралды. Бұл мәселе жөнінде Өзбекәліде де, оның тапсыруымен Жабайханда да оңаша пікір алыстық. Бұл істің басқаларынан гөрі қиын жағдайы бар еді. Аман­гелдінің өліміне Міржақыптың қатысы бар (Амангелді өлтірілгенде Торғайды Міржақып билеп тұрған) деген әңгіме тараған. Сондықтан да бұл мәселені батыл көтеруге ешкімнің жүрегі дауаламай, «қоя тұрайық, артынан көреміз» дескен.

Бір күні мені Өзбекәлі шақырыпты. Барып ем, ол әңгімені өзіне Міржақыптың қызы Гүлнардың келіп кеткенін, Ахметтерді ақтағанда, өмірін сол кісімен бірге өткізген әкесін тастап кеткеніне реніш білдіргенін айтты. Гүлнар апа­рып көрсеткен құжаттармен, әртүрлі қағаздармен танысыпты. Қауіпсіздік комитетіне Амангелдінің өліміне Міржақыптың қатысқан, қатыспағанын анықтап беруді сұрағанын айта отырып, оның әдеби шығармаларын қарап, қорытынды жасауды тапсырды.

Мен Жабайханмен ақылдаса отырып, Міржақыптың әдеби мұрасы жайлы хат дайындадым. Оны апарған кезімде қолына қалам алып отырып, Өзбекәлінің өзі қарап толықтырды. Қауіпсіздік комитеті де Амангелдіні өлтірушілердің тізімінен Міржақыптың есімін таппады. Сөйтіп, Міржақып та ақталды. Мен бір нәрсеге қуанамын – дәл осы бір тұста Орталық Комитеттің идеологиялық жұмысы басында, Өзбекәлі емес, басқа біреу отырса, осы мәселелерді біз ойдағыдай шеше алмаған болар едік.

Құдай абырой бергенде, «бітер істің басына жақсы келер қасына» дегендей, Өзбекәлінің осы қызметке келуі қазақтың бағын көтерді, арыстарын ақтады, жоғын толтырды. Аталған арыстарды ақтау қағаздарын түгелдей біз дайындадық. Шығармаларын ­ойдан, қырдан (көбі өзімізде жоғалып, беттері жыртылып кеткен) Мәскеу, Ленинград, Қазан, Ташкент – тағы басқа жерлерден іздедік, институт қызметкерлері ­ерекше бір қарқынмен, шабытпен жұмыс істеді. Ертелі-кеш уақытпен санаспай, Ж.Әбділдинмен, Ө.Жәнібековтің өзімен байланыс жасап тұрдық. Оның азаматтық ерлігін, ел сүю сезімінің байлығын, ұлтжандылығын мен осы бір тұста ерекше таныдым.

академик Серік ҚИРАБАЕВ

Дереккөз:anatili.kazgazeta.kz

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар