Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Өзімізге өкпелемесек, өзгеге өкпелер бет жоқ" - Ахмет Байтұрсынұлы

23:50, 06 наурыз 2024 405

Қамсыз жатқан қазақтың көңіліне соң­ғы кезде ғана кіре бастады. Басқа келген нәу­беттің қайдан келгенін, кімнен болғанын біле алмай, әркімнен көріп өкпелейді. Пайдаланып отырған жерін мұжыққа алып берді деп үкіметке өкпелейді. Қазақ жерін қа­зыналық етуге неге көнген өткендерге өкпелейді.Төменде қазақ өкпелеуінің жөні бар ма, жоқ па – соны жазбақпын.

Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы. Атадан қалған мирасымыздың жайы мағлұм, балаға бұл қалыпта тұрып не мирас қалдырмақпыз, оны болжауға да артық әулиелік қажет емес. Көп жұртта да ғылым, өнер кем, бәрі қарайлас тең заманда қазақ та қалт-құлт етіп өз алдына хан болып жүрді. Хандары да, халқы да ғылым өнерді керек қылмаған. Бірімен бірі жауласып, басқа берекелі жұмыс ойлан­баған. Өзге жұрттар ілгері басқанда, қазақ кері басқан. Ханы надан, халқы надан жұрты мықты мемлекеттің жанында өз алдына хан болып тұруға көп күш керек екен. Ол күш алтыбақан ала ауыз қазақта болмаған. Хан басын қарашаға теңгеру жеңіл болмаса да, өз алдына жұрт болып тұра алатын болмаған соң, хандарымыз халқыменен Россияға қосылған.

Қазақ жерінің қазыналық болғанына өкіну – білмегендік. Әуелі – қазыналық етемін дегенде көнбеске шара жоқ. Екінші, жер өзінде болмаса, қазаққа пайдалы емес, бәле болар еді. Жер өзінде болған естек жұртын көрмей жүрміз бе?! Жері көп, малы көп естек көрінбейді ғой. Шаруа жерімен бай, жерінен айырылған соң, жұмыс біткені. Естекті жерден жұрдай ғып түбіне жеткен надандық пен жалқаулық. Шай, шекер, шүберектей болмашы нәрсеге сатып, естектер жерін тауысты. Жерден айы­рылып, шаһар шаһарға тозып, тентіреп кет­ті, кетпегені кедейліктен жүре алмайды. Тұр­ған шаһарының көшесін сыпыратын, қорасын тазалайтын, отынын жаратын, боқ­тығын таситын о ғайри қара жұмыс қы­латынның бәрі болмаса, көбі естек.

Қазақтың естектен надандығы да, жал­қау­лығы да кем емес. Жер өзінікі болса, қазақ естектің істегенін істемейді деп кім айтар?! Айтатын адам болса, тыңдауға бармын, істемейді деп айтуға жоқпын.Қазақтың әлі күнге жерден қол үзбей отырғаны – жер қазыналық болғандықтан. Бүгін тойғанына мәз болып, ертеңгісін ұмы­татын қазақ бүгін жерін сатып тойып, ертең тентіреп кетер еді. Жер жалдаған қазақ аз ба? Жер жалдаудан тартынбағандар са­туд­ан да тартынбайды. Жер қазыналық болған соң сата алмады, жалдаудан тартынып қалған қазақ аз шығар?! Қазақ облыс­тарындағы мұжық қалаларының көбін хакім қондырған жоқ, қазақ өзі қондырған. Ес­тектер сықылды шай, қант, шүберекке қызығып, жер жалдап, мұжықты ішіне кір­гізген өзің емес пе?! Өзің қондырсаң дұрыс та, хакім қондырса бұрыс па?

Өткендердің көзіне қырау түскеніне өкінбей, өз көзіңе түс­кен қырауды аршып қара. Асқа өкпе­леген балалардай құр бұлтиғаннан ештеңе өнбейді. Іс оңғы басарлық қылығың жоқ. Амалыңды түзет, түземесең ешкімге кінә қойма. Беті жаманның айнаға өкпелеуі жөн бе? Ниеті жаманның Аллаға өкпелеуі жөн бе? Талап жоқ, үміт мол халықпыз. Үмітіміздің көбі қошқар, қасқырдың үміті сықылды! Өзім жат­сам екен, керегім өзі кеп тиер болса екен дейміз. Оны Алла да, адам да қабыл көрер ме?! Еңбексіз егін шықпайды, терселең терің тегін қалмайды. Телміріп алған теңгеден, тер сің­діріп алған тиын жұғымды. «Қараған қарап қалар» деген қазақта жақсы мақал бар, бірақ, ол мақалды ескеретұғын қазақ жоқ. Қарап жат­қанда табылатын болса, ғылым, өнер бар­шасы қазақта болар еді, олардың бірі де көрінбейді.

Ата жолдасы надандық, өнерсіздік қазақтан айырылатын емес. Надандықтың кесапаты әр жерде ақ маңдайымызға тисе де, ата жолдасымыз болған соң, біз де қиып айырылмай ақ келеміз. Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қа­ғыл­ғанымыз, жоралы жерде жолдан қа­ғылғанымыз – бәрі надандық кесапаты. Сонда да, соны ғылым өнерден артық кө­реміз. «Аллаңнан ойбайым тыныш» дей­тін қазақ, ғылымыңнан надандығын тыныш көреді. Не шара бар?

Дүниеде теңге – теңдік, кемге – кемдік, азды көпке теңгеретін ғылым мен өнерді, ел­сізді елдіге теңгеретін жоқты барға тең­геретін ғылым мен өнерді керек қылатын қазақ аз. Теңдікке қолы қалай жетсін?! Қатерлі жерде қаперсіз отырдық. Өзімізге өкпелемесек, өзгеге өкпелер бет жоқ.

Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,

«Айқап» журналы №1,1911 жыл.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар