Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Қай бейбақ бақытыңның көшін бұзды?". Ақын Серікзат Дүйсенғазы Мақпал Жүнісованың шерменде көңіліне үңіліп, қолдау білдірді

12:08, 11 қыркүйек 2024 5423

Соңғы күндері қазақтың ерке қызы атанған Мақпал Жүнісованың видеолары желіде қызу талқыға түсті. Дарынды әншіні даттап жатқандар мен қолдау көрсетіп жатқандар да жетерлік. Бірі әншінің жанына үңілсе, енді біреулер әрекетін сынға алып әлек. Осы орайды ақын Серікзат Дүйсенғазы өнер адамының жандүниесіне үңілді. Ақындық көзбен қарап, замандас жанын ұғудың көпшілік бойынан табыла бермейтін асыл қасиет екенін өлеңмен өрнектеді, деп хабрлайды Alash.kz ұлттық порталы Kyn.kz сайтына сілтеп. 

"Қалқаман Саринның он жыл бұрын жазылған осы өлеңінде әншінің тағдыр тәлейі, болмыс-бітімі жырмен керемет өрілген.

"Қайыр жоқ жердегі көп пенделерден,
Қайғыңды көктегі тек құс бөлісер".

Осы екі жолда барлығы тұрған жоқ па?

МАҚПАЛ ЖҮНІСОВА ТУҒАН КҮН!

Күнімен күміс қанат жаусын ақ қар,
Түнімен тұрсын жанып шамшырақтар.
Әуенге бір ғажайып бөлеп бізді
Әлемге келген күн бұл - әнші Мақпал!

Әдемі ән айдынның аққу құсы,
Басынан кетпесе екен бақтың күші.
Шырайы сахнаның ерке Мақпал
Шынайы шіркін, қандай, шат күлкісі!

Бұл күнде күлкісінен басым мұңы,
Тиген соң талайлардың тасырлығы.
Наданның дәурені озып бара жатыр
Адамның артта қалып асылдығы.

Азғындар бола алмастан арлыға жұп,
Амалсыз жаралайды жанды нәзік.
Сағынған елді көрдім сізді Мақпал,
Әншісін іздегендей ән құлазып.

Санаңа сансыз сауал, сұрақ тұнып,
Сырыңа көрген кім бар құлақ түріп?
Жабыққан жаныңменен, әніңменен,
Жұбаттың қанша жанды жылап тұрып.

Көлденең көкаттылар дос тұтқандай,
Сыртыңнан жүре алмады көп сұқтанбай,
Тыңдаған жан біткенді түршіктірер,
Даусыңда өкініш пен өксік бардай.

Қаныңды қамсыз қоғам күштеп ішер,
Тарқамас жылағанмен іштегі шер.
Қайыр жоқ жердегі көп пенделерден
Қайғыңды көктегі тек құс бөлісер...

Қай бейбақ бақытыңның көшін бұзды,
Қай бейбақ көпсінді екен кешіңді ізгі?
...Ел қайда еркелетер есіл қызды?
Қайтейін, кешір, Мақпал!
Кешір, бізді!",-деген өлең жолдарды  Серікзат Дүйсенғазы желідегі парақшасына жүктеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар