Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қашып кеткені үшін қалыңдығын аяусыз өлтірген жауыз жазасын жеңілдетуді сұрады

16:34, 26 қараша 2024 522

Қарағанды облысының Қаражал қаласының тұрғынына қалыңдығының өлімі үшін жаза күшейтілді, деп хабарлайды Alash.kz.

Сотталушы қылмысты “Адам өлтіру” және “Екі немесе одан да көп адамды өлтіруге оқталу” бабынан ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабына – “Жол жүрісі ережелерін бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соғу” бабына ауыстыруды сұрады.

Алайда Ұлытау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы Қылмыстық кодекстегі бапты “жұмсарту” туралы өтінішті қанағаттандырмады. Керісінше, жаза күшейтіліп, сотталушыға 12 жыл орнына 16 жылға қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеу туралы шешім шығарылды.

Еске сала кетейік, трагедия 2023 жылдың қыркүйек айында орын алған.

Сотталушы мен оның қалыңдығы, 28 жастағы Арайлым, Ұлытау облысы Қаражал қаласында бірге тұрған.

Хабарланғандай, ер адам қалыңдығын жүйелі түрде ұрып-соққан.

Қалыңдығы ата-анасына шағымданбауы үшін ол телефонын тартып алған. Қайтыс болған қыз көршілерінің телефоны арқылы туыстарына хабарласа алған.

Қайғылы оқиғаға дейін қыз анасына жігітінің өзін және жақындарын өлтіремін деп қорқытқанын айтқан.

Туыстары қызды Қарағандыға алып кетуді ұйғарады. Бірақ олар оны үйге алып бара жатқанда, мас күйдегі жігіт Қаражалдан Қарағандыға шығатын трассада олардың көлігін тоқтатып, темір трубамен алдыңғы және бүйірлік терезелерін сындырған.

Арайлымның туған ағасының досы рөлде отырған. Ол көлікті Қаражалға қайта бұрып, сынған терезелерімен полицияға қарай бет алған. Алайда агрессивті ер адам өзінің көлігіне мініп, олардың артынан қуа жөнелген. Қуғын кезінде ол бірнеше рет олардың көлігінің артқы бампері мен сол жақ артқы қанатын соққан.

Ақырында, көлік жолдан шығып, аударылып қалған. Арайлым оқиға орнында көз жұмды, ал оның анасы, 23 жастағы ағасы және ағасының екі досы жарақат алды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар