Ауыр қандай қалың ойлар батпандай,
Дүниені біреу өртеп жаққандай.
Садық атам, Бишан әжем мазары,
Мына ыстықтан күйіп-жанып жатқандай
Бұйырыпты жат топырақ сорынан
Құтылмаған залым заман торынан.
Садық атам ана жылы қызылдың,
Оққа ұшқандай жансызының қолынан.
Оққа ұшқан, итжеккенге айдалған, дарға асылған, аштықтан өлген миллиондардың бірі, қазақтың батыры, ұлт қаһарманы, әлсіздердің қорғанышы. Садық Кенебайұлына туған жерден осылай топырақ бұйырмапты. Өлеңмен өріп, жүрекпен тербеп жазып, дүниеге келтірген «Аягөз» тарихи романының әрбір ғарпін, әрбір жолы мен шумағын, 15 тарауын, түйіні мен эпилогын шынында да жай көзбен емес, терең сезіммен оқисың.
Нағашы атам – жүрек жұтқан арыстан,
Қас дұшпанын танитын-ды алыстан
Өмір бойы Садық пенен Ақмет,
Қас жаулары қызылдармен алысқан.
Иә, кітап авторы адуынды ақын, қоғам қайраткері Жұмаш Кенебайдың қос атасы да сона-ау нәубет жылдарында қазақты қырғынға ұшыратып, жер бетінен жойып жібере жаздаған қызыл империяға қарсы жан-тәнімен соғысқан. Бір емес, екі емес, он үш жыл қатарынан күн демей, түн демей аттың жалында, түйенің қомында қызылдың бес қаруын асынған қалың әскермен шайқасқан, атақты, сөйтіп үрейлі, қорқынышты «банды» атанған. Талай жауын жер жастандырған мұндай батырларымызды ел назарына ұсыну, таныстыру, үлгі-өнеге ету біздің парызымыз. Себебі біз қызыл идеологиямен уланғанымыз соншама, кезінде Кеңес өкіметіне қарсы келгендерді жек көрдік. Оларды жеккөрінішті еткен, өз ата-бабаларымыздың ерлігін сатқындыққа балатқан, «ауыстыртқан» не деген шебер идеология десеңші!
Жұмаш Көкбөрінің бұл 572 беттік шығармасының маңыздылығы да осы «бандыларды» батырлар дәрежесіне көтеруі.
Не шайқастар – Ақшатаудың бойында
Не шайқастар – Аягөздің бойында
Не шайқастар – Қалғұтыда өткенді,
Керемет бай қарақат пен мойылға.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу сияқты ғашықтарға мекен болған» Аягөз талай рет қызыл қанға боялған тарихи жер. «Бір әулеттің өткенінен сыр шерткен, романды Аягөз деп атадым» деп Жұмекең бұл өңірдің де талай нәубеттерді бастан кешкенін нақты деректермен өреді.
Сан мың өлік, Аягөзге кептелген,
Ондай-ондай жайды Аягөз көп көрген,
Ана жылғы қызыл қырғын, аштықты
Осы Аягөз өз басынан өткерген.
Өткен ХХ ғасыр қазақ үшін өшіп кете жаздаған, қайтадан ес жиып, Желтоқсанда рухы аспандаған қилы тағдырлы ғасыр еді. Өлеңмен өрілген бұл романға осы ғасырдың 1917 – 1952 жылдары аралығында қолдарына қару алып, Кеңестің қызыл қырғынға қарсы шыққан және осы жолдан көздері жұмылғанша таймаған, есімдері Аягөз, Семей өңірлеріне мәлім болған нағыз ұлт қаһармандары – Садық Кенебайұлы, оның асыл жары Бишан Кенебайкеліні, Орынбек Бұршақбайұлы, Ахмет Жұматайұлы ұлты үшін от пен суға түскен, Аягөздің Ақшатау ауылының қасындағы Қалғұтыдағы Садық Кенебайұлының күшімен салынған «Ақ школ» мектебіне ақ баталарын берген Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулат, Жүсіпбек Аймауытұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы сияқты «Алаш» көсемдері және есімдері қалың жұртқа онша мәлім емес, қазақтан шыққан асыл азаматтардың бастарынан кешкен қанды оқиғалар арқау болған. Бұл кітап деректілігімен құнды. Ойдан шығарылған кейіпкерлер атымен жоқ. Жұмаш Кенебай қарттардан өз құлағымен естіген, көкірегіне жылдар бойы тоқыған, сөйтіп жанартау болып жалындап сыртқа жыр болып төгілген, жаңа тың дүние.
Романдағы оқиғалар негізінен Аягөзде, Ақшатауда, Семейде, Шыңғыстауда, Баршатаста, Алакөлде, Алматыда, Қалғұтыда, Шығыс Түркістанның Шәуешен, Шағантоғай, Қарабура, Құлыстай, т.б. жерлерінде өтеді. Кітаптың басты кейіпкерлерінің бірі Садық Кенебайұлы қызылдар қолынан Шығыс Түкістанда асқан қатігіздікпен әрі айуандықпен өлтірілсе, оның құдасы әрі қарулас серігі Ахмет Жұматайұлы, кеңестік қызыл тыңшылар тарапынан Қарабурада ұсталып, Аягөзде сотталып, әуелі өлім жазасына, кейін 25 жылға кесіліп, Қарағандыдағы әлемге аян Карлаг лагерінде белгісіз жағдайда көз жұмады.
Оқырманды Жұмаш ағамыздың әрбір сөзі, шумағы, әрбір тарауы жасындай жарқылдап ХХ ғасыр басындағы қазақ елінің тарихи өзгерістеріне, оқиғаларына жетектеп апарып, ондағы алмағайып кезеңдегі ақ пен қызыл қырғыны, байларды тәркілеу, ашаршылық, қуғын-сүргін, НКВД абақтыларындағы адам жаны төзгісіз азаптаулар, шолақ белсенділердің сатқындығы мен қаныпезерлігіне куә етеді, ашындырады, көздеріне жас алғызады.
Мына заман, қай заман,
Не болды өзі айналам?
Қай сұмдарға жем болды,
Төрт түлігім айдаған.
Жайлауымды жау алған,
Қыстауым да тоналған.
Жол таба алмай тұйықтан,
Қайран елім қамалған.
Шәкәрім қажыға арналған арнаулы тарауда:
Тайған емес алаштықтар жолынан,
Ұлтқа арнады бар күштерін молынан.
Бізге жиен Шәкәрімдей қажы да
Ажал құшқан Қарасартов қолынан, –
деп ащы шындықты бір қопарып тастаса, ал мына жыр жолдарында осы нәубеттерді жасаған қазақтың өзі екенін жүрегі ауыра сыр шертеді.
Заман еді-ау, аумалы да төкпелі,
Екі жақтың аз ба, қанды төккені?!
Бәрі қазақ! Бір-біріне жау болған,
Қалай қиям бір жағына өкпені?…
Ал сол қазақтың жан дүниесін лайлаған, рухын сындырған, намысын таптаған, сөйтіп қасиетті жерін жаулаған кімдер?
Тілін алып, орыс қылып баласын,
Қазағымның уландырған санасын,
Басып қалған келімсектер есепсіз,
Қазағымның ұлан-байтақ даласын.
Біздің дінімізді жойып, ұлтымызды кәпір етіп, қасиетті мешітімізді бұзып, киелі Құранымызды өртеп, иманымызды ақсатуға тырысқандардың Қызыл мемлекеті қазір қайда?
Қызыл иттер қорлаған,
Қазағымның діні үшін!
Бүгін қауіп торлаған,
Қазағымның тілі үшін!
Шамырқанып осылай жауына дес бермеген, қанын судай ағызған Садық сынды баһадүр ағалар ерлігін әспеттесек, елге, жұртқа танытпасақ, сөйтіп рухымызды асқақтатып, намысымызды жанымасақ, онда несіне жер басып жүрміз?! 5 млн-дай қазақты жұтқан ашаршылық алапатына да ақын көз жасын төгіп үңіледі.
Бұл аштық жұртты қынадай қырып жалмаған
Ауылда бүкіл… тігерге тұяқ қалмаған
Киіз үй біткен туырлық, түңілік жұлынып,
Қазақтар ғана шетінен жатыр қырылып.
Қазақтар ғана! Иә, өкінішке орай тарих солай дейді. Ақын ақиқатын жырмен жеткізді. Ал айтылмай қалған сырлар қаншама?!.
Жұмаш Кенебай Көкбөрі ағамыздың оқырман қолына енді ғана тиген «Аягөз» тарихи романын оқып шығып, бүгін игі тілегімізді айтып, кітап туралы бағамдаған кейбір ойларымызды қадау-қадау етіп жеткізуге тырыстық. Бұл романның өзегі ғана. Тарих қатпарын ақтарып, қаймағын сыпырып оқырманға ұсынған бұл романда сан-сан тақырыптарды қаузауға болады. Мәселен самсаған жер атауларын жәудіретіп, мөлдіретіп жеткізген ақынның білгірлігіне, біліктілігіне тәнті боласың. Ән, жыр және әнші, жыршылар легі өзінше бір керуен. Сөз патшасы, сөз сарасы туралы інжу жырлар легі бір көш. Сыншылар мен ақындарға артылар жүкті қара нар да көтере алмас. Ең бастысы «Аягөз» атты толымды, тұщымды, кесек дүние келіпті. Жұмаш ағамыз батыр бабаларына, асыл аналарына арнап алып ескерткіш сомдапты. Құтты болсын! Перзентіңіздің бауы берік болсын!
Жеттік пе Күнге-Кенебай бабам
көксеген,
Ғасырдан-ғасыр жалғасқан ұлы
көш көрем.
Жолымды қуған ұрпақтарымның
біреуі,
Бұл жырдың алда жалғасын
жазар деп білем.
Лайым солай болғай!
Ертай Айғалиұлы