Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақ тілінің таза сақталуына қызмет сіңірген - Міржақып Дулатұлы Ұлт ұстазының «Тіл құралы» жайында

23:32, 10 сәуір 2024 729

Тіл құрал
Қазақ тілінің сарфі
(Шығарушы Ахмет Байтұрсынов)

Жаңада ғана Ахмет Байтұрсынов шығарған қазақ тілінің сарфі «Тіл құралы» басылып шықты.

«Тіл құрал» туралы жазудан бұрын әуелі қазақ тілі жайынан біраз сөз айтып өтуді тиіс көреміз. Қазақ тілі жайынан газетамызда бұрын да сан жазылып еді. Қазақ тілі бай, таза, іргелі жұрт тілі деп бәріміз де айтамыз. Мұны іңкәр қылатынымыз жоқ. Бірақ құр бай, таза деумен ғана тіліміз өздігінен сақталып, әдебиетіміз өрбіп кете алар ма? Қай жұрттың тілі болса да түу басында біздікі секілді таза да, бай да болған. Бірақ олар көрші жұрттардың сөзі қосыла-қосыла, жүре бұзылған. Біздің қазақ тілі бұрын ылғалсыз таза болса да, бұл кезде басқа жұрттармен араласа бастадық, басқа жұрттардың оқуын оқыдық. Бұл күнде шаһар сайын ноғай медреселерінде қанша қазақ баласы оқиды, бір жағы Бұхар, бір жағы Мекке-Медине, Стамбұлда оқып қайтқандарымыз да бар. Солардың бәрі елге ноғайшылап, сартшылдап қайтып жүр. Бұлардың сөйлеген сөзінде,жазған хатында шет жұрттардың тілі аңқып тұр. Бұлар елге келіп жас балаларды оқытады. Сөйтіп, шет тілдер елдегі жас балаларға жұғады. Жас балалар келешектегі бір буын халық. Өзімізде жергілікті оқытушы жоқтықтан, қазақ балаларын оқытып жүрген ноғай молдалар аз ба? Бірауыз арабша білмейтіндердің көбі осы күнге шейін хатының басына «һу аллаһ әл бәри, әлхат саф әл ғалаңдарды...» тізіп қоймай ма? Бұрынғы қазақ арасына тарап жүрген қисса-хикаялардың бәрі ноғайша, арабша,аралас тілмен жазылған. Орысша оқығандарымыздың көбі екі сөздің біріне орысша қатынастыруды үйреніс қылып алған. Осыдан топшылауға болады, таза деген қазақ тілі де, күн бұрын сақталуына қам қылмасақ,бірте-бірте бұзылып кететіні. Қазақ тілінің мұндай жолмен бұзылып кетуін көбіміз сезбей де қаламыз.

Олай болса сұралық, қазақ тілінің таза сақталуына бізде қам қылған кісі бар ма? Болса, ол кім?

Мен өзім медреседе оқымасам да, 1904 жылдан бастап ноғай әдебиетін үйренуге әуестендім. Сол жылдан бастап «Тәржіман» газетасын, онан кейін шыға бастаған өзге ноғай газеталарын һәм кітаптарын алып оқитын болдым. Лұғаттан қарап, кісіден сұрап, ноғай тілі, ноғай әдебиетімен таныстым, бұлар маған сіңді. Бала күнімде оқи-оқи, қызығы басылған ескі қиссалардан басқа қазақта дәмді, мағыналы кітап болмаған соң, орысшаны былай қойғанда, мен әлгі үйренген ноғай әдебиетінен әдет ала бастадым: ноғай газеті, кітаптарында көп ұшырайтын араб, парсыны шын әдеби тіл осы екен деп аңғардым. 1908 жылы «О.Қ.ты» жазып жүргенімде әлгі «әдеби тілдерді» неғұрлым көбірек кіргізу жағын ескерусіз қалдырмадым. Сол жылдарда «Абай кітабы» һәм «Қырық мысал» шықты. «Қырық мысалды» көргенімде өзімнен-өзім ұялдым. Өзімнің һәм өзім секілділердің адасып жүргенін сонда байқадым да.

Екі жыл мұнан бұрын «Қазақ» газетасы шыға бастады. Шын қазақша жазылып, тіл мәселесін қолына ала туған осы «Қазақ» екенін ешкім бекер дей алмас. Бұл неден? Әрине, шығарушыдан дейміз. Төрт жылдан бері шығып тұрған «Айқап», шығып тұрақтанған «Қазақстан» бұл жағын жете ескерген жоқ. Кім қалай жазып жіберсе, сол күйінде баса бергенге ұқсайды. Мұны да бекер деушілер көп болмас.

Қазақ тілін қолына қалам ұстағаннан бері шылғи қазақша жаза бастаған Байтұрсынов қазақ емлесін шығарды, оқу құралдарын жазды. Осы екі жылдың ішінде орта есеппен 250 мың дана «Қазақ» нөмірі тарады. Жаңа емлемен 15-тей кітап шықты. Бұлар 45 мың данадай бар. Осының бәрі қазақ арасына тарап жатыр. Бұл емлені тосырқап, түсінбейміз, оқи алмадық деген ешкімді естігеніміз жоқ. «Қазақ» емлесін мұсылман медреселерінде, орыс школдарындағы шәкірттер, учительдер, мұғалімдер жабыла қабыл еткендігі былтырғы «Қазақ» нөмірлерінің көбінен көпінеді. Бұл екі жылдық қана қызмет, иншаллаһ. Мұнан кейін артпаса, кемімес деген үміт зор.

Һәр істің бағыты оң болса ғана ерушісін адастырмайды. Өзі қайда бара жатқанын білмеген адамның етегінен ұстаушылар қайдан жол табады. Жақсыны – жақсы, жаманды – жаман деу, біреуді асырып мақтаған иә кемсітіп жамандаған болмайды. Олай болса, қазақ тілінің һәм жазуының таза сақталып, бір белгілі жолға түсуіне бірінші қам қылып, қызмет сіңірген, бұл жолда басшылық еткен кім деген сұрауға менің жауабым осы жазғандарымнан көрінсе керек. Енді түзу жолға бір түскен соң оқығандарымыздың әрқайсысы таза қазақша сөйлеуге, қазақша жазуға тырыса бастады. Мұның белгісі қазір көп.

Тіл мәселесін бірінші дәрежеге қойған «Қазақ» газетасын өзіміз түгіл, ноғай бауырларымыздың газеталары да байқай бастады. Мысалы, жаңа арада «Тәржіман» газетасы (нөмір 260) «Қайда бара жатырмыз?» деген бір мақаласында: «Қазіргі Россияда шығып тұрған ұлт газеталарымыз, журналдарымыздың бірлі-жарымын қоспағанда, көбінің қолданып тұрған тілдері татарша ма,түрікше ме, орысша ма, татар эсперантосы ма, не екенін білу қиын. Татар-түрік тілінің қағидасына бойсұнбауының үстіне, түрікше, татарша айтуға болатын сөздердің өзін орысшамен айдап кетеді. Бұл қайғырарлық хал...» деп ноғай газеталарының һәрқайсысынан мысал келтіреді.

Бұл туралы «Құяш» газетасы (590 нөмір) бір мақала жазып, «Тәржіманның» бұл мақаласы біздің бір жаман жарамыздың аузы ашты, тіл туралы кешірілмес зор айыбымызды көрсетті» деп өз тұсынан мынаны жазады. «Егер орысқа қараған түрік рулары тілдерін орысшамен толтырса, Болгария, Сербиядағыларымыз болгар-серб тілдерімен,Қытайдағыларымыз қытайшамен, Германия, Англия, Франциядағыларымыз неміс, ағылшын, француз тілдерімен қатысып, бітсе, түбінде бұл түрік тілінен не шықпақшы!.. «Борышын жасырған төлер, ауруын жасырған өлер» деген мақалды келтіріп, бұл туралы өзінің пікірін айта келіп, «Құяш»: «Газеталарымыздың көбі таза түрікше жазамыз деп аузы айтса да, мұны істемей жүр, тіл туралы айтқанын орнына келтіруге жиһад қылып тұрған «Тәржіман» мен «Қазақ» газетасы» - дейді.

Енді «Тіл құралына» қайталық. Орысша грамматиканы, арабша наһв сарфті жақсы білетін қазақ баласы жете аңғарып, ақыл таразысына салып, бір-екі рет оқып шықса, бұл кітаптың құнын білер: үстін қарап, саулатып өте  шықса, шытырман тоғайда адасқандай, асылына түсіне алмас деп шамалаймын.

«Тіл құралдың» артықшылығы: жалпы қағидаларға сүйеніп,белгілі тәртіппен тізіліп, шылғи қазақ тілімен жазылған. Орысша,  арабша нәһв  сарфті  жақсы  білетіндер тез түсінеді  дейтініміз - мұнда  сарфте кездесетін  әр  нәрсе  қазақша  аталып, қазақ тілінің табиғаты сақталып, тура мағынасы өзгерілмей, өз атымен аталған. Сөз таба алмай қиналып,мағынасы дөп келмейтін еш нәрсе алынбаған. Мұнда қолданылған сөздер алғашқы кезде біраз жат көрінуі мүмкін көрінер: әрбір жаңа нәрсе басында солай болуы белгілі. Бірақ түсіне, жаттыға, құлақ үйір бола келе, жаттығы болмаса керек.

Қазақ тілін сақтаймыз, балаларымызды қазақша шыққан кітаптармен ұқтырамыз һәм әдебиетіміз шын қазақша болсын деген, бұлардың бәрінің негізі «Тіл құралы» (нәһв сарф) екенін ұмытпасқа керек. Бұл біздің оқу құралдарымыздың ең қиын, ең керекті мүшесі еді. Міне, бұл да көңілдегідей болып шықты.

«Тіл құралды» қолданып іске асыратын көбінесе мұғалімдер. Олардың көбі мұны өздері шала түсінсе, иә балаларды үйретуге шорқақтық қылуы ғажап емес, бірақ бұған шығарушы айыпты емес: оқыту жолында қазақтан жөн-жосық көрген мұғалімдеріміздің кемдігінен. Бұл – екінші мәселе.

Міржақып Дулатұлы

Дереккөз: Сақ Қ. Алаш көсемсөзі: Тіл мәселесі.– Алматы, 2014

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар