Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақстандағы сайлауға "сырттан араласуға" тыйым салатын түзетулер мәжіліске түсті

09:09, 26 тамыз 2022 363
Қазақстандағы сайлауларға "сырттан араласуға" заңмен тыйым салатын түзетулер бар заң жобасы мәжіліске түсті, деп хабарлады ҚазТАГ агенттігі.



Заң жобасына сәйкес, "Сайлау туралы заңның" 3-бабы ("Сайлау құқығының принциптері") "Сайлауға дайындық кезінде және өткізген кезде сырттан араласуға жол берілмейді" деген 3-1 пунктімен толықтырылмақ.

20-баптың ("Сайлау комиссиясының қызметін ұйымдастыру және олардың әрекетіне шағымдану. Сайлау комиссияларының ашықтығы") 8-пунктегі "әрбір [ақпарат құралынан] бір өкіл" деген тіркес "әрбір ақпарат құралынан үш өкілден артық емес" деген тіркеспен алмастырылады. Бұған қоса, "қоғамдық бірлестік, өзге коммерциялық емес ұйымдар" деген тіркес "аккредитациядан өткен қоғамдық ұйым, коммерциялық емес ұйым" деген тіркеспен алмастырылады.

Осыған дейін 20-1 бап "Саяси партиялар, өзге де қоғамдық бірлестіктер, коммерциялық емес ұйым бақылаушылары" деп аталып келсе, енді өзгерістерден кейін ол тіркеске "аккредитациядан өткен" деген сөз қосылады.

Сайлауларды тәуелсіз бақылап жүрген "Еркіндік қанаты" қоғамдық қорының жетекшісі Елена Швецованың айтуынша, заң жобасынан бұрын әділет министрлігі айтқан "шетелден қаржыландыру" туралы пункт көрінбейді. Бірақ бақылаушыларды аккредитациядан өткізу туралы пункт жақсы норма емес.

— Олар шетелден қаржы алу деген пункті алып тастағанмен бақылаушыларды аккредитациядан өткізу туралы пунктіні қалдырған. Бұл жақсы норма емес. ОСК кімге сайлауды бақылау мүмкіндігін беріп, кімге бермеу керектігін өзі шешеді. Тағы бір бұлыңғыр пункт - "сайлауға дайындық кезінде және өткізу кезінде шетелден араласуға жол бермеу" деген пункт. Оның бақылаушыларға қатысы бар ма, жоқ па, белгісіз. Бірақ ол жерде "бақылау" деген сөз жоқ, сол себепті оның бізге қатысы жоқ сияқты, – дейді Елена Швецова.

Шілде айында әділет министрлігі аталған заң жобасын қоғам талқысына шығарған. Заң жобасы бойынша, сайлауды Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) аккредитациясынан өткен ұйымдар ғана бақылай алады. Аталған түзетуге қарсы кампания бастаған белсенділер мен құқық қорғаушылар тәуелсіз бақылаушылар сайлау науқандарынан шеттетілуі мүмкін деп қауіптенген. Бұған қоса, жаңа түзетулерге сәйкес, ОСК-ның аккредитациясын кейінгі бір жылда шетелден қаржы алмаған үкіметтік емес ұйымдар ғана өте алады. Әділет министрлігі мұны "заңнамада бар нормаларды нақтылау" деп түсіндірген.

Кейбір сарапшылар заң жобасы сол күйінде қабылданса, елде "тәуелсіз бақылау тұтас жойылады" деп мәлімдеген. Үкіметтік емес ұйымдар ортақ мәлімдемесінде заң жобасында қоғам ұйымдары мен коммерциялық емес ұйымдардың құқықтарын шектеп, алалайтын баптар бар деп сынаған.

Бұған дейін қоғам белсенділері де аталған өзгертулерге қарсы шыққан. 24 шілдеде белсенді Данияр Супиев осы түзетулерге қарсы пикет өткізіп, сот "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" белсендіге 150 мың теңге көлемінде айыппұл салған.



 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар