Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қазақтардың саны 80 млн болатын еді»: Елордада Respublica партиясы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды

23:08, 31 мамыр 2024 853

Елордада 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.

Іс-шараға Respublica партиясының Мәжіліс депутаттары мен Орталық аппаратының өкілдері, алаштанушы ғалымдар және белсенді жастар қатысты.

Қатысушылар қоғам қайраткерлерінің, саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Источник: https://mangystaumedia.kz/kk/zhanalyktar/mangystau-zhanalyktary/aktauda_sayasi_kugin-surgin_kurbandarin_eske_alu_kunine_oray_eskertkishterge_gul_shoktarin_koyu_rasimi_otti

Рәсімге қатысушылар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. 

ТАРИХИ ӘДІЛЕТТІЛІКТІ ОРНАТУ ТҰРҒЫСЫНАН МАҢЫЗДЫ КҮН

«Қазақстанда жыл сайын 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде аталып өтеді және тарихи әділеттілікті орнату тұрғысынан маңызды күн деп санаймын. Бұл күн бізге қазақ халқының өткенін, қаза тапқан батырларды еске алуға және өз тәуелсіздігімізді бағалауға көмектеседі»,- деп атап өтті Respublica партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров.

Сондай-ақ Respublica партиясының төрағасы өз сөзінде ашаршылық болмаса, бүгінде қазақтардың саны едәуір көп болар еді деп жеткізді.

АШАРШЫЛЫҚ БОЛМАСА, ҚАЗІР ҚАЗАҚТАР 80 МЛН ХАЛЫҚ БОЛАТЫН ЕДІ

«Мынау жұттың алдында бір деректер бойынша біз 4 млн, ал енді басқа ақпараттар бойынша біз 5 млн халық болғанбыз. Енді сол статистикаға қайта оралсақ, қалай көбейер едік? Егер ашаршылық болмаса, осындай бір қиыншылықтар болмаса, қазір қазақтар 80 млн халық болатын еді. Өзіміздегі басқа ұлттарды қоссақ, 90-100 млн-ға дейін жететін едік. Түркиядан кем болмас едік. Еліміз үшін, ата-бабаларымыз үшін жаның ашиды, қаншама қиындықтан өткенін түсінесің. Бірақ екінші жағынан бұл біз үшін үлкен жауапкершілік! Елді, жерді сақтап қалды. Ұлт азаттығы жолында құрбан болған осы кісілердің алдында бүгін одан да үлкен жауапкершілік тұр», - деді Айдарбек Қожаназаров.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған іс-шара «АЛЖИР»-де жалғасты. Партия мүшелері «АЛЖИР» мемориалдық-мұражай кешеніндегі еске алу қабырғасына гүл шоқтарын қойып, бабалар рухына тағзым етіп, құран бағыштады.

АЛАШ АРДАҚТЫЛАРЫНА, ҰЛТ ЗИЯЛЫЛАРЫНА МӘҢГІ ҚАРЫЗДАРМЫЗ

«Әлихан Бөкейхан Міржақып Дулатұлы мен Ахмет Байтұрсынұлына түрмеден жолдаған хатында, «Алда әлі күнді көретін ұрпақ келеді. Сол ұрпақ сендерді үлкен ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады. Күрес жолына түскендеріңе өкінбеңдер...» деп жазғанын білеміз. Осы сөздерді еш ұмытпауымыз керек және үлкен ой түюге тиіспіз. Біз, бүгінгі азат таң үшін, егемен күн үшін Алаш ардақтыларына, ұлт зиялыларына мәңгі қарыздармыз. Біз солардың арқасында «күнді» көрген ұрпақпыз! Қазақта «өлі разы болмай, тірі байымас» деген сөз бар. Аяулы арыстар азаттық үшін, ел мен жер үшін, тіл үшін, бүгінгі ұрпақ - біздің болашағымыз үшін жанын қиды, жолында не бар бәрін қиды. Біз солардан қалған ел мен жерге толық иелік етіп, аманаттаған тілін қастерлеп, тұтас меңгерген кезде, яғни ұлттық құндылықтарымыздың қадір-қасиетін түсінген күні дамудың жаңа жолына түсеміз. Міне, ұлттық тұрғыдан қарағанда әруақтың разылығы деген осы деп есептеймін,- деді Respublica партиясы Орталық аппаратының бас менеджері Ержан Еңсебай.

Алаш мұрасын насихаттаушы Ержан Еңсебай 31 мамырды «Жалпыұлттық аза тұту күні» ретінде бекітуді ұсынып, бүгінгі жас буынға шынайы тарихты түсіндіру қаншалықты маңызды екенін атап өтті.

31 МАМЫР - «ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ АЗА ТҰТУ КҮНІ» РЕТІНДЕ БЕКІТІЛУІ КЕРЕК

«Бүгін, зұлмат жылдардың құрбаны болған, саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз, әділетсіз жапа шеккен тұлғаларды, баласынан айырылып еңіреп жылаған аналарды, ата-ана мейіріміне мұқтаж болған балаларды, тоз-тоз болып қолдан жасалған аштықтан қырылған жандарды еске алатын, рухына тағзым ететін азалы күн, жаралы күн. Болашақта осындай жағдай қайталанбай, халқымыз әрдайым бейбіт әрі бақытты күн кешсін деп тілеймін! Бүгінгі буын білімді, рухты, намысшыл, еңбекқор, жан-жақты болып өсуі тиіс. Сонда бізді жау да, дау да ала алмайды және мемлекеттілігіміз өміршең болады. Бабалардың да арман-мұраты осы еді. 31 мамыр - «Жалпыұлттық аза тұту күні» ретінде бекітілу керек деп есептеймін. Осы күні ойын-сауық, той-думан және өзге де шараларға шектеу қойылуы тиіс. Тұтас ел болып, осы күнде тоталитарлық жүйенің құрбаны болған марқұмдарды еске алып, рухтарына тағзым етуіміз керек. Тарихтан сабақ алып, соның бағасын білген ұрпақ қана болашаққа ашық әрі шынайы көзбен қарай алады. Сонымен қатар, бұл тақырыпта әлі де зерттелмеген, толық ашылмаған деректер мен фактілер бар. Оған да аса мән беру керек. Жастарға шынайы тарихты түсіндіру арқылы олардың бойына отаншылдық, елжандылық сезімдерді сіңіре аламыз. Қасіретті жылдар келмеске кетіп, Алаш ұрпақтары бақытты-баянды ғұмыр кешсе екен деймін», - деп пікір білдірді Ержан Еңсебай.

Зарина ӘШІРБЕК,

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар