Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақтың кез келген баласы Олимпиада чемпионы бола алады, тек мемлекет спортқа араласпауы керек – Арман Шораев

23:15, 31 шілде 2024 2268

«Спортты қаржыландыру кәсіпкерлердің мойнында болуы керек. Сонда спорт саласындағы жемқорлықты жояр едік. Егер жеке кәсіпкерлер спортқа қолдау көрсетсе, бізде тек Елдос ғана емес, тағы бірнеше спортшыларымыз алтын медаль жеңіп алар еді. Бізде кейбір жарыстарға өз шәкірттері мен жерлестерін, руластарын жібереді. Соның кесірінен қаншама талантты спортшыларымыздың жолы кесіледі. Бізде қазақтың кез келген баласы Олимпиада чемпионы бола алады. Тек мемлекет спортқа араласпауы керек». Бұл пікірді Арман Шораев ALASH.KZ ұлттық порталына берген сұхбатында айтты.

«Әрине, Елдостың жеңісі – бүкіл қазақтың жеңісі! Бұл қуаныш бәрімізге ортақ. Қуануымыз керек. Бірақ егер Елдос жеңбегенде, біздің халық оны жерден алып, жерге салар еді. Біздің халыққа тек қана жеңістер керек. Осы жеңіс ең алдымен Елдос үшін үлкен абырой болды. Бұл мемлекеттің немесе шенеуніктердің арқасында емес, Елдостың өз еңбегімен келген жеңіс. Алдында Елдостың бір сұхбатын көрдім. Сонда Елдос: «14 жасымда мен жаттықтырушымнан «Аға, жалпы мен сияқты қазақ баласы Олимпиада чемпионы болуы мүмкін бе?» деп сұрадым дейді. Сонда жаттықтырушысы: «Әрине, Олимпиада чемпионы болу кез-келген адамның қолынан келеді» деп, сол 14 жасар баланы жігерлендіріп, рух берген. Сол кезде Елдосқа қолдау көрсеткен ақсақалымызға ризамын. Қазір ол кісі 70-тен асты. Бұл жеңістің жартысы сол кісінің арқасында. Елдоспен бірге сол ақсақалымызға да қошемет көрсетуіміз керек»,- дейді Арман Шораев.

Арман Шораевтың пікірінше, елімізде спорт саласын дамытуға арналған арнайы заң қабылданып, спортты қаржыландырумен тек кәсіпкерлер айналысуы тиіс.

«Еліміздегі спорт саласы дамысын десек, кез келген спорт түрінде ең алдымен демеушілердің, яғни кәсіпкерлердің қолдауы қажет. Мәселен, Жапония, АҚШ, Франция, Германия сияқты дамыған елдерде спортты дамытуға арнайы заңдар қабылданған. Бұл елдерде спортқа миллиардтап ақша құятын мемлекет емес, жеке кәсіпкерлер. Мысалы, АҚШ-та заң бойынша кәсіпкерлер табысының бір бөлігін салықтың орнына спорттың немесе мәдениеттің дамуына жұмсауға міндетті. Біздің елімізде де спортты қаржыландыру кәсіпкерлердің мойнында болуы керек. Егер жеке кәсіпкерлер спортқа қолдау көрсетсе, бізде тек Елдос ғана емес, тағы бірнеше спортшыларымыз алтын медаль жеңіп алар еді. Сонда мемлекет бюджетіне де салмақ түспейді. Өкінішке қарай, бізде мұндай заң жоқ. Сондықтан бізде спорттың дамуы тек мемлекетке тәуелді болып отыр. Өзім де «Қазақстан барысы» жобасын басқарғанымда, спорт саласында көптеген шалағайлықтардың бар екенін көрдім», - деп пікір білдірді Арман Шораев.

Оның айтуынша, егер спорт саласын қаржыландыруды қоғамдық ұйымдарға берсе, жемқорлық фактілері азайып, Олимпиада чемпиондары көбейіп, жарыстарға руластар мен жерлестерді тарту доғарылатын еді.

«Мәселен, Геннадий Головкин де осындай үлкен дәрежеге үкіметтің емес, өзінің еңбегі мен АҚШ жүйесінің арқасында жетті. Геннадий сияқты спортшыларымыздың спорт саласына басшылыққа келгеніне өте қуаныштымын. Ол осы жағдайды өз басынан өткергендіктен бұл проблемаларды жақсы түсінеді. Бізде кез келген қазақ баласы, Қазақстанның кез келген азаматы Олимпиада чемпионы бола алады. Тек мемлекет спортқа араласпауы керек. Мысалы, Америка жыл сайын олимпиадада жүлде саны бойынша көш бастап келеді, қаншама алтын медаль алады. Олардың спортшыларына берілетін сыйақы көп болса, ары кеткенде 10 мың доллар, оны АҚШ бюджеттен емес, қоғамдық ұйымдар мен федерация береді. Бұл ұйымдарда мыңдаған кәсіпкер демеуші болады. Олар да кезінде спортпен айналысып, осы салаға қызыққан. Бізде де дәл осылай болуы керек. Сонда спорт саласындағы жемқорлықты жояр едік. Қоғамдық ұйымдар болса, ол жерде барлығы ашық болады. Бізде кейбір жарыстарға өз шәкірттері мен жерлестерін, руластарын жібереді. Соның кесірінен қаншама талантты спортшыларымыздың жолы кесіледі. Олар Олимпиада және басқа да маңызды сайыстарға қатысу мүмкіндігінен айырылады. Мемлекет араласқан жерде көп шикілік болады. Мұның барлығын бір ғана заңмен жоюға болады. Бірақ, өкінішке қарай, ондай заң біздің елге әлі бұйырған жоқ. Біздің депутаттарымыздың құлақтарына алтын сырға!» - деп түйіндеді сөзін Арман Шораев.

Зарина ӘШІРБЕК

ALASH.KZ ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар