Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмек ретінде «Жәрдем керуені» атты гуманитарлық жүктің екінші партиясын жөнелткенін хабарлады, деп жазды Alash.KZ ұлттық порталы 24kg сайтына сілтеме көрсете отырып.
Ақпаратқа сәйкес, екінші гуманитарлық жүк Қырғызстанда өндірілген сүт өнімдерінен тұрады. Атап айтқанда,10 мың литр айран, 14,2 мың қорап қаймақ, 10 мың литр сары май мен өсімдік майы, 20 тонна голланд ірімшігі, 80 тонна майсыздандырылған құрғақ сүт.
«Жүк қырғыз халқының күшімен жиналды, Президенттің резервтік қорынан қосымша қаражат бөлінді» деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.
Естеріңізде болса, сәуір айының басында Жамбыл облысына Қырғызстаннан алғашқы гуманитарлық жүк – 300 тонна жүк тиеген 15 жүк көлігі келді. Жүк Қазақстанның төрт облысына бөлінді.
Бұған дейін Қырғызстан Министрлер Кабинетінің Төрағасы Ақылбек Жапаров Бішкектегі ЖЭО апатынан кейін Қазақстан Қырғызстанға көмек қолын созғанын атап өткен болатын. Ол кезде Қырғызстанға дизельдік отын түріндегі 2 мың тонна гуманитарлық көмек жіберілді.
«Бұл жағдайда біз оларға тіпті олар сұрамаса да гуманитарлық көмек жібереміз», - деді Жапаров Қазақстандағы су тасқыны жағдайына тоқталып. Түркия да Қазақстанға көмек көрсетуге дайын екенін білдірді. Бұл тұрғыда Түркия Сыртқы істер министрлігі тиісті мәлімдеме жасады.