Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қорғанысқа бөлінген қаржыдан кімдер табыс тапты?

06:14, 09 маусым 2023 226
Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешені – жыл сайын 200 млрд теңгеге өнім өндіретін 47 мемлекеттік және жеке кәсіпорыннан тұрады. Қарулы Күштердің, Ұлттық Ұланның, ҰҚК Шекара қызметінің және Мемлекеттік күзет қызметінің мүддесі үшін олар патроннан бастап  радиолокациялық станцияларға дейін әскери мақсаттағы өнімдердің кең спектрін жөндеуді, жаңғыртуды және өндіруді жүзеге асырады. Бүгінгі таңда отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешені – мемлекеттік қорғаныс тапсырысының шамамен 50%-ын құрайды. Жалпы отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешені тек ішкі нарықта ғана емес, сыртқы экспортта да  табысты жұмыс атқарып жүр.

2018 жылы мамыр айында қорғаныс өнеркәсібін дамытудың 2030 жылға дейінгі перспективаларын айқындайтын тұжырымдама қабылданды. 2019 жылғы наурызда – «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы туралы» Заң қабылданды, сол жылдың қазан айында мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау Қағидалары және өзге де заңдарға тиісті актілер бекітілді. Дегенмен, уақыт бір орында тұрмайды. Өмір талаптары өзгеріп жатыр. Сондықтан кезінде қалыптасқан нормативтік-құқықтық база сол өтпелі кезеңге қойылған міндеттерді шешті. Қазір біз алдымыза тұрған жаңадаму жоспарлары мен сын-тегеуріндерге сүйене отырып, қазір нормативтік-құқықтық базаны, оның ішінде лицензиялау, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын жеткізушілерінің Тізімін құру мәселелерін жетілдіру бойынша жұмысты бастадық.

Қорғаныс кәсіпорындарында ұзақ уақыт бойы өз шешімін таппаған бір мәселе бар, ол – екінші деңгейлі банктер мен қаржы институттарынан қаражат тарту мүмкіндігі. Себебі, оларға қару-жарақ пен әскери техниканы өндіру жобаларын қаржыландыруға тыйым салатын халықаралық міндеттеме жүктелген. Осыған орай, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізуге, өндірістік қорларды жаңартуға және Қарулы Күштер мен басқа да әскери құралымдардың мүддесі үшін жаңа өндірістерді игеруге арзан несиелер беруге мүмкіндік беретін қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қорын құру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қор құру мәселесі Премьер-Министрдің төрағалығымен Экономиканы жаңғырту жөніндегі комиссияның отырысында қаралды, Ұлттық экономика министрлігінде сараптамадан өтетін қаржылық-экономикалық негіздеме және өзге де құжаттар әзірленді.

Айбек Барысовтың иелігіндегі «Kazakhstan Paramount Engineering» компаниясы броньды доңғалақты техника шығарады. Бұл 2014 жылы құрылған жақсы зауыт болатын. Бұл нысанды құруға жұмсалған қаражаттың негізгі көлемі – мемлекет бюджеті есебінен төленген. Зауыт құрылған кезде «Қазақстан Инжиниринг» Ұлттық компаниясы оның акционерлерінің бірі болды және 40 млн АҚШ доллары сомасына қарыз ұсынады. 2020 жылы қарашада Ұлттық компанияның қатысу үлесі – жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның 50%-ын Айбек Барысов 16 млн теңгеге ғана сатып алды. Жалпы 2016 жылдан бастап мемлекет зауыттан 90 млрд теңгеге 196 броньды доңғалақты машина сатып алғанын ескеріңіз. Алайда бұл өнімдерді өткізу нарығы Қазақстанның күш құрылымдары шеңберінде ғана шектелді. Яғни, осы жылдар ішінде бірде-бір экспорттық келісімшарт іске асырылмады. Ал Айбек Барысов Индустрия және инновациялық даму министрлігін сынап жүргенде, министрлік әскери-техникалық ынтымақтастықты дамыту мақстында шет елдердің күштік құрылымдарының өкілдері қатарынан ықтимал сатып алушыларды ертіп аталған кәсіпорынға бірнеше рет барған болатын. Қазір менің білуімше, тиісті келісімшарттар жасалып, қажетті сынақтар өткізу жоспарлануда. Сондықтан кейбір жалдамалы блогерлер мен қоғамдық пікір көшбасшыларын тарта отырып, мемлекетке қарсы ақпараттық науқан бастап жүрген Барысов мырзаның қылығы – мемлекет мысалындағы сатып алушыға қысым көрсету, өз өнімдерін еркінен тыс таңудан басқа ештеңе емес. Сондықтан Барысов кәсіпкер ретінде өз өнімдерін жарнамалап, оларды халықаралық нарыққа шығару ісіне назар аударғаны абзал болар еді. Себебі бизнесті солай жасайды. Сондықтан шығарған өніміңді 90 млрд теңгеге сатып алған мемлекетті сынауға емес, басқа кіріс көздерін іздеуге күш жұмсаса сол нағыз табыс жолы болмақ. Енді түрік компаниялары өндіретін өнімді сатып алуға қатысты.

Біз «Жасампаз» бірлестігінің 2017-2019 жылдардағы ісіне куә болдық. Іс жүзінде ұйымға  19 млрд теңгеге киім-кешек мүлкі саласындағы қорғаныс тапсырысын орындау функциясы берілді. Сонымен бірге, жеткізілетін барлық өнім Қырғызстаннан әкелінгені анықталды. Сол кезде киім-кешек мүлкін жеткізуге 30-ға жуық кәсіпорын жұмылдырылған. Бүгінде мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындаушылар тізімінде 47 жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны бар. Функцияны мемлекеттік қорғаныс тапсырысы комитетіне беру – бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік берді. 2020 жылы киім-кешек мүлкін сатып алуға 16,1 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, осы қаражаттың 3,8 млрд теңгесін үнемдеуге қол жеткізген. Бұл бірлестіктің жыл сайын шамамен 4 млрд теңге табыс тапқанын көрсетеді. Олай болса, орасан зор кіріс есебінен құрылған жаңа өндірістер қайда? Парламент Мәжілісінің мүдделі комитетінің депутаттар тобы арқылы «Жасампаз» бірлестігінің лоббиі ұйымдастырылғаны есімізде. Осылайша қорғаныс тапсырысын бірлестікке беру туралы шешімге уәкілетті органға қысым жасау арқылы қол жеткізілді.

Азамат Бейіспеков, Индустрия және инновациялық даму вице-министрі 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар