Ресей Федерациясының денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко Крокус Сити Холлдағы лаңкестік шабуыл салдарынан зардап шеккендер саны артқанын мәлімдеді.
«Крокус Сити Холлдағы теракт құрбандарының саны 551 адамға жетті», - деді министр өзінің Telegram арнасында.
Олардың көпшілігіне амбулаторлық көмек көрсетілген.
Еске салайық, 22 наурызда кешкі уақытта Мәскеудегі «Крокус сити холл» концерт залында теракт болған еді. Қару асынған бірнеше адам қарапайым тұрғындарға оқ жаудырған.
Іле-шала теракт ұйымдастырды деген күдікпен бірнеше азамат ұсталды. Бұған дейін Ресейдің Тергеу комитеті террористердің болжамды үш сыбайласын тұтқындауды сұраған болатын. Оларға қатысты іс материалдары Басман сотына түсті.
Mash арнасы олардың есімдерін жария етті.
"Олар - Аминчон, Диловар және Исроил Исломовтар (әкесі мен екі ағайынды). Олар террористерге көмек, байланыс, логистика ұйымдастырды деген күдікке ілінді", - деп жазылған арна мәліметінде.
Сонымен қатар, бұл қатарда Қырғызстан азаматы Әлішер Касимов та бар.
"Басманный аудандық соты РФ Қылмыстық кодексінің 205-бабы 3-бөлігінің "б" тармағында көзделген қылмысты жасады деп айыпталған Қырғыз Республикасының тумасы Алишер Хатамович Касимовқа қатысты бұлтартпау шарасын таңдады ( Тергеушінің А.Х. Касимовқа қатысты бір ай 27 тәулікке, яғни 2024 жылдың 22 мамырына дейін қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау туралы өтінішін сот қанағаттандырды", - делінген хабарламада.
Мәскеудегі терактқа Украинаның қатысы бар дегенге
Путиннің айналасындағылар да сенбейді
Ресей Федерациясының басшысы Владимир Путиннің айналасындағы кейбір адамдар Крокус сити холлдағы терактке Украинаның қатысы жоқ деп санайды, - деп жазады «Қала мен Дала» газеті Bloomberg-ке сілтеп.
Бұл туралы Кремльмен тікелей байланысты төрт адам айтқан. Олардың айтуынша, Путин терактке Украинаның қатысы бар деп айтқанымен бұған қатысты ешқандай дәлел жоқ көрінеді. Бұл мәлімдемені Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев пен ФСБ басшысы Александр Бортников та айтқан.
Bloomberg сұхбат алған адамдардың бірі (аты-жөнін атамауды өтінген) шенеуніктер теракттің Киевпен ешқандай байланысы жоқ деп келіскен талқылауларға Путин де қатысқанын айтты. Бірақ бұған қарамастан Путин терактті ресейліктерді Украинадағы соғысқа қарсы қою үшін пайдалануға бел байлап отыр деп санайды.
Тағы біреуінің айтуынша, Кремль шенеуніктері қауіпсіздік қызметі концерт залына қарулы шабуылдың алдын ала алмағанына таңғалған.
Айта кетейік, 23 наурызға қараған кеште Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" концерт залында теракт болды. Қаруланған бірнеше адам концерт залына басып кіріп, ішінде жүрген адамдарға оқ жаудыра бастаған. Сол күні ғимаратта 6200-ге жуық адам болған. Соңғы мәліметтер бойынша, 133 адам қаза тауып, тағы 140 адам жараланған.
Теракт болған күні-ақ оған Украинаның қатысы бар деген әңгімелер тарады. Бұл ақпаратқа қатысты Украина мәлімдеме жасады.
Украина президенті Владимир Зеленскийдің кеңсе жетекшісінің кеңесшісі Михаил Подоляк "Крокус сити холлдағы" терактке Украинаның қатысы жоғын айтты.
"Нақтысын айтайын. Украинаның бұл жайттарға ешқандай қатысы жоқ", - дейді Подоляк.
Бұл туралы "Страна.ua" басылымы және "Украина Сейчас" телергам арнасы хабарлады.