Қуыршақ театры сахнасында тұңғыш рет ұсынылатын қойылымның ерекшелігі – болмысы бөлек бокс шебері, ұлт мақтанышы, небәрі 20 жылдық ғұмырында 143 жекпе-жек өткізген біртуар боксшының асқақ рухын қуыршақ образында көрсету.
Кинематография элементтерін ұтымды пайдалана отырып, әр дәуірдегі қазақ халқының жеңісі мен жеңілісін түрлі символикалық образдар арқылы тарихи фактілермен байланыстыра қабыстырылған қойылым Бекзат Саттархановтың күресі арқылы күллі ұлт тарихын баяндайды.
Жасөспірімдер аудиториясына арналып дайындалған драма жанрындағы қойылымның режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр ардагері Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек, авторы – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының жүлдегері, драматург Әлібек Байбол, суретшісі – Юлия Чернова, Ануар Бүркітбаев, музыкамен көркемдеуші – Бақберген Байшығаш, хореографы – Анна Цой.
Ешқашан ұмытылмайтын батыр бейне Бекзат Саттархановтың өмірі мен спорттағы жарқын жолына арналған қойылым барша қазақ еліне ұлттық рух, биік патриоттық сезім, жалынды жігер сыйлап қана қоймай, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры репертуарында ойып орын алатын тағылымды да мағынасы терең туынды болмақ.
Сондай-ақ, кішкентай бүлдіршіндерді адами асыл қасиеттерге тәрбиелеп, ізгілікке үндейтін театр ұжымы ақпан айында әлемге әйгілі «Етік киген мысық» ертегісінің де премьерасын ұсынбақ.
Театрда жүздесейік!