Республика күні сағат 14:00-ден бастап елорданың бес ауданында шығармашылық ұжымдар мен орындаушылардың қатысуымен концерттік бағдарламалар өтіп жатыр, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы Астана әкімдігінің ресми сайты.
Алматы ауданындағы "Интернациональный" тұрғын алабында танымал қазақстандық композицияларды орындаған "Жастар" театрының әртістері өнер көрсетті.
Байқоңыр ауданы "Өндіріс” тұрғын алабындағы алаңда Қуыршақ театрының концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды, оның кейіпкерлері халық ертегілері мен сүйікті мультфильмдерінің кейіпкерлері болды.
Есіл ауданындағы "Бәйтерек" монументінің алдындағы алаңда көрермен үшін Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы мен Елордалық цирк әртістері өнер көрсетті. Цирк әртістері түрлі-түсті акробатикалық трюктерді, жонглерлік және фокустарды көрсетті.
Сарыарқа ауданындағы қалалық алаңда "Жошы" этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетіп, халық аспаптарының сүйемелдеуімен қазақ фольклорының үздік үлгілерін ұсынды.
Нұра ауданындағы Орталық саябақ аумағында "Наз" мемлекеттік би театрының әртістері көрермен алдында заманауи және дәстүрлі би нөмірлерінің бағдарламасымен өнер көрсетті.
Естеріңізге сала кетейік, Республика күніне орай Астанада 100-ден астам мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шаралар, соның ішінде мерекелік концерттер, көрмелер, дөңгелек үстелдер, ұлттық спорт түрлері бойынша турнирлер және т.б. өткізіліп жатыр.
Іс-шаралар орталық алаңдар мен ірі нысандарда, сондай-ақ тұрғын алаптардың аумақтарында, білім беру ұйымдарында және т. б. өткізілді.
Республика күні қарсаңында халықтың әлеуметтік осал топтарына 1 мыңнан астам азық-түлік себеті таратылды.
Сондай-ақ бүгін сағат 21:00-де Триатлон саябағының аумағында мерекелік отшашу өтеді.