Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Самат Әбіштің бұйрығын орындағанымды айтуға олар тыйым салуға ұмтылып жатыр – Руслан Ысқақов

10:34, 20 қыркүйек 2023 195
Қаңтар оқиғасына қатысты айыпталған ҰҚК-нің 5-департаментінің бұрынғы басшысы Руслан ЫСҚАҚОВ сот залында қаңтар құпиясына сәуле түсіретін мәлімдеме жасады.

Оның сөзіне сенсек, Қаңтар оқиғасы кезінде бұрынғы президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ немере інісі Самат ӘБІШТІҢ бұйрығын орындаған.

Қанды қаңтар құпиясының қара құлпы бұл жерден де көрінетін секілді. Айталық, айыпталушының айтуынша, тергеуден кейін бір жыл өткен соң бұрынғы ҰҚК қызметкерінің берген куәліктеріне «құпия» белгісі соғылыпты.

Бұл шара «Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, бұрынғы ҰҚК төрағасының орынбасары Самат Әбіштің Қаңтар оқиғасындағы рөлін жасыру үшін» жасалған көрінеді.



«Самат Әбіштің бұйрығын орындағанымды айтуға олар тыйым салуға ұмтылып жатыр», – деп ақталады Руслан Ысқақов. Қаңтар кезінде алматылық шұғыл штабты ҰҚК-ның алматылық департаментінің бұрынғы басшысы Нұрлан МАЖИЛОВ басқарған.



«Суға кеткен тал қармайды» демекші, ҰҚК-нің 5-департаментінің бұрынғы басшысы сыбайластарын да ақтауға ұмтылып отыр. Ысқақовтың сөзіне сенсек, «Жабайы Арман» лақап атымен танылған қылмыс әлемінің серкесі Арман ЖҰМАГЕЛИЕВТІ ұстау туралы пәрмен шетелден берілген көрінеді.

«Арман Жұмагелдиевті ұстау туралы бұйрықтың шетелден түскенін білемін. Мұны дәлелдей де аламын. Жай ғана телефонмен. Ол кезде қандай айғақ-дәлел бар еді?», – дейді Ысқақов.

Десе де, ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері бұйрықтың жай-жапсары жөнінде ләм-мим демеген. «Жабайы Арманды» ұстауға нұсқау қай елден түскені де бұлыңғыр. 



Билік Руслан Ысқақовқа «билігін асыра пайдалану», «заңсыз бостандығынан айыру», «қылмыстық топ құру және оған басшылық жасау» айып тағып отыр. «Жабайы Арман» болса, Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда ұсталды. Оған «жәбірленушіні байқаусызда өлтіріп алуға әкеп соққан заңсыз бостандығынан айыру», «заңсыз қару ұстау», «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деген айып тағылған. Алматы қаласы мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат ҚҰДАЙБЕРГЕН де қамауға алынды. Осы іс бойынша 42 адам айыпталып отыр.



Қалай десек те, Қаңтар оқиғасы күштік құрылымдарға жақсы сабақ болмақ. Өйткені, заңсыз бұйрықты орындау да – қылмыс. Бұл іске қатысты Қазақстандық Адам құқығы және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның директоры, заңгер Евгений ЖОВТИС пікір білдірді. Оның айтуынша, Ысқақовтың сөзі ақтауға ешқандай негіз бола алмайды.

«Жоғарыдан түскен бұйрыққа сілтеме жасау бұл жерде де, басқа жағдайда да, жөнсіз. Әркім өзі үшін жауап береді. Күштік құрылымдарда істейтіндерге қатысты заңның нақты нормалары бар – заңсыз бұйрық орындалмауы тиіс. Кім тапсырма берсе де, заңды бұзуға болмайды», – дейді Евгений Жовтис баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар, Алматының Наурызбай аудандық сотында Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған 11 адамның ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды. Оларға «жаппай тәртіпсіздікке қатысты», «ғимаратқа шабуылдады», «билік өкіліне күш көрсетті» деп айып тағылған. Олардың кейбірі абақтыға, біразы үйқамақта отыр. Айыпталушылардың жас шамасы да әртүрлі. Егдесі 53 жаста болса, ең кішісі 22 жаста.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар