Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Сатыбалды Бектеновтың алдын орап тұр

16:49, 26 сәуір 2024 1043

Қазақстанда 17 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қала бар. Бәрін жиырма әкім басқарады, орынбасарлары мен қосшыларын қоспағанда. Бірақ соның жиырмасы жиырма түрлі. Әркімнің белсенділігі әрқилы.

gov.kz порталы мен жергілікті облыстық БАҚ құралдарындағы күнделікті жаңалықтардан қай әкімнің қандай қызмет атқарып отырғанын байқау қиын емес. Арасында көзбояушылықпен айналысатындарын да бірден көресіз. Бір қызығы, порталға немесе жергілікті БАҚ-тарға қарап отырып, қай әкімнің Назарбаевтан қалған ескі басқару жүйесімен жүретінін түсіну түк емес.

Біздің көзге gov.kz порталы арқылы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көп шалынады. Сатыбалдының жұмыс графигінің тығыздығы соншалық, Қазақстанда Тоқаев пен Бектеновтен кейінгі үштікті беруге «мәжбүр» боласыз. Бір күн қарасаңыз, Сатыбалды «етігімен су кешіп» ел аралап жүргені. Тағы бірде шаруалардың ортасында жып-жылы жымиып тұрады. Іле-шала жастармен бірге ағаш егіп, келелі кездесуде жүреді. Арасында халықаралық конференцияларға қатысып жатады...

Жұмысбасты адамның образындағы Сатыбалдының араласпайтын шаруасы жоқ оңтүстікте. Біреу үйіне газ түсірсе де, су жүргізсе де, бөдене өсірсе де, Сатыбалдының салпақтап жүргені. Осындайда Түркістан облысында Сатыбалдысыз шаруа бітпей ме деген ой келеді екен адамға.

Ал басқа облыс әкімдері gov.kz порталына айында екі рет шықса, соның өзіне шүкір дейсің. Біздің кейіпкеріміз Дархан мырза жергілікті басылымдарды айтпағанда, аталмыш порталда күнде күлімдеп тұрады.

Бұл оның ақпаратқа жақындығынан ба, әлде айналасында жүрген жағымпаздардың көптігінен бе? «Шөпті де, шөңгені де» шаруа қыла бергеннен Дархан Сатыбалдыны ешкім іскер әкім дей қоймас. Тіпті, Ақордаға да Түркістан облысы әкімінің жаңалықтан түспейтіні емес, өңірге жаңалық әкелгені керек. Сатыбалдының қолданып отырған әдіс-амалы Назарбаевтың тұсындағы ескі технология. Бірақ Шымкент жақта әкімді жарнамалау, жалаулату журналистер үшін ұят саналмайтын сияқты. Журналистерге де сын жоқ шығар, ішкі саясат не бұйырады, соны жасайды.

Ішкі саясат қана емес, әкімдіктегі үлкен-кіші қызметкерлер бірінші басшыларын жаман үйреткен: тайлы-тұяғымен әкімнің бет-бейнесі үшін күндіз-түні шауып жүруді қалыпты жағдайға айналдырған. Кейде «шаруақор әкім» кейпіндегі Сатыбалдыға, әкімі үшін құрақ ұшқан айналасындағы орынбасарлары мен өңір идеологиясын жүргізіп отырған кадрларға қарап еріксіз Солтүстік Кореяның томпақ президенті еске түседі. Еріксіз жымиясың.  

Қазір БАҚ құралдарына тендер республика бойынша жарияланады. Бұрынғыдай облыстар өз терісін өзі илеп, өз қотырын өзі қасып, өз тендерін өзі жаратпайды. Алматыдағы кез келген басылым қиырдағы Маңғыстаудың да, Сатыбалды майын шайқап, сүзбесін сүзіп отырған Түркістанның да тендерін ұтып ала алады. Баспасөзге бөлінетін тендердің осы әдісі Сатыбалдыға қатты ұнайтын сияқты. Қазір ол ақпаратқа бөлінген қаржының көбін республикалық басылымдарға беріп, өзінің жарнамасын республика бойынша қызу жүргізуге көшкен. Әйтпесе, Түркістанда облыстық маңызы бар басылымдардың өзі жиырмадан асады. Оған сайттар мен телеарналарды қоссаңыз, елуге жетіп жығылуы мүмкін. Соның бәріне шықса да жетер еді, Сатыбалды оны қомсынып, өзінің ақпараттық насихатын республика бойынша жүргізуді құп көруде.

Бұл жағынан, яғни жарнамалық жұмысының саны бойынша Сатыбалды Бектеновтің де алдын орап тұр қазір. Сонда Сатыбалдының көксегені не? Ақорданың көзіне түсу ме, әлде ақпарттық майданда жеңіс тұғырынан көріну ме?

Сатыбалды істеген, істемеген жұмысын алаулатып-жалаулата бергенше, жемқорлықтың алдын алса, туыстары иелік ететін бизнестерінің санын азайтса, Дархан мырзаға алғыстан басқа айтпас едік...

Туыстарының бизнесі демекші, Түркістан төңірегінде Сатыбалдының інілері мен ағасына, әйелінің атына жазылған компаниялар туралы әңгіме көп айтылады екен. Ол алдағы уақыттағы әңгімемізге тұздық болады...        

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар