Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Сәйгүліктер даласы. Қазақтың асыл тұқымды тұлпарын сақтап қалу мақсатында заң қабылданды

13:36, 22 мамыр 2024 696

Мәжіліс депутаттары қазақтың жойылып бара жатқан асыл тұқымды сәйгүліктерін сақтап қалу мақсатында арнайы заң қабылдады, деп жазды Alash.KZ ұлттық порталы.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар спорт саласында шалқұйрық, шымыр, төімді жылқылардың қазақы сипаттағы тұқымын сақтау және арғымақтардың өсімін молайту мәселелерін қарастыратын заң қабылдады. Заң Парламент депутаттарының бастамашылығымен әзірленді.

Депутат Айдарбек Қожаназаров жалпы отырыста баяндама жасап, Қостанай жылқысына қатысты ерекшеліктерге тоқталды: 

– Қостанай тұқымы 70 жылға созылған ғылыми зерттеудің нәтижесінде шығарылған, мамандандырылған спорттық бағыттағы және ұлттық ат спорты түрлерін дамыту үшін кеңінен қолданылатын қазақтың шабандоз тұқымы, халықтың ұлттық қазынасы. 1969 жылы елімізде 44 мыңнан астам Қостанай жылқы тұқымы тіркелген, яғни барлық асыл тұқымды жылқылардың жалпы санының 9,7 %-ын құраған. Алайда бүгінде Қостанай жылқы тұқымының ресми тіркелген саны 270 бастан аспайды, ал Адай жылқы тұқымының 1300 басы тіркелген, – деді депутат.

Сонымен қатар «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» және «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» заңдарға да түзетулер енгізіледі.

Депутат қостанайлық жылқы тұқымын сақтауға және өсімін молайтуға бағытталған іс-шараларды субсидиялау да жүзеге асатынын айтты.

– Аталған қолдау тетіктері, отандық спорттық бағыттағы жылқы тұқымдарын дамытуға жағдай жасап, бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге алу сынды ұлттық ат спорты түрлерін бұқаралық дамытуға ықпалын тигізеді, – деді А. Қожаназаров.

Заң жобасын талқауға қатысқан депутат Аманжол Әлтай айтылған мақсаттарды іске асыру үшін заң жобасында «асыл тұқымды жануар» және «тұқым стандарты» ұғымдарына өзгерістер енгізілгенін айтып өтті.

– Осыған сәйкес асыл тұқымды жануарлардың фенотиптік және өнімділік көрсеткіштермен қатар, жылқылардың жұмысқа қабілеттілігіне, ептілігі, төзімділігі сияқты басқа да пайдалы қасиеттер тұқым стандартына жатқызылады, – деді А.Әлтай.

Ал осы заң жобасын талқылау кезінде үн қатқан депутат Жанарбек Әшімжанов еліміздің тарихында қалған қолтума, төлтума сәйгүліктердің бүгінгі тұқымының тұздай құрып бара жатқанын жеткізіп, өзектілігін айшықтады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар