Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Сүйегінің барлығы бөлінген. “Сізге ақша берейік” деді: Қатігездікпен өлген күзетші туралы сұмдық ақпарат шықты

07:51, 19 қыркүйек 2024 1326

29 наурыз күні Алматыда жантүршігерлік қанды қылмыс орын алды. Бұл туралы Alash.kz ұлттық порталы inbusiness.kz сайтына сілтеп хабарлайды.  

Нәтижесінде, күзетші ауыр жағдайда ауруханада қайтыс болды.

Сұмдық жағдайдың орын алғанына бес айға жуық уақыт өтті. Десе де марқұмның туыстары күдіктіге тағайындалған сот сараптамасына күмәнмен қарайды.

"Ренгені көрген кезде өте қорқынышты болды. Сүйегінің барлығы бөлінген еді. Аяқтарын тек қана еттері ұстап тұрды. Көрген кезде жағдайы өте ауыр болды", – дейді Нұрболды соңғы рет көрген Жоламан Жұмабекұлы.

6 ай бойы тергеу жұмыстары жүргізілгенімен, әлі күдікті түрмеге қамалмаған. Оған қатысты қазір шизофрения диагнозы қойылып отыр.

Нұрболдың артында 2 ұл 1 қызы қалды. Ол отбасын асырау үшін жұмыс таңдамаған. Күзетші соңғы қызметінде небәрі 150 мың теңге айлық алған.

"Нұрболды жерлеп жатқан кезде, адвокатпыз деп екі жігіт келді. Кешке қарай Нұрболды жерлеп біткеннен кейін 5 адам келді. 1 әйел 4 еркек болатын. Кіші баламды алып кетіп сөйлеспек болғанда рұқсат бермедім. Келген өлтірген баланың әке-шешесі екен. Туысқандар болып барлығымыз сөйлестік. Анасы менімен сөйлесіп отырды. 9 жыл бұрын қызы қайтыс болғанын, баласының ауырып қалғанын айтты. Оның екі қызы мен әйелі бар екенін де айтты. Ауырады, дерті бар демеді, қызым қайтыс болған соң, балам біртүрлі болып қалды деп айтты. Сізге ақша салайық, балаңыздың қырқын өткізіп берейік деді. Мен келіспедім", – дейді марқұмның анасы.

Күдіктінің әкесі прокурор, бұрынғы депутат ал анасы сауда-саттықпен айналысқан. Асқар Тастандиевтің өзі бизнеспен айналысқан. Ажырасқан, екі баласы бар. Күдікке ілінген азамат тұрғын үй кешеніндегілерге де тыныштық бермеген көрінеді.

"Біз бірнеше рет полицияға хабарласқанбыз. Алайда ата-анасы бұрынғы шенеунік болған соң құтылып кететін. Диспетчерді, күзетшіні осыған дейін де ұрып соққан еді. Енді арты өліммен аяқталып отыр. Тіпті балаларымызды көшеге шығаруға қорғамыз. Оған үнемі есірткі тасымалдаушылар есітркі әкелген, үнемі ішімдік ішкен деп айтады", – деді тұрғындардың бірі.

Нұрболға сол күні есікті ашпа деген бұйрық берілген. Марқұм есікті ашпағаны үшін өлім құшқан дейді.

"Бізді түнгі екі жарымға қарай Нұрболды ұрып жатыр деп диспетчер шақырды. Біз барған кезде күдікті жасарын жасап кеткен еді. Жедел жәрдем шақырып, Нұрболды салып жібердік", – дейді Асхат Қонақбаев.

"Асхатпен оқиға орнына жүгіріп бардық. Қақпа қираған, Нұрбол қансырап жатқан еді. Нұрболдан кім жасады деп сұрағанда, Асқар жасағанын айтты. 14 қабаттағы жігіттің әрекеті екенін бірден түсіндік. Ол кезде Нұрбол тірі еді. Бірақ жағдайы ауыр болатын. Жедел жәрдемге салып жіберіп, артынан барлық. Оны отаға алып кіріп кетті, екі сағаттан кейін реанимацияға ауыстырды. Дәріханаға қажетті дәрілер алып келуге кеткенімізде дәрігер хабарласып, Нұрболдың көз жұмғанын айтты", – дейді Самат Смағұлов.

Куәгерлердің сөзінше мас болмаған кездері күдікті қарапайым адам ретінде танылған, ешқандай ауытқу байқалмаған.

Ол ата-анасымен бірге тұрған көрінеді. Сол күні ата-анасы Нұрболдан ұлдарын шығармауды өтінген. Бірнеше рет қақпадан шықпақ болған күдікті, соңғы мәртесінде өзін ұстай алмай қалған көрінеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар