Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Тамаққа жалдану - ұлттық трагедия

09:44, 14 шілде 2022 310

Смайылов үкіметі тәуір-ақ сөз естіпті. Тоқаев сынайтындай бар. Тапқанын тамаққа жұмсайтын тұрғындардың үлесі артып келеді.



Үйдің ремонты, көлік жаңарту, киім-кешек алу, балаларды үйірмеге тасу секілді әдепкі тұрмыстық қажеттіліктен бас тартып жатқан қазақтар қаншама. Қымбатшылық қысып барады өйткені. Жарайды, жыртық нәскиді жамап киерміз, ал тамақ алмай тұра алмайсыз.



Халықта капитал жоқ. Тіпті үтік пен шәугімге дейінгі шағын дүниені де кредитке алатын болдық. Қымбат зәулім үйлер аңырап-қаңырап тұр. Оған көшіп барады-ау деген орта таптың табысы ортайып қалған.



Мынадай аумалы-төкпелі шақта ешкім артық ақшасын пәтер, көлік немесе киім-кешек алуға жұмсағысы жоқ.



Тапқан табысыңның тең жартысын тамаққа жұмсау, шыны керек трагедия!



Тоқаев та соны меңзеп отыр.



Президенттің айтуынша Үкіметтің бағаны тұрақтандыру бойынша қаракеті зая кеткен. Смайылов бастаған министрлер кабинеті бағаны ескі Қазақстанның әдіс-тәсіліне салып, тоқтатпақ болыпты.



«Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде реттеп отыр. Яғни, қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күресіп жатыр» деді президент.



Ашқұрсақ ел ашына бастаса Қаңтар оқиғасының қайталанбасына ешкім кепілдік бермейді.



Жұртта жазық жоқ. Күн-түні дамыл таппай жүр. Қарекетсіз емес, тек табысы мардымсыз, еңбегінің өтеуі жоқ.



Иә, бағаны бақылауға алу керек. Ол үшін жергілікті өнім өндірушіні жан-жақты қолдау қажет. Ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер халықты базалық азық-түлікпен қамтамасыз етуі тиіс. Тоқаев бұл туралы да талай мәрте айтты. Орындалған жоқ.



Жалпы біздің шенділердің бойында жиі кездесетін кесел – енжарлық. Ескі жүйенің жұрнағы іспетті. Бұл тұрғыда ел ішін әлі де болса ескі Қазақстанның елесі кезіп жүр.


Думан БЫҚАЙ
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар