Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Тамара Дүйсенова: Шынымен қорда ақша жоқ. Ауылдың 90 оқушысы директордың үйінде білім алып жатыр

12:21, 30 қазан 2024 519

Ұлытау облысы Жаңарқа ауданындағы мәселені Парламентте депутат Аманжол Әлтаев көтерді, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап. 

Депутаттың айтуынша, Ұлытау облысының Жаңарқа ауданында Мыңадыр деген елдімекенінде 90 оқушы бұрынғы совхоз директорының үйінде оқып жатыр. 

– Бұл мәселенің шешімін таппай келе жатқанына көп болды. Нақты статистикаға сүйенсек, ауыл балаларында жыл сайын өсім бар. Болашағы бар ауылды осылай тар жеркепеде қамап қойғанымыз әділетке қайшы деп ойлаймын. Сонымен бірге Қаражал қаласының Теміржол мөлтек ауданында 1957 жылы салынған, 30 балаға арналған, әбден ескірген мектепте 254 контингенттен тұратын оқушылар білім алуда. Оның көпішілігі қалаға тасымалданып оқиды. Былтыр осы мектептің төбесі құлап, қайта Құдай сақтап, адам шығыны болған жоқ. Ал осы мәселені Асхат Аймағамбетов екеуміз оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанмен келісіп, қор арқылы қаржыландырылатыны айтылған еді. Бірақ бүгінгі таңда алғашқы берген уәдесінен тайқып, “қорда қаржы жоқ, қаржыландыра алмаймыз” деген жауап алып отырмыз, – дейді Аманжол Әлтаев.

Оның айтуынша, жергілікті бюджеттен қаржыландыру керек деп жауап берілген. Бірақ жергілікті бюджет жуық арада “ақшамыз жоқ” деп ашық айтқан. “Тұйыққа тіреліп отырмыз” дейді депутат.

Бұл сұраққа жауап берген Тамара Дүйсенова ол мектептерді білетінін айтты.

– Иә, мен білемін. Ол мектептердің бәрі қорға келген қаражаттың есебінен қарастырылатын болған. Қазір енді шынында да, қорда қаражаттың жоқтығына байланысты біраз мектептер тоқтап қалды, – дейді ол.

Тамара Дүйсенова 2025 жылы жоспар бойынша, “егер қаражат уақтылы түссе, жалпы бұл мектептердің құрылысын, жөндеуін қарастырамыз” деп мәлімдеді.

 

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?