Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Тараз. Қаңтарда оққа ұшқандар кінәлі болды

08:10, 08 ақпан 2023 288


"АРУАҚТАРҒА" ҮКІМ


7 ақпанда Тараз қаласының №2 соты жұрт арасында "аруақтар соты" аталған процесте Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған тоғыз адамға үкім шығарды. Бесеуі – былтыр Тараздағы Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшып қаза болған. Сотталушыларға "жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты" (Қылмыстық кодекстің 272-бабының 1,2,3-бөліктері), "оқ-дәріні заңсыз иеленді, сақтады, алып жүрді" (287-бап) деген айыптар тағылған.

Былтыр 23 қарашада басталған соттың үкімін тыңдауға көп адам жиналды, арасында сотталушылардың туыстары, журналистер және басқа да адамдар болды. Сот залына сыймағандары үкім шыққан сәтті бөлек залдағы монитордан көріп, тыңдады.



"Сот залы тар" болғандықтан, үкімді тыңдауға келген жиырмадан аса адам сот процесін басқа бөлмедегі монитордан қарап отыр. Тараз қаласының №2 соты, 7 ақпан, 2023 жыл.


"Сот залы тар" болғандықтан, үкімді тыңдауға келген жиырмадан аса адам сот процесін басқа бөлмедегі монитордан қарап отыр. Тараз қаласының №2 соты, 7 ақпан, 2023 жыл.


Үкімді оқыған судья Бағлан Төребекұлы айыпталған тоғыз адамның "президент жарлығымен 3 қаңтардан бастап төтенше жағдай тәртібі енгізілгеніне қарамастан", 2022 жылғы қаңтардың 6-сына қараған түні "қоғамға қауіпті іс-əрекетін ұғына отырып, қирату, өртеу, мүлікті жою, атыс қаруын қолдану және билік өкілдеріне қарулы қарсылық көрсетуге ұласқан жаппай тəртіпсіздікке қатысып", "билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбай, жаппай тəртіпсіздік жасауға шақырып, оқ-дəрiнi заңсыз алып жүргенін" айтты.

"Сотталушылардың кінəсі оқиға куəгерлерінің айғақтарымен, бейнежазбалармен, сот сараптамаларының қорытындыларымен өзінің объектив дəлелін тапты" деді судья Төребекұлы.



Қаңтар оқиғасынан соң айып тағылған тоғыз адамның ісі бойынша сот. Үкімді тыңдауға келген жиырмадан аса адам сот процесі барысын басқа бөлмедегі монитордан қарап отыр. Тараз қаласының №2 соты, 7 ақпан, 2023 жыл.


Қаңтар оқиғасынан соң айып тағылған тоғыз адамның ісі бойынша сот. Үкімді тыңдауға келген жиырмадан аса адам сот процесі барысын басқа бөлмедегі монитордан қарап отыр. Тараз қаласының №2 соты, 7 ақпан, 2023 жыл.


Сот Марат Бекбаудың бұған дейін де істі болып, сотталғанын ескеріп, оны екі жылға бостандығынан айыруға және жазасын қауіпсіздігі жоғары түзеу мекемесінде өтеуге үкім шығарды.

Асхат Ташекеевті де екі жылға бостандығынан айырды, алайда амнистияға ілінуіне байланысты сот залынан босатты.

Ғани Керімбаевты үш жылға бостандығынан айырды. "Рақымшылық туралы" заң қолданылуына байланысты жаза мерзімі қысқарып, ол мерзім ендігі өтелгендіктен, Керімбаев сот залынан босатылды.

Нұрбол Ережеповке де үш жыл қамау жазасын кескен сот "Рақымшылық туралы" заң бойынша оның жаза мерзімін қысқартып, шартты түрде тоғыз айға бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Төртеуі де сот процесі кезінде өздеріне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеген. Үкім шыққанға дейін Бекбау, Ташекеев пен Керімбаев тергеу изоляторында, ал Ережепов ешқайда кетпейтіні жөнінде қолхат беріп, үйқамақта болған еді. Бекбаудан өзгелері сот залынан босап шықты.

Ал Қаңтарда оққа ұшқан бес адам – Исатай ДонбаевРайс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев пен Тоқтар Ошақбайды қайтыс болуына байланысты жазадан босатқанымен, сот бесеуін де кінәлі деп таныды.

Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ. Судья тараптарға 15 күн мерзімде апелляцияға шағым беруге мүмкіндігі барын хабарлады.

"ЖАЗЫҚСЫЗ АТЫП ӨЛТІРГЕНІ АЗДАЙ, КІНӘЛІ ЕТІП ШЫҒАРДЫ"


Тараз сотының "Қаңтар кезінде тәртіпсіздікке қатысқаны үшін кінәлі" деп таныған үкіміне марқұмдардың жақындары қарсылық білдірді. Бүгінгі отырысқа кейбірі үстіне туысының суреті басылып, аты-жөні жазылған жейде киіп келген еді.



Қаңтарда оққа ұшқандардың туыстары марқұмдарды кінәлі деп таныған сот үкіміне наразылығын айтып тұр. Тараз, 7 ақпан, 2023 жыл.


Қаңтарда оққа ұшқандардың туыстары марқұмдарды кінәлі деп таныған сот үкіміне наразылығын айтып тұр. Тараз, 7 ақпан, 2023 жыл.


Сот марқұмдарды ақтайтын болар деген үміті сөнгеніне қапаланған олар судьяға: "Оққа ұшқандарға тағылған айыптарға ешқандай дәлел-айғақ жоғына қарамастан, неге әділетсіз үкім шығардыңыз?!" деп сұрақ қойды.

Қаңтардағы қырғында туысынан айырылғандар осы сот процесі кезінде куәлік еткен күш құрылымдарының сарбазы былтыр 6 қаңтарда Таразда БТР-дан 91 рет оқ атқанын мойындағанын айтып, билік күштері жазықсыз жандарды себепсіз атып өлтірді деп біледі.

Сот залынан күңірене жылап-сықтап шыққан әйелдер, ашу-ызаға булыққан ер адамдар "атып өлтіргендеріңмен қоймай, кінәлі етпекшісіңдер", "баламды өлтіріп жатқанда қайда едіңдер, айуандар!" деп айқайлап, билікке наразылығын айтты.

Артында келіншегі мен кәмелетке толмаған үш баласы қалған марқұм інісі Исатай Донбаевты айыпты деп шығарған сот үкімін естіген сәттен қыстыға жылап, әлсіреп қалған Шолпан Донбаеваға дәрігерлер жәрдем берді. Туыстары Исатайды әуелі басқа жерде атып өлтіріп, алаңға сосын апарған деп күдіктенеді.

– Басынан оқ тиген бауырымды тауып алдық деген жерде қан жоқ. Бұлар оны өлтіргендерді іздемейді ғой. Үш баласына не айтам, айтыңдаршы? Құдай жазаларыңды берсін! – деді Шолпан Донбаева.

2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда қаза тапқан Исатай Донбаев. Отбасы архивіндегі фотосурет.



Үкімге наразы болған адамдар "Судья неге мұндай үкім шығарғанын түсіндірсін" деген талап айтып, бір жарым сағаттай сот ғимаратының алдында тұрды. Бірақ судья олармен кездескен жоқ. "Туыстарымызды ақтасын! Әділетке жету үшін Жоғарғы сотқа дейін барамыз" деген олар біршама уақыттан соң тарады.

Сейсенбі күні сот басталған сәттен бастап, наразы адамдар тарап кеткенше сот ғимаратындағы жағдайды ондаған полиция қызметкері бақылап тұрды.



Тараз қалалық №2 соты. 26 қаңтар, 2023 жыл.


Тараз қалалық №2 соты. 26 қаңтар, 2023 жыл.


Ресми дерек бойынша, былтыр Таразда Қаңтар оқиғасында 15 адам оқ тиіп қаза болған. Адам өлімі бойынша қозғалған істердің барлығы жабылған. Қаңтарда оққа ұшқан Тараздың тағы тоғыз тұрғынына қарсы қылмыстық іс қозғалған-қозғалмағаны белгісіз. Ол жөнінде ешқандай ресми ақпарат жоқ.

Бұған дейін Қаңтар оқиғасы кезінде Тараздағы алаңда мерт болған 17 жастағы Андрей Опушиевтің ісін кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарап, жасөспірімді кінәлі деп тапқан еді. Марқұмның анасы үкімге келіспей шағым түсірген. Апелляция соты үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы былтыр 20 желтоқсандағы мәлімдемесінде Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасын "біржақты тергеді" деп сынаған. "Қаңтар оқиғасынан кейін жылға жуық уақыт өтсе де, қаза тапқандардың отбасылары мен жараланған я азаптауға ұшыраған жүздеген адам әлі күнге дейін әділдік іздеп жүр" деді HRW ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Риттман. Бас прокуратура бұған келіспейді.


Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар