«Теңізшевройл» ЖШС қазақстандық тауар мен қызмет сатып алу көлемі бойынша мұнай-газ операторлары арасында алдыңғы қатарда. Бұл – компанияның басымдық беретін бағыттарының бірі.
Қазақстандық тауар мен қызмет сатып алуды қамтуды дамыту – басты назарда
Жобадағы жергілікті қамту жылдан жылға тұрақты түрде өсіп келеді. Мәселен, 2021 жылы оның көлемі 3,6 млрд АҚШ долларына бағаланды. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 15 пайызға көп.
Отандық жеткізушілерден сатып алуға жұмсалған соманың ауқымы түсінікті болуы үшін келесі статистикаға назар салайық. Нарықтағы ағымдағы бағам бойынша 3,6 млрд АҚШ доллары дегеніміз 1,836 триллион теңге.
Жұмыс жоспары айқын
Жергілікті қамтуды дамыту қадамдары әлі де жалғасын таппақ. Мәселен, импортты алмастыру үшін жағдай жасау мақсатында Теңізшевройл оқшаулау үшін 5 басым тауар позициясын анықтады. Олардың қатарына: ілмекті арматура, ернеу/фитингтер, қысыммен жұмыс істейтін ыдыстарды, бақылау-өлшеу құралдары мен электр жабдықтары кіреді. Сондай-ақ Қазақстанда өндіруге жоғары әлеуетке ие 50-ден астам тауар мен қызмет түрі айқындалды. 2021 жылы жоғары вольтты кабель, оптикалық-талшықты кабель, төмен вольтты қозғалтқыштарды жөндеу, газ турбиналары қызметі мен тексеруді жүзеге асыратын өндірушілерді саралау жұмыстары аяқталды. 2022 жылы кабель жаймасы, шарлы крандар, тарату қораптары, құбыр тығыздамалары, жоғары вольтты қосалқы станциялар, бұрғылау бұрғысын жөндеу/дайындау, өрт сөндіру машиналары және өрт сөндіргіштер сияқты өнімдер бойынша қазақстандық тауар өндірушілерді техникалық саралау жұмысы жүргізіліп жатыр.
ТШО – Қазақстан экономикасының қозғаушы күштерінің бірі
Теңізшевройл жергілікті қамтуды дамытуды бір реттік науқан ретінде қарастырмайды, керісінше бұл компания үшін ұзақ мерзімді басымдық болғандықтан, мекеме жергілікті қамтуды қолдаудың кешенді бағдарламасын әзірледі. Бағдарламаларды жүзеге асыру екі тарап үшін де пайдалы әрі тиімді. Отандық жеткізушілерге құйылған инвестициялар жергілікті экономиканың өсуіне ықпал етіп қана қоймай, ТШО-ға әлемдік сападағы жұмыстарды, тауарлар мен қызметтерді бәсекеге қабілетті бағамен ұсына отырып, өндіріс қажеттіліктерін қанағаттандыруға көмектеседі.
Сонымен қатар мұндай ынтымақтастықтың жергілікті экономика үшін әсері тек жергілікті жеткізушілердің пайдасына түсетін тікелей төлемдермен шектелмейді. Белгілі IHS Markit халықаралық консалтинг компаниясы жүргізген зерттеудің қорытындысына назар салсақ, Теңізшевройл компаниясындағы әрбір жұмыс орны Қазақстан бойынша сол саламен байланысты тағы қосымша 39 жұмыс орнын ашады. Жергілікті тауарлар мен қызметтерді сатып алуға жұмсалған әрбір доллар экономикалық айналымды тағы бір долларға ынталандырады. Мұндай тікелей және жанама экономикалық ықпал ТШО-ны Қазақстан экономикасының қозғаушы күштерінің біріне айналдырады.
ТШО жұмысы еліміздің батысында шоғырланғаны белгілі. Дегенмен ұйым жақсы экономикалық әсері тек Атырау облысына ғана емес, сондай-ақ республика өңірлерінің 50%-ына да ықпал етеді. Компания республикамыздың әр түрлі аймағында бірқатар саланың дамуына себепкер болып отыр.
Нақты атап айтар болсақ, Маңғыстауда мұнай кәсіпшілігі сұрыпталымының шегендеу құбырларын, Шымкентте майлау материалдарын, Солтүстік Қазақстан облысында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған жабдықтарды, Таразда жылыту, желдету және ауаны баптау бойынша көрсетілетін қызметтерді және құбыржолдарды салу бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алады.
Осы ретте «Теңізшевройл» ЖШС Қазақстандық қамтуды дамыту жөніндегі директоры Даниэль Жолдыбаев қазақстандық қамтуды дамыту мақсатында «Атамекен» ҰКП, Kazenergy қауымдастығы, ҚР машина жасаушылар одағы, Petrocouncil және KazService сынды бірқатар мекемемен бірлескен тұрақты жұмыс жүргізетінін атап өтті.
Теңізшевройлға қызмет көрсететін компаниялар қатарында Алматыда орналасқан Yars&Co, Norsec Delta Projects, ККТ компаниясы және басқалары бар. Атырауда негізі қаланған Norsec Delta Projects компаниясы ТШО-ға ақпараттық технология бойынша қызмет көрсетеді. Ал Yars&Co компаниясы кешенді жеткізуші ретінде жақсы танылған. Қазақстанда жұмыс істейтін мекемелерге әлемнің қай түкпірінен болмасын сан түрлі тауар жеткізіп, өндірістегі жетістіктерімен қатар аймақтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға атсалысады.
«ТШО біздің бизнес серіктестерімізбен үнемі бірлескен іс-шаралар өткізіп тұрады, жергілікті қамту үлесін арттыру мүмкіндіктерін ерте анықтау мақсатында білікті компанияларды анықтау бойынша министрліктермен, әкімдікпен және қауымдастықтармен ынтымақтастық орнатқан», дейді Даниэль Жолдыбаев.
Қызмет көрсетуші компаниялар да сай болуы керек
Даниэль Жолдыбаев ТШО-ға қызмет көрсеткісі келетін компанияларға пайдалы кеңес бере кетті. Компания өкілі қазақстандық компаниялар әлі де жетілдіруі тиіс критерийлерді атап өтті. Оның айтуынша, ең алдымен мерзімдерді сақтау қажеттілігіне жіті назар аударылуы керек. Яғни жеткізуші сұраныстарға уақытында жауап беруі тиіс. Одан кейін компания жұмысы стандарттарға сәйкес келуі және ISO, API, ASME және ASTM сияқты ең соңғы сертификаттарға ие болуы қажет. Үшінші кезекте техникалық және коммерциялық мәселелерге назар аудару маңызды. Отандық компанияларда көбіне сұратылған деректер болмай шығады, тапсырысқа ие болу үшін компаниялар толық ұсыныс беруі қажет. Төртіншісі – бәсекеге қабілетсіз баға саясаты. «Тендерлік ұсыныс бәсекеге қабілетті болуы үшін компанияларда нарық пен бәсекелестер туралы түсінік болуы керек, ал бесінші мәселе – сапаны басқару жүйесі. Атап айтқанда жоғары білікті және сертификатталған персоналдың болуы міндетті», дейді «Теңізшевройл» ЖШС Қазақстандық қамтуды дамыту жөніндегі директоры Даниэль Жолдыбаев.
Осы жағдай тек кеңес күйінде қалмай, саладағы олқылықтарды реттеу үшін ТШО 2021 жылы бірқатар оқыту іс-шарасын өткізді. Қатысушылар саны да аз болмады. Жеткізушілер үшін мұнай операторларының тендерлеріне дайындық курсына 300-ден астам маман қатысты. Одан бөлек «Біріктірілген менеджмент жүйелерінің ішкі аудиторы» курсы, ISO 9001:2015, 14001:2015 және 45001:2015 стандарттары, API сертификатталған тренингі, Кайдзен/Lean Sigma оқытылды. Барлық қатысушы курс аяқтағаны туралы сертификаттар алды. Сондай-ақ жоғарыда аталғандармен қатар тауарларды таңбалау талаптары бойынша бірегей курс әзірленуде, атап айтқанда алдағы уақытта ЕО (Еуропалық Одақ) және EЭО (Еуразиялық экономикалық одақ) сәйкестік сертификаттары бойынша курс дайын болмақ.
ТШО жеткізушілерінің әлеуетін дамыту үш бағдарлама арқылы жүзеге асырады: ТШО өзі басқаратын жеткізушілерді іріктеудің ішкі бағдарламасы, Еуропалық қайта құру және даму банкімен (ЕҚДБ) бірлесіп құрылған сыртқы бағдарлама, сондай-ақ жақында жарияланған мұнай-газ машиналарын жасауды дамыту халықаралық орталығының бағдарламасы.
2021 жылдың қазан айында Қазақстан Үкіметінің қолдауымен мұнай-газ машиналарын жасауды дамытудың халықаралық орталығы құрылды. Қазіргі уақытта ол өзінің жұмыс жоспары мен бюджеті бойынша жұмысты аяқтап жатыр. ТШО машина жасау өнімдерін өндіру бойынша қуаттарды дамыту үшін мүмкіндіктерді кеңейту бағдарламасы бойынша орталықпен ынтымақтасатын болады.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Теңізшевройл компаниясы үшін жергілікті қамтуды дамыту бір реттік науқан емес, ұзақ мерізімді стратегиялық жоспар. Қазақстандық компанияларға тауар жеткізуге, қызмет көрсетуге мүмкіндік беру ел экономикасының өсуіне оң ықпал етері анық. Сондықтан да компания басшылығы бұл саладағы қадамдарды одан әрі арттырып, Қазақстан экономикасының драйвері ретіндегі жұмысын жалғастыратынын алға тартады.
Коммерциялық материал
Дереккөз