Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Туыстарын алдап, марқұм сұлқ түсіп жатқанда да кекіреңдеген". Атыраудағы төбелеске қатысты тың дерек шықты

19:45, 13 маусым 2024 474

Атырау қаласындағы базарлардың біріндегі адамды ажал құштарған төбелеске қатысты жаңа деректер хабарланды. Марқұмның қызы айыпталушының әкесіне қысым көрсетіп, балағат сөз айтуын жедел-жәрдем көлігі келген кезде де тоқтатпағанын хабарлады. Сонымен қатар, туыстарына күдікті "марқұмның өзі құлап, басын соғып алды» деп ақталған. Бұл жайлы Alash.KZ ұлттық порталы Almaty.tv арнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды. 

Бейнебақылау камерасына түсіп қалған жанжалда ашулы азамат екінші ер адамды тоғыз рет ұрған. 56 жастағы Амандық Сағынғалиев ауруханаға жеткізілгенімен, алған соққының әсерінен қайтыс болды. Ал күдікті оқиға орнынан дереу із суытқан.

Алғашқылардың бірі болып оқиға орнына марқұмның қызы жеткен. Ол «әкемді жедел жәрдем көлігіне отырғызып жатқанда да, жұдырығы жуан азамат балағат сөз айтуын тоқтатқан жоқ» дейді. Ал кейін келген туыстарына күдікті төбелестің мүлдем басқаша өрбігенін айтыпты. «Сөзге келіп қалып, бір-ақ рет ұрдым. Марқұм өзі құлап, басын соғып алды» деген нұсқаға қайтыс болған азаматтың туыстары сеніп қалған.

Қазір аталған іске қатысты тергеу басталды. Атырау облыстық Полиция департаментінің бастығы істі тікелей жеке бақылауға алғанын хабарлады.

Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, адам өліміне алып келу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті дереу ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды,  – деді Атырау облыстық Полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев.

Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар