Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Тираж аз, қағаз қымбат. Астанада халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі қалай өтті?

09:21, 22 сәуір 2024 561

Кеше Астанада халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтті. 17-21 сәуір аралығында «Astana Eurasian Book Fair – 2024» VII халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтті. Көрмеге Қазақстан, Түркия, Иран, Өзбекстан, Испания, Қытай және Ресей мемлекеттерінен баспа, кітап сату, танымдық-ғылыми білім беру және полиграфиялық компанияларын ұсынатын 70-ке жуық компания қатысты, деп хабарлайды alash.kz сайты Halyq Uni не сілтеп.

«Astana Eurasian Book Fair – 2024» кітап көрме-жәрмеңкесін ұйымдастырушы – «Фолиант» баспасы. «Фолиант» – баспа индустриясында 1996 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан көпсалалы қазақстандық баспа. Баспа жыл сайын жүздеген әлемдік үздік туындыларды қазақ тіліне аударып және басып шығарады. Фолианттың ассортиментінде қазақ әдебиетінің жауһарлары, әлемдік классика, ғылыми-танымдық еңбек түрлері бар.

Біз барлық жанрды және барлық жас ерекшелікті бірдей алып жүреміз. Балаларға немесе тек ересектерге деп бөлмейміз. Сонда да соңғы екі жылда 500 жаңа шығарма жарық көрді. Соның ішінде 300-і – балалар әдебиеті. Танымдық, энциклопедия, ертегілер де бар. Қазір балалар әдебиетіне көп басымдық береміз, себебі баланы кітап оқуға машықтандыру – баспаның бірден-бір ұстанымы. Сонымен қатар көрме аясында 9 кітаптың тұсаукесері өтіп жатыр. «Бүгінгі проза» сериясымен жарық көрген авторлардың жинағы да бар, - деді «Фолиант» баспасы маркетинг бөлімінің басшысы Айнұр Көпбаева.

Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің басты жаңалығы – биыл Professional Meetings of Publishers деген атпен танымал Astana Publishing Fellowship стипендиялық бағдарламасы өтті. Бағдарламаның мақсаты – Қазақстандағы баспа саласын жергілікті деңгейден әлемдік деңгейге дейін кеңейту, әлемдік баспа тәжірибесінен үлгі алу, сондай-ақ баспа қызметінің сапасын арттыру. Биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырған бағдарламаға қазақстандық баспагерлерден басқа, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Ресей және ТМД-ның басқа елдері мен таяу шетелдердің баспагерлері қатысып жатыр. Екі күн ішінде баспа өкілдері, редакторлар және авторлық құқық қызметкерлерінің әрқайсысы жарты сағаттан тұратын B2B іскерлік кездесулеріне қатысады.

Баспаларға әлем әдебиетін қазақ тіліне аудару үшін әдеби агенттіктермен тікелей байланыс орнату қиындық тудырады. Өйткені халықаралық көрмелерге барып, бетпе-бет жолығу қажет. Соның өзінде де бірқатар әлем әдебиетінің үздік серияларын қазақстандық оқырмандарға ұсындық. 2015 жылдан бері Орхан Памук, Стивен Кинг, Агата Кристи шығармаларын қазақ тілінде шығарып келеміз. Осы мәселені шешу мақсатында Astana Publishing Fellowship бағдарламасы алғаш рет ұйымдастырылып отыр. АҚШ, Ұлыбритания, Индонезия, Малайзия, Түркия сынды 20-дан астам елдің әдеби агенттіктерін Қазақстанға шақыра отырып, отандық баспагерлермен кездесу өтіп жатыр, - деп түсіндірді «Фолиант» баспасының өкілі.

«САЛЫҚ ЖЕҢІЛДІГІ ҚАРАСТЫРЫЛСА»

Ал қазақстандық «Marfu Press» баспасының бас редакторы Марфуға Шапиян Қазақстандағы кітап нарығы, кітап шығару ісі соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқанын айтады. Ол кітап нарығын реттеу, отандық баспа индустриясын дамытуға белгілі бір жеңілдіктер қажет деген пікірде.

Қандай да бір мемлекеттік сатып алуларға қатыспаған соң, өзге де мемлекеттік қолдаулар алмаған соң өз күшімізбен баспаны аяққа тұрғызу оңайға түспеді. Кең танымалдыққа ие болдық деп айта алмаймын, дегенмен 3 жыл ішінде қолымызда бар ресурсымызды баспа жұмысын ілгерілетуге жұмсап жатырмыз. Ең бастысы, баспаның шығындарын ақтауға жақсы маркетингтің болуы көп ықпал етеді. Менің ойымша, кітап ісі, ағартушылық саласы мен кәсіпкерліктің арасында айырмашылық бар. Сондықтан мемлекеттің салық мәселесінде белгілі бір жеңілдіктер қарастырғаны жөн. Өйткені кітап сатудың жеке қиындықтары, ерекшелігі бар, - деп түсіндірді ол Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.

Көрмеге қатысып жатқан баспа өкілдерінің айтуынша, қазір басты мәселе – полиграфиялық қызмет бағасының күрт өсуі. Түрлі-түсті басып шығару құны барынша өскендіктен, соның салдарынан балалар кітаптарының бағасы да айтарлықтай қымбаттаған. Басты қиындық Еуропадан Ресейге қағаз импорттың тоқтауы болып отыр. Бұл қиындық та қазақстандық баспаларды да айналып өтпеген. Баспагердің айтуынша, қоғамдық-саяси жүйедегі соңғы өзгерістер басып шығаруға даярлық үшін керекті құрылғылар қымбаттап кеткен.

Баспа саласындағы негізгі қиындықтар ретінде баспа қағаздарының қымбаттауын айтар едім. Ресейдегі жағдайға байланысты, баспа қағаздары күрт қымбаттап кетті. Қазір бізге қағаздар Қытайдан келеді. Соған сәйкес баспахана өнімдері де қымбаттады. Одан бөлек, дәл осындай халықаралық көрмелер мемлекет тарапынан жиі ұйымдастырылса, баспа нарығының дамуына жақсы мүмкіндік болар еді, - дейді Марфуға Шапиян.

«ТИРАЖ АЗАЙЫП КЕТТІ»

Ал Ресейдегі кітап индустриясы бизнестің басқа салаларындай жеткізу қызметінің кешеуілдеуі, полиграфиялық қызметтердің қымбаттауы, қағаз тапшылығы сынды мәселелермен бетпе-бет келген. Мәскеулік «Этерна» баспасы бас редактордың орынбасары Ирина Кулюкина соңғы жылдары кітап құны айтарлықтай қымбаттап кеткенін айтады. Мәскеулік «Этерна» баспасы нарықта 20 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

 

Біз Мәскеуден келдік, мәскеулік баспахана. Еуразия кітап жәрмеңкесіне бірнеше жылдан бері қатысып келеміз. Баспамыздан көбіне көркем әдебиет, сән, тарих саласы бойынша кітаптарды басып шығарамыз. Көрмеге келетін жастардың қатары көп екен, мені осы нәрсе қуантты. Әрине, соңғы оқиғалар баспа нарығына әсер етпей қоймайды. Әсер етпеуі мүмкін де емес. Полиграфия қымбаттап, тираж саны азайып кетті. Өйткені кітап басып шығару өте қымбатқа шығып кетті, - деді Ирина Кулюкина Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.

Заманауи әдебиеттер нарығындағы негізгі тенденциялар туралы сөз қозғаған ол бұрыннан келе жатқан классикалық тақырыптардың ескірмейтіндігін атады.

Заманауи авторлар әркездегідей адам және оның жан-дүниесі, немен, қалай өмір сүреді, қоғамға қатынасы дегендей дәл бұрыннан келе жатқан тақырыптарды қозғайды. Жастар, әрине, комикс саласына ден қойған. Ең бастысы, балалар оқудан қол үзбесе дейміз, - дейді Ирина Кулюкина.

«ОРТАЛЫҚ АЗИЯ – БАСТЫ НАЗАРДА»

Нарыққа қолайлы мүмкіндік ұсынуымен қарқынды дамып келе жатқан Түркия баспалары мен авторлары белгілі бір прогреске қол жеткізіп те үлгерді. Түркияның ең беделді баспаларының мәліметтері бойынша, түрік баспалары жаңа кітаптарды шығару үшін барған сайын күресіп келеді және елдің экономикалық дағдарысы жағдайында өз бетінше амал тапқан. Мәселен, «Mediterranean Agency» агенттігінің басшысы Баһадыр Дорудың айтуынша, қазіргі баспалар үшін қағаз қымбатшылығы ең жиі кездесетін мәселеге айналып отыр.

Мен – баспа үйінің үшінші буынымын. Біз – Түркиядағы балаларға арналған баспа үйіміз. Менің аталарым осы компанияның негізін қалаған. Пандемия кезінде жаңа агенттіктің негізін қаладым. Баспа үйі мен агенттік атынан Қазақстанға алғашқы кітаптың авторлық құқығын бердім. Қазақстанмен серіктестігім 7-9 жылдан бері жалғасып келеді. Түркиядағы баспа нарығы – өте үлкен. Жылына 65 мың кітап шығарамыз. Сонымен қатар әлемде қағаз бағасының қымбатшылығына байланысты мәселе бар. Бұл кітаптардың құны мен бағасына әсер етеді. Бірақ біз мұның амалын таптық. Яғни, кейде сапасынан, кейде мұқабасынан үнемдей отырып, нарықтағы, өндірістегі жалпы бағасын арзандаттық, - дейді ол.

Түркия статистика институтының 2022 жылдың ақпан айындағы мәліметтеріне сүйенсек, қағаз бағасының жылдық өсуі рекордтық 168 пайызға жеткен. Осы кезеңде көптеген кішігірім баспалардың процесі құлдырап, жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. «Mediterranean Agency» агенттігінің басшысы алдағы келешекте Орталық Азия елдері мен мұсылман мемлекеттерінің кітап нарығына назар аударып отырғанын жеткізді.

Баспа үйі ретінде Орталық Азияға баса мән береміз. Оның ішінде түркі елдеріне, мұсылман, Малайзия елдеріне басымдық береміз. Өйткені біздің шығу тегіміз бір, әрі түрік, әрі мұсылманбыз. Бұл – діннен гөрі, мәдениет төңірегінде. Яғни өркениеттік сипатымызға қатысты. Бір-бірімізді басқа халықтарға қарағанда жақсы түсінеміз. Сол үшін де біз осындамыз, үшінші рет келіп отырмын. Қазақстандық баспалармен жиі кезедесетін бірден-бір мәселе – тілдік кедергі. Өзара ағылшын тілінде сөйлесуге мәжбүрміз. Әрине, үш жыл бұрынғыға қарағанда қазақша жақсы түсінемін, ал қазақтар сериалдардың арқасында түрікше жақсырақ білетін сияқты. Барлық түркі республикаларында өз елімде жүргендей сезімде боламын. Бұл жерді біз «аталар топырағы» деп атаймыз. Қазақстанға келу – биік мәртебе, мұндағы мейірім мен достық маған ұнайды, - деп атап өтті Баһадыр Дору.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар