Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Украинада кем дегенде 288 бала оққа ұшыпты

09:13, 13 маусым 2022 164
Украина бас прокуратурасы 13 маусымда таратқан мәліметке қарағанда, биыл 24 ақпанда Ресей әскері Украинаға басып кіргелі бері кем дегенде 288 бала оққа ұшып, 527 бала жараланған.


Бас прокуратура мұны әзірге қолда бар ақпарат деп санайды, соғыс қимылдары жүріп жатқан аймақтардан толымды ақпарат жинау мүмкін болмаған.


Кейінгі күндері оққа ұшқан балалар арасында Луганск облысына қарасты Лисичанск елдімекенінің 6 жасар сәбиі бар. Ол 12 маусымда Ресей әскері артиллериямен атқылаған кезде өлген. 11 маусымда Ресей әскері Тернополь облысындағы Чертков қаласын атқылағанда 12 жасар қыз зардап шеккен.


Біріккен ұлттар ұйымының адам құқығы жөнгіндегі жоғарғы комиссары басқармасының өткен аптадағы есебіне қарағанда, Ресей әскері басып кіргелі 272 бала, 4 мың 302 бейбіт адам қаза болып, 5217 адам жараланған. Ол кезде Донецк және Луганск облыстарында 2493 адам өліп, 2979 адам жараланғаны хабарланған. Бұл облыстардың Киев бақылап отырған аймақтарында 2339 адам өліп, 2326 адам жараланған.



Өлім-жітімнің көбі артиллерия және дүркіндетіп ататын зымыран жүйесінің шабуылынан кейін болған.

БҰҰ басқармасы өлгендер мұнан әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін, соғыс аймақтарынан ақпарат кеш жетіп жатқанын ескерткен. Әсіресе Мариуполь, Изюм және Попасная қалаларында бейбіт адамдардың қырылып жатқаны жайлы хабар жиілеген.





Бұл мақала туралы не ойлайсыз?