Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ұлттық элитаны қалай жойды?

06:51, 01 маусым 2022 269
[ad_1]

Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні, 31 мамырда қамаудағы саясаткер Жанболат Мамайдың "Сталин қылмыстары: Ұлттық элитаны қалай жойды" деп аталатын деректі фильмі көпшілікке көрсетілді. Алматы қаласындағы шағын барда өткен таныстырылымға 50-ге жуық адам келді, арасында БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділері мен саясаткерлер бар.


Фильм авторы, тіркелмеген Демократиялық партия жетекшісі Жанболат Мамай биыл ақпан айынан бері қамауда отыр.


Қоғам белсендісі Инга Иманбайдың сөзінше, Жанболат Мамай деректі фильмді 2020 жылы түсірген, алайда бұған дейін көпшілікке ресми таныстыруға билік тосқауыл қойып келген.


- Жанболат саяси қуғын-сүргін және ашаршылық туралы 2018 жылы "Алаш республикасы жеңгенде", 2019 жылы "Зұлмат" деп аталатын деректі фильм түсірді, "Сталин қылмыстары: Ұлттық элитаны қалай жойды" деген фильм соның жалғасы болатын. Алайда "Зұлмат" фильмінің кинотеатрдағы таныстырылымына өте көп адам келіп, қоғамда резонанс тудырды. Осыдан кейін биліктің қысымына байланысты үшінші фильмді көпшілікке көрсететін орын болмады, кинотеатрлар мен қонақүйлер бас тартты. Сондықтан Демократиялық партияның Ютубтағы арнасына ғана салғанбыз,- дейді Инга Иманбай.


2019 жылы қыркүйекте Жанболат Мамай "Сталин қылмысы: Ұлт зиялыларын қалай қуғындап, түбіне жетті" атты деректі фильмнің көрсетілімі болмайтынын, "Цезарь" кинотеатры бас тартқанын хабарлаған еді.

Инга Иманбайдың сөзіне қарағанда "Зұлмат" фильмінен кейін Жанболат Мамайдың құжатпен жұмыс істеуіне мемлекеттік архивтер рұқсат етпеген.

- Бірақ ол фильмді ғылыми зерттеулер негізінде жасап шықты. Тарихи даталарды жай ғана тізбектемей, қазіргі Қазақстанның советтік саяси қуғын-сүргін жайлы ұстанымы мен әрекетін де айтты,- дейді ол.


Фильмде советтік "Үлкен террор" кезінде Алаш қайраткерлерінің қалай қуғындалғаны, партия жетекшілерінің "халық жауларын" атуға Сталиннен лимит сұрағаны, Сталин мен оның айналасындағылардың қылмысы және Қазақстанның советтік саяси қуғын-сүргінге байланысты көзқарастары сөз болған.


Фильм аяқталған соң көрермендер пікір айтып, Қазақстан билігін саяси қуғын-сүргіннен бас тартуға шақырды. Советтік НКВД қызметкерлерінің қамаудағыларды азаптау, жасамаған қылмысын күштеп мойындату, біреудің үстінен біреуге жала жапқызу тәсілдері биылғы Қаңтар оқиғасынан кейін тағы да көрінгенін айтты.


Бес бөлімнен тұратын фильмде советтік НКВД қызметкерлерінің азаптау, қинау тәсілдері кәсіби актерлердің орындауында көрсетілген.


Қаңтар оқиғасы кезінде қамауға алынып, түрмеде азап шеккен, тіркелмеген Демократиялық партия белсендісі Дәурен Достияров фильмдегі көріністерді өзі де бастан кешкенін баяндады.


- Мені де дәл осылай азаптап, қинады. Аяусыз ұрып-соғып, тепкіледі. Қаңтардан бері бес ай өтсе де қолым енді ғана қалпына келе бастады. Тіпті, көрші камерадағы адамдарды ұрып-соққаны, олардың шыңғырғаны, ыңырсығаны күні-түні естіліп жататын,- дейді ол.


Қаңтардың 4-іне қамауға алынып, тоғыз күн абақтыда отырған Дәурен Достияров өзін қалай азаптағаны жайлы Азаттыққа бұған дейін айтқан болатын.


Фильм авторы, 33 жастағы Жанболат Мамайды ақпан айында Алматы полициясы екі қылмыстық іс бойынша қамауға алған. Оны бастапқыда Қаңтар құрбандарын еске алу жиынына қатысып, “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деген айыппен 15 күнге қамады, кейін “билік өкілін қорлау” және “жалған ақпарат тарату” баптары бойынша күдікті ретінде тергеу изоляторына қамап, мерзімін бірнеше рет созған. Жанболат Мамай жақтастары бұл істің саяси астары бар деп санайды.

Бұған дейін Human Rights Watch, Amnesty International халықаралық ұйымдары Қазақстан билігін Жанболат Мамайды босатып, тағылған айыптарды алып тастауға шақырған.


[ad_2]

Дереккөз
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар