Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ұлттық идеологияға оралу қажет»

09:36, 03 ақпан 2024 323
Сауалнаманың нәтижесі неге олай болды десек, оның бір себебі – идеологияны жоғалтып алуымызда. Отыз жыл бойы бір адамды мадақтап, бір тұлғаға табынып келдік. Мемлекеттік Рәміздерге өз деңгейінде құрмет көрсетілмеді және оның бәрін бір адам ғана жасағандай қылып көрсеттік. Содан барып халықта немқұрайлылық қалыптасты, ештеңеге мән бермейтін бойкүйездік пайда болды.

Әлі де кеш емес. Рәміздер күніне айрықша мән беруіміз қажет. Жоғалтып алған Республика күнін оралттық қой. Егемендік Декларациясы қабылданған күннің маңызын қайта бағамдай бастадық. Елтаңбаны дәріптеуге де солай көңіл бөлген дұрыс.

Қазір қазақстандықтар шетелге көп шығады. Мүмкіндік мол. Сол шетелге шыққан азамат Қазақстанның рәміздерін, Елтаңбасын көрсетіп, мақтанатындай болуы керек. Оның жолдары көп. Мемлекет басшысы жастарға үнемі үміт артатынын айтып, біздің ұл-қыздарымызға жігер беріп жүр. Қазақтың жастары өте талантты, олар Елтаңбаны қалай насихаттаудың үлгісін ойлап табады деп ойлаймын. Креативті экономикамен айналысып жүрген жастарымыз да көп, олар да осы іске жұмылады деп сенемін.

Мемлекеттік Елтаңба – халқымыздың тарихы мен мәдениетінің белгісі. Жаңашыл еліміздің темірқазықтай берік негізі, асыл мұраты. Сондықтан оған қалай болса солай қарамауымыз керек. Әлемде патриотизмнің қаншама үлгісі бар. Неге үлгі алмасқа? Біздің халқымыздың да өзіндік дүниетанымы қалыптасқан. Ол – далалық өркениет. Бәлкім, осыны негізге ала отырып, заманауи ұлттық идеологияны қалыптастыруымыз керек шығар?! Меніңше, біз бұл мәселені қоғам болып көтергеніміз жөн. Тіпті, Ұлттық құрылтайда да осы жағдай талқылануы тиіс.

Біз өткен отыз жыл ішінде «алдымен экономика, өзгесі кейін» деген ұстанымды алға қойып, біраз дүниемізді жоғалттық. Ең алдымен сенімнен айырылдық. Мемлекеттік Рәміздерге құрметтің төмендеуінің бір себебі де осында ма деймін. Президентіміз жаңа жылдың басында баспасөзге берген сұхбатында «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» дегенді айтты. Зиялы қауым, жаңашыл жастар осы ұғым аясында ой біріктірсе, ұсыныс-пікірлерін ортаға салса жаңа идеологияның негізі қаланар еді.

Ханбибі Есенқарақызы,

ақын, ҚР еңбек сіңірген қызметкері

 

 

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар